БІЛІМ ГРАНТЫН ТАПСЫРДЫ

Уақыты: 06.06.2022
Оқылды: 1296
Бөлім: РУХАНИЯТ

Адам үшін туған жеріне, өскен ауылына, білім алған мектебіне жететін еш нәрсе жоқ. Қиыр шетте жүрсең де жүрегіңнің түкпірінде тұрады. Оған деген сағынышың ешқашан сарқылмайды. Туған жердің құдіреті деген сол. 

Кеген ауданындағы Қарқара орта мектебін 1982 жылы бітірген түлектер 40 жылдық жүздесулерін Алматының төрінде емес, қасиетті мекеннің өзінде өткізді. Қастерлі де қасиетті Қарқара ауылында, түкті кілем жамылған Мыңжылқының жерінде жылы жүздесулері өрнектелді. Кездесуге келгендер балалық бал дәурендері, қызық та қымбатты оқушылық шақтары өткен Қарқара орта мектебіндегі соңғы қоңырау салтанатына ортақтасты. Оқушылық кездерін естеріне түсіріп, өздері дәріс алған сынып бөлмелеріндегі парталарға отырды. Ұстаздар қауымымен дидарласып, мектеп түлектеріне ақ тілектерін айтты. Ең бастысы, қырық жылдық кездесуге негіз қалаған азаматтардың бірі, Қарқараның мақтан тұтар перзенті Марат Жөргенбаев марқұм Нипа анасының «Қарқараның әрбір жас түлегі жоғары білім алса екен» деген арманын орындап, келешегінен мол үміт күткізіп отырған мектеп бітірушісі Ұлбосын Молдақынға анасының, сыныптастарының атынан білім грантын тапсырды. Бұл грант жыл сайын Қарқара орта мектебін бітіретін жас түлекке табысталып тұратын болды. Бәрекелді! «Ұлбосын қызымыз өнер академиясында білім алғысы келеді екен. Алаңсыз білім алып шығатын болады», – деді Марат Жөргенбаев.
Марат бастаған 40 жылдық түлектер ауылдағы саябаққа, мектеп ауласына 40 түп жеміс ағашының көшетін отырғызған болатын. Жас көшеттер жайқала өсіп келеді. Оның сыртында бір кезде өздеріне дәріс берген ұстаздарына, білім ордасына сый-құрметтерін көрсетті. 40 жылдық кездесулерінің белгісіндей тамаша әндерін тарту етті. 1982 жылы мектепті бітірген 3-сынып бойынша өмірден мезгілсіз өткен құрдастарының аруағына  Құран бағыштатып, үлкен ас берді. Мұның бәрі ел жүрегінен лайықты орын алды. 
                                   

Қанат БІРЖАНСАЛ,
Кеген ауданы