МҰҒАЛІМДЕРДІ ҚОЛДАУ МАҚСАТЫНДА ЖАҢА ЖОБА ӘЗІРЛЕНІП ЖАТЫР - ТАМЫЗ КЕҢЕСІ

Уақыты: 26.08.2022
Оқылды: 2131
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алты Алаштың баласы бас қосқан жерде қасиетті төр ұлағат иелеріне тиесілі екенін жалын жырдың иесі, дауылпаз ақын Мағжан Жұмабаев бекер айшықтамаған. Болашақтың баяны, келешектің кепілі мұғалім берген сапалы білім және саналы тәрбиемен ұштасып жатады десек, жаңа оқу жылы қарсаңында ұстаз алдындағы міндетті саралап, мұратын пысықтайтын тамыз конференциясының білім саласындағы орны айрықша. Бұл дәстүрлі жиын Жетісу облысында биыл І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өрнек тапты.

Конференция Балалар жылына орай дайындалған бейнеролик көрсетілімімен шымылдық түрді.  Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев алғашқы болып сөз алып, тамыз конференциясы білім берудегі бағытымызды айқындап, ортақ мәселелерді талқылайтын ашық алаң екенін атап өтті.

– Білім беру саласында жаңа заман талабына сай енгізіліп жатқан өзгерістер мен жүргізіліп жатқан реформалардың басты тірегі – сіздер. Сондықтан бұл істе үлкен жауапкершілік те, лайық мәртебе де сіздердің үлестеріңізде. Бір қуантарлығы, біздің Жетісу облысында апатты және үшауысымды мектептер жоқ. Сондықтан ендігі біздің басты назарымыз – білім сапасын көтеру мен тәрбие тізгінін мықтап ұстауға бағытталу тиіс, – дей келе қазіргі таңда облыста 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 98,3% құрап отырғанын жеткізді. Биыл Жетісу облысында 1-сыныпқа баратын бүлдіршендердің 76 пайызы қазақ мектептерін таңдаған.

– Адам – мемлекеттің басты байлығы болса, балаларды оқыту мен тәрбиелеу – біздің ең негізгі міндетіміз. Өкінішке қарай, осы жылдың 7 айында облыстағы кәмелетке толмағандардың қатысуымен 52 қылмыс жасалған, бұл  көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,4 есеге өсіп отыр. Суидцид мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ, – деп өзекті мәселені де айшықтаған облыс басшысы мұны шешу мақсатында биылдан бастап тәрбие үрдісінде мектеп пен ата-аналардың өзара жауапкершілігіне негізделген «оқушы – мектеп – ата-ана» бірлескен жұмыс форматы енгізілетінін тілге тиек етті. Сонымен қатар, аймақ бойынша жаңа оқу жылы қарсаңында атқарылған істерді де мәлімдеді.

Облыс бойынша 95 мектепке турникет, барлық білім ошағына «дабыл түймелері» орнатылған. Ал 57 мектептің бейнебақылау камералары интернет желісі арқылы Жедел бақылау орталығына қосылған. Мұны атап өткен Бейбіт Өксікбайұлы: «Жастарға техникалық және кәсіптік білім беру, оларды жұмыспен қамту мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ», – деді. Облыстағы кәсіптік білім беретін мекемелерде 50 мамандық, 93 біліктілік бойынша мамандар даярланады. Әрбір кадрды нарық сұранысына сай әзірлеу керек. Қазіргі уақытта қажетті мамандықтар үшін облыстық бюджеттен 192,1 млн.теңге бөлініп отыр.

Өз кезегінде баяндама жасаған облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Адамбекова:

Бүгінгі тамыз кеңесінің «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбы аса маңызды құндылықтарды міндеттейді. Облыста 405 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 3328 педагог 36524 балаға тәрбие беруде. Балабақша тәрбиешілерінің біліктілік  арттыру курстарының мазмұны қайта жаңарды. Жалпы,  3328 тәрбиешінің 26%-ы  ғана жаңа жүйе бойынша аттестатталған. Демек, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары басшыларының алдында  педагог әлеуетін арттыру бойынша жүйелі түрде жұмысты атқару  басты бағыт болып табылады, – дей келе, жаңа оқу жылында орта білім беру жүйесіне біршама өзгерістер енгізілгенін айтты.

Биылдан бастап оқу жылы дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте басталып, 31 мамырға дейін ұзартылып, 36 аптаны құрамақ. Барлық мектеп 5 күндік жұмыс кестесіне көшіп, оқыту қазақ тілінде жүргізілетін мектептерде «Орыс тілі» пәні 2-сыныптан, «Шетел тілі» пәні 3-сыныптан оқытылмақ. 1-сыныпта «Көркем еңбек» пәні екі пәнге бөлініп, «Бейнелеу өнері» және «Еңбекке баулу» болып өзгерген.

– Біз педагогтердің әлеуетін қолдана отырып әр мұғалімнің кәсіби өсуіне жағдай жасайтын боламыз. Сонымен қатар, жас мамандарды және тәжірибесі жоқ мамандарды қабылдауда да өзгеріс бар, яғни, педагог категориясын алу үшін міндетті түрде ұлттық квалификациялық тест өткізуі қажет. Жас педагогтерді қолдау мақсатында «Жас мұғалімнен – жасампаз ұстазға» жобасы әзірленуде. Бұл жоба аясында әрбір жас педагогтің кәсіби өсу маршруты құрылып, менторлық жұмыстар ұйымдастырылады, – деп атап өткен білім басқармасының басшысы өткен жылғы білім көрсеткішіне тоқталды.

Білім басқармасы басшысының сөзіне сүйенсек, биыл 10 мектеп іске қосылады. 9 білім беру нысанына 4,9 млрд.теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. 90 мектепке жаңа модификациялық кабинет алынуда. Барлық оқушы оқулықпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттілігі бар бала саны – 7264, оның ішінде, мүгедек бала – 2059. Бүгінге дейін 996 балаға қызмет көрсетілсе, кезекте 1060 бала тұр. Осы мәселені шешу үшін 2023 жылға Талдықорған қаласында және Көксу аудандарында психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерін ашу жоспарланып отыр.

Конференция барысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі бағытындағы мәселелер де сөз етілді. Жетістіктер сараланды. Заман талабына сай атқарылып жатқан ілкімді істер айшықталды. Сонымен қатар, арнайы шақыртылған білікті мамандардың дәрістері тыңдалды.

Жиын барысында облыс әкімі үздік жетістік көрсеткен ұстаздарды, еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген бірқатар педагогты «Еңбек ардагері», «Мейірім – әлемге махаббатпен», «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгілері және медальдарымен марапаттады. Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрлігінің және облыс әкімінің, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары да лайықты ұлағат иелеріне табысталды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Жетісу облысы