ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ АЛЛЕЯСЫ: ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНДА СӘРСЕНБІ САЙЫН МЕРЕКЕ

Уақыты: 08.08.2022
Оқылды: 3836
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Шығармашылық аллея» жобасы аясында Қонаев қаласының орталық саябағында мерекелік шара өтті. Бұл шара бұдан былай әр сәрсенбі сайын жалғасын таппақ.

Мұндағы мақсат – қала халқының көңіл күйін көтеріп, мереке сыйлау. Бұл жерге бойында таланты бар үлкен кісілер мен жастар жиналады. Сөйтіп, олар көпшілікпен өздерінің шығармашылығы жайында ой бөліседі. Әсем ән шырқалып, би биленеді. Суретшілер мен қолөнер шеберлері де шараға келгендерге өз жұмыстарын көрсетеді. Өнерлі жандарға арнайы сыйлықтар беріледі. Бұған қоса, жұмыс іздейтіндер үшін бос орындар жәрмеңкесі өтеді.

Бұл жолы ұйымдастырушылар караоке кешін ұйымдастырды.

– Осындай іс-шараларды біз бір ай бойы өткізіп келеміз. Әр сәрсенбіде өтетін шара түрлі бағытта ұйымдастырылады. Өткен аптада ретро-машиналар көрмесі өтті. Қызығушылық танытқандар суретке түсіп, мәре-сәре болды, – дейді Алматы облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Еркебұлан Ақболатов.

Осылайша, Қонаев қаласының орталығы сәрсенбінің әр кешінде думанға бөленбек.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Қонаев қаласы,

Алматы облысы