Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ЖЕТІСУ ЖҰЛДЫЗДАРЫ": ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУҒА ЖОЛДАМА АЛДЫ

Уақыты: 08.06.2022
Оқылды: 734
Бөлім: РУХАНИЯТ

Облыс әкімінің жүлдесі үшін дәстүрлі ХХ «Жетісу жұлдыздары – 2022» облыстық балалар шығармашылығы байқауы мәресіне жетті. Осыған орай І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында балалар жылына орай өткен өнер додасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Шара барысында сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев жарыс жеңімпаздарын құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Айта кетейік, облыстық байқауға аудан және қалалардан іріктеліп келген 800-ге жуық үміткер қатысты. Сайыстың мақсаты – балалар шығармашылығын дамытып, жас таланттарға қолдау көрсету. 
Жарысқа қатысушылар үш топ бойынша өзара мықтыны анықтады. 5-8, 9-11, 12-15 жас аралығындағы өнерпаздар «Эс-традалық ән», «Дәстүрлі ән», «Хореография», «Жеке аспапта ойнау», «Сурет салу», «Қолөнер», «Көркемсөз» сынды номинациялар бойынша өнер көрсетті. Балалар бірнеше күн бойы халықты кәусар жырмен сусындатып, әуелетіп ән шырқап, сурет салып, мың бұралған билерін ұсынды. Мың бұралып би билеп, қоңыр дауыспен дәстүрлі ән шырқап, үкілі тақия мен бүрмелі көйлегін киіп, киелі сахна төрінің шырайын кіргізген өнерпаздарды Марлен Қапашұлы марапаттап, ақшалай сыйлықтар табыстады.
Жеңімпаздар 100 мың теңгенің сертификатын иеленіп, Нұр-Сұлтан қаласында өтетін халықаралық «Ақ көгершін» балалар шығармашылық байқауына жолдама алды. Шара соңы мерекелік концертке ұласты. 

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"