АНА ТІЛІН БІЛМЕЙТІН АДАМНАН ПАТРИОТТЫҚ РУХ ТУРАЛЫ СҰРАУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ

Уақыты: 02.06.2022
Оқылды: 1839
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тіл – халықтың жаны. Тіл арқылы біз елдің өткені мен бүгінін, салт-дәстүрі мен ұлттық болмысын жете танимыз. Тіл мемлекеттің ең биік сатысы, рухани байлығы. Тілі мәңгі жасаған халықтың өзі де өлмейді. Қанша жерден полиглот болсақ та, әр адамды арман-мақсатына жеткізетін әрі бақытты ететін өзінің ана тілі деп ойлаймын.

Біздің ана тіліміз – қазақ тілі.  Қазақ тілі әлем елдерінің ішінде ең бай әрі ең таза тіл. Елімізде 130-ға жуық этнос өкілдері тұрады. Өз тілімен қатар қазақ тілін де меңгеріп жүрген басқа ұлт өкілдері жетерлік. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі болған соң, елімізде тұратын әрбір адам оны білуге міндетті. Тәуелсіздігімізді алғалы бері қазақ тілін дамыту жолында көптеген іс-шара атқарылып келеді. Бүгінде мемлекеттік жиындар, мекемелердегі құжаттар, өткізілетін шаралар негізінен қазақ тіліне ауысқан.

Бұл – тілге деген құрметтің белгісі. Өз тілін жетік білмейтін адамнан елінің тарихы мен болашағын, салт-дәстүрін сұраудың қажеті жоқ. Себебі, ана тілін білмейтін адамның жүрегінде Отанға, туған жерге деген махаббат, патриоттық сезім бар дегенге сенбеймін. Тіл арқылы біз өсеміз, өнеміз, болашағымызды қалыптастырамыз. Ана тілінде сөйлеуге ұялатын адамдар да бар.

Бүгінде шүлдірлеп тұрған қазақ баласын көрсең қарның ашады. Тіпті, қазақ тілінде ән тыңдап, фильмдер көруді қор көретіндер кездеседі. Бұл адам ойының таяздығы деп ойлаймын. Себебі, ана тілінен асқан құдірет жоқ. Ана тілі анамыздың ақ сүтімен келген қасиетті тіл. «Барында бағала» демекші, қазір өз тілі, Отаны жоқ қаншама ұлт өкілдері бар?! Олардың жалғыз арманы – өз тілдерінде сөйлеу. Сол себепті елдігіміз барда тұғыры биік Қазақстанда ана тілімізбен мақтануымыз керек.

Жалпы, тіл туралы айтқанда мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіріп, қолданыс аясын кеңейту әр қазақ баласының міндеті екенін естен шығармайық. Ертеңіміз болашақ жас ұрпақтың қолында. Ел келешегін тапсыратын жастардың қазақ тілін сүйіп, мүдірмей сөйлеуіне мән беру керек. Барлық қазақстандық тіл тұғыры – ұлт тұғыры екенін ұмытпаса деймін.

Мадияр БОЛЫСБЕК,

М.Ломоносов атындағы №5 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы

Талдықорған қаласы

Алматы облысы