АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ҮЗДІК МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 24.05.2022
Оқылды: 1696
Бөлім: РУХАНИЯТ

Елден елді даралап тұратын оның салт-дәстүрі, ұстанымы мен мәдениеті, әдебиеті һәм руханияты десек қателеспейміз. Қасиетті қара домбыраның қос ішегіндей қатар тартылған дәстүрін дәріптеп, мәдениетін мәуелі етіп жүрген Алаш айдарлы халқымыздың мыңжылдықтардан тарамдала тамыр тартқан әрі уызы тұнған ұстанымдарына тиек болып төселген оның руханияты мен мәдениетіндегі төл өнері екені анық. Бұл сүрдекте әнші, биші, күйші, әртістер мен мұрағат, мұражай, көркемсурет һәм кітапхана қызметкерлерінің еңбегі ерен деп айшықтауға да толыққанды негіз бар. Өнерді асқақтатып жүрген аталмыш сала қызметкерлері 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай салтанатты түрде марапатталды.

Жетісу руханиятының қара шаңырағы саналған Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрында өткен салтанатты жиынның шымылдығы бимен түрілді. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев мәдениет майталмандарының қуанышымен бөлісіп, сала мамандарына ақжарма тілегін арнады.

– Қадірменді мәдениет және өнер саласының қызметкерлері! Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Бекзат өнердің уығын шаншып, керегесін кеңейтіп жүрген әрбіріңізге шалқар шығармашылық табыс тілеймін. Халқымыз ғасырлар бойы мәдениеті мен өнерін, дәстүрі мен асыл мұрасын алтын бесігінде тербетіп келеді. Қай заманда да біздің еліміз ертеңгі күнге зор сеніммен қараған, рухын жоғары ұстаған. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Рухы биік халықтың іргесі – берік, қуатты, ынтымағы – жарасты болмақ», – дегеніндей өнерді құрметтеп, салт-дәстүрімізді дәріптеп, мәдениетті өркендету – баршамыздың ортақ мақсатымыз, – деген Арслан Момышұлы өңір жетістігі мен мәдениет саласында атқарылып жатқан игі істерге тоқталды.

– Бүгінгі күні 2 млн.тұрғыны бар облысымызда 585 мәдениет мекемесі және онда 3515 мәдениет қызметкері жұмыс жасайды.  Биыл облыста 6 мәдениет нысанына: Қарқара, Бөлексаз, Сүмбе, Жамбыл, Бахар ауылдық Мәдениет үйлеріне, Нарынқол архив филиалына және Бахар ауылдық мәдениет үйлеріне құрылыс жұмыстарына 2 млрд. 529 млн. теңге, ал 15 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жасау үшін 1 млрд. 807 млн. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 5 Мәдениет үйі мен 1 архив филиалы жаңадан ашылады. Биылғы шаралардың ішінде ұлт ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, әнші, КСРО халық әртісі Роза Бағланованың 100 жылдығы, композитор КСРО халық әртісі Еркеғали Рахмадиевтің 90 жылдығы кеңінен аталып өтеді. Жыл басынан бері 14 469 шара ұйымдастырылып, 2 081 840 адам қамтылды, – деді ол.

Өз кезегінде аймақ басшысының орынбасары мерекеге орай мәдениет қызметкерлерін марапаттауды ұмыт қалдырмады. Алдымен, республика бойынша үздік деп танылған мәдениет мекемелерін мерейлендірді. Атап айтсақ, «Ең үздік облыстық музей» номинациясын облыстық Мұхамеджан Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану музейі, «Ең үздік ауылдық маңызы бар музей» номинациясын Талғар ауданы Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі, «Балаларға арналған үздік кітапханалық жоба» аталымын Сәкен Сейфуллин атындағы әмбебап кітапханасы, «Аудандық кітапхананың үздік қызметкері» номинациясын Іле аудандық кітапханасының қызметкері Эльмира Санкеш, «Ең үздік аудандық Мәдениет үйі» номинациясын Кербұлақ аудандық Мәдениет үйі жеңіп алғанын атап, аталған ұжымдар мен азаматтарға марапатын салтанатты түрде табыс етті.

