Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ӘКЕСІ – ӘНШІ, АНАСЫ – ДОМБЫРАШЫ

Уақыты: 20.06.2022
Оқылды: 610
Бөлім: РУХАНИЯТ

Біздің анықтама: 
Расул Мұсаұлы 2006 жылдың 11 ақпанында Текелі қаласында дүниеге келген.Талдықорғандағы №2 мектепте 9-сыныпқа дейін оқыды. Бүгінде Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық колледжде білім алып жүр. Өнерге деген құлшынысы 4-сыныпта байқалған.

– Әкенің қаны, ананың сүті арқылы бойға дарыған киелі өнерді өркендетіп жүрген жас өнерпаздың бүгінгі дәстүрлі ән өнеріне деген ойы қалай және оның болашағына деген сенімің? Қатарластарыңның көзқарасы қалай? 
– Асыл мұрамыз дәстүрлі ән – қазақтың таусылмас асыл қазынасы. Халық композиторларының, халық әндерінің әрқайсысы бір-бір тарих, болған оқиғаны меңзейді. Өсиет, терме, ән-күй, жырларымыз келер ұрпаққа үлгі-өнеге, үлкен тәрбие дер едім. Төл өнерімізге сусындап өскен ұрпақтың болашағы зор болады. Өзім осы жолда жүргеннен кейін қатарластарым да дәл осы бағытта ізденіп, елге адал еңбек етсем деген ойда жүр, білім алып, оны жаңғыртып жатыр. 

– Ән таңдауда, оны орындауда не нәрсеге мән бересің?
– Ән таңдауда ең әуелі сөзі мен мағынасына, тарихына, әуеніне мән беремін. 9-сыныпқа дейін ән мен күйді қатар алып жүрдім. Кәмелет жасқа келгеннен кейін дауыс табиғи өзгерістерге ұшырайды. Бұл уақытта ән айтып, дауысқа салмақ салуға болмайды. Құртып алуың әбден мүмкін. Бұл кезең әдетте 1-2 жылға созылады. Мен қазір сол жағдайдамын. Дауысым альт еді. Қазір жуандап, баритон болып, тұрақтамай тұр. Сол себепті уақытты текке өткізбейін деген оймен, 9-сыныптан кейін Алматы қаласындағы Чайковский атындағы музыкалық өнер колледжінің домбыра сыныбына грантқа оқуға түстім. Қазір аталған оқудың 1-курсын өте жақсы деген бағамен аяқтап жатырмын.

– Түрлі байқаулардан өзіңді бұрын жиі көріп тұратынбыз, қазір соның арасын осы дауысыңа байланысты сиреткен сияқтысың. Әр ән байқауы әншіге ерекше әсер етеді. Байқауға қатысарда өз-өзіңе қандай талап қоясың, сол талапты қалай орындайсың?
– Рас. Колледжге оқуға түскенге дейін түрлі байқауларға қатысып, оқушылар арасында бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болдым. Өнер бәйгесіне қатысар алдында өзіме қояр талабым өте жоғары. Өнер деген – киелі ұғым ғой. Оған салғырт қарауға болмайды. Өнер, сахна салғырттықты кешірмейді. 1 пайыз – талант, 99 пайыз – еңбек. «Еңбек түбі жеңбек». Табиғатым мен еңбекті бір арнада тоғыстыруға тырысамын.

– Әкең Бейбіт Мұса – елге белгілі әнші. Репертуарындағы қай ән саған ерекше әсер етеді? 
– Әкемнің орындайтыны ескі әндер ғой. Көбіне – халық әндері мен халық композиторларының шығармалары. Қазақта «Есің кетсе ескі ән тыңда» деп те жатады. Сонымен қатар, әкем заманауи әндерді де домбырада шебер ойнап, нақышына келтіре орындайды. Жалпы, әкемнің орындаған әр әнін сүйсініп тыңдаймын. Бөле-жармаймын.

– Болашағын әнмен байланыстырған қатарластарыңа сенің айтарың?
– Өзіммен бірге оқып, бірге жүрген, болашағынан зор үміт күттірер замандас, өнерлі достарыма айтарым, адами қасиетті алға қойып, өнерде де, өмірде де адал болу! 
Кенен Әзірбаев атамыз айтқандай: 
Балыққа саяз судан терең оңай, 
Ақынға қара сөзден өлең оңай. 
Халқыңа адал қызмет етпесеңіз, 
Абырой, атақ, шіркін, келер ме оңай?
– Болашақ жоспарың қандай?
– Оқы, оқы және оқы! Дәл қазір маған оқып, толық білім алу – басты мақсат. Болашақта аянбай еңбек етіп, қазақтың төл өнерін әлемге әйгілі етсем деген арманым бар. Әкем – кәсіби дәстүрлі әнші, анам – кәсіби домбырашы, екі өнерді тел емгеннен кейін, болашақта екі өнерді де қатар алып жүрсем деген ойым бар.

Серік ҚАНТАЙ