АТАЖҰРТТАН, АНА ТІЛДЕН АЙЫРЫЛМА, ТӨБЕҢДЕ КҮН, ТӨМЕНДЕ ЖЕР ТҰРҒАНДА!

Уақыты: 01.06.2022
Оқылды: 1138
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мен үшін биылғы оқу жылы жемісті болды. Тәуелсіздік мерекесіне орай Алматы қаласында өткен «Тайжарыс талант» «ART TlME» IV Халықаралық байқауына қатысып, II орынға қол жеткіздім.

Байқауда өз мемлекетімізбен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейден келген 100-ден аса өнерпаз жеткіншек түрлі жанрда өнер көрсетті. Мен Оқушылар сарайы «Жас қаламгер» үйірмесі атынан «Көркемсөз» номинациясы бойынша қатыстым. Жетекшім Алмагүл Бақытжанқызы үлкен сенім артты. Ата-анам да қолдау көрсетіп, ақ тілеумен шығарып салды.

Апайым маған байқауға үлкен дайындықпен барып, сахнаға шығар алдындағы қорқынышты жеңе білу керектігін айтты. Бірақ мен қатты қобалжыдым. Сахнаға шығып, Күләш Ахметованың «Сен қазақсың» өлеңін оқығанда бойымда бір керемет күш пайда болды. Өлеңді жігермен, мәнерлеп оқып шықтым. Өйткені, қазақ болып туып, осы жерде өскенім үшін өзімді бақытты сезіндім. Бір сәтке өлең сөздерін де ұмытып, бірақ қайтадан бар күш-жігерімді жинап: «Атажұрттан, Ана тілден айырылма, Төбеңде күн, төменде жер тұрғанда!» – деп аяқтағанда залда отырған көрермендер ду қол шапалақ ұрғанын естідім. Тәуелсіздік сыйлаған батырларымыздың ерлігі есіме түсті. Біз осы егемен елде өмір сүріп жатқан бақытты балдырғандармыз. Ата-баба арманын орындау – басты мақсатымыз. Ол үшін өткен тарихымызды біліп, болашаққа биік мақсатпен қадам басуға тиіспіз.

Әлихан МҰҚАН,

Оқушылар сарайы «Жас қаламгер» үйірмесінің шәкірті

Алматы облысы