Өз кезегінде Ұйғыр аудандық кітапханасының директоры Аида Тұрсынова, «Алатау әуендері» концерттік бірлестігінің балет әртісі Жанна Мәкішева, Жамбыл ауданы «Сембаевтар» халықтық отбасылық ансамблінің жетекшісі Талғат Сембаев, Қарасай ауданы, Шамалған ауылдық Мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі Жадыра Есжанова, Текелі қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Елена Бершадская, Ескелді ауданы, Жетісу ауылдық Мәдениет үйінің директоры Қайрат Әбілқасымов, Сүйінбай атындағы облыстық филармония директорының орынбасары Қанат Түндебаев, Талдықорған қаласы «Қазақ соқырлар қоғамы» клубының меңгерушісі Жанна Байноғаева, Сарқан аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Марат Алтынбеков, Алакөл аудандық кітапханасының директоры Гүлнар Сүйеубаева, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев,  Панфилов ауданы, Қоңырөлең ауылдық мәдениет үйінің директоры Гүлнар Стамбекова,  Кеген аудандық Мәдениет үйінің директоры Нұрмаман Оқас Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, мәдениет саласында жемісті еңбек етіп жүрген біршама жандар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен мерейленді.

Қазақ мәдениетінің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген  бірқатар азамат арнайы аталымдар бойынша марапатталып, ақшалай сыйлықты иеленді. Ал, «Еңбек даңқы» төсбелгісімен Молықбай Байсақұлы атындағы Ақсу аудандық Мәдениет үйінің директоры Асхат Досмұхамбетов, Кеген ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Айбол Нүсіпқожаев, Кеген аудандық мәдениет үйінің «Ереуіл» ансамблінің көркемдік жетекшісі Омар Ботеев, Б.Римова атындағы театрының драматургі Лидия Егембердиева марапатталады.

Өз кезегінде «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» номинациясының жеңімпазы Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасына «Шевроле кобальт» автокөлігінің кілті табысталды. Сондай-ақ, «Үздік Мәдениет үйі» номинациясымен Райымбек аудандық Мәдениет үйі марапатталса, «Үздік кітапхана» Жамбыл аудандық кітапханасына, «Үздік музей» Нұрмолда Алдабергеновтың мемориалды музейге, «Үздік халықтық, үлгілі атағы бар ұжымы» Талғар аудандық мәдениет үйінің «Қуыршақ халық театрына», «Үздік кітапхана қызметкері» Кербұлақ аудандық кітапханасының кітапханашысы Тұрсын Нұрмановаға, «Үздік музей қызметкері» Ілияс Жансүгіров әдеби музейінің меңгерушісі Нұргүл Жауынбаеваға, «Үздік театр артисі» Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының артисі Ақерке Мұстафаеваға,  «Үздік биші» «Алатау әуендері» концерттік ұйымынының балет әртісі Ақбота Наржановаға, «Үздік әнші» Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының жеке дауыстағы әншісі Ерулан Жебегеновке, «Үздік дәстүрлі әнші» Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының жеке дауыстағы әншісі Эльмира Дәуренбекова берілді. Сонымен қатар, «Үздік аспапшы» аталымын М.Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің аспапшы әртісі Самат Жексембаев, «Үздік қолөнер шеберін» ағаш өңдеу шебері, қолөнер шебері, ұстаз Бердібек Шоқпаров, «Үздік техникалық-жабдықтау қызметкерін» номинациясымен Сүйінбай атындағы облыстық филармониясың дыбыс режиссері Ердос Омарғажанов, жеңіп алды.

Салтанатты жиында Ұйғыр аудандық кітапханасының директоры Аида Тұрсынова және Талдықорған қаласындағы «Туган-тел» халықтық ән-би ансамбілінің көркемдік жетекшісі Татьяна Куречова сөз алып, өнер иелеріне, мәдениет саласындағы жомарт жанды майталмандарға, өңір руханиятына ерекше қолдау көрсетіп келе жатқан облыс әкіміне деген алғысын жеткізіп, әріптестерін мерекесімен құттықтады.

Ақжарма тілек төгіліп, мәдениет қызметкерлері мерейленген кештің соңы жетісулық өнерпаздардың концертіне ұласты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы