БҮГІН - ТІЛ МЕРЕКЕСІ, АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 150 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ

Уақыты: 05.09.2022
Оқылды: 3125
Бөлім: РУХАНИЯТ

РЕДАКЦИЯДАН: Апат айтып келмейді. Ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойы туған топырағында кең көлемде аталып өткелі тұрғанда дана перзент дүниеге келген қасиетті мекенді өрт шалып, дүрбелеңге салды. Тағдыры сан түрлі сынаққа толы болған қайсар ұлдың мерейтойының өтуі де ел-жұртты елең-алаң күйге түсірді. Қилы кезең, қиын сәттерді бастан өткерген елміз ғой. Бұл ауыртпалықты де еңсереміз. Ал «Жұрт бүгіншіл, менікі ертең үшін» деп, ел ертеңін ойлаған ер есімін ұлықтау қандай жағдайда да жүре беруі керек. Осы орайда, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі Райхан САХЫБЕКҚЫЗЫНЫҢ ұлт ұстазы жайлы мынадай шағын мақаласын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік:

***

Ахмет Байтұрсынұлының ғибратты ғұмыры жұртқа өнеге болғанымен, ол кісінің жолы сондай азапты да әрі ауыр еді. Ақталуы да оңайға соққан жоқ. Ұлт ұстазының қызы Шолпанның аманатына қиянат жасамас жұрты үшін құрбан болған кісінің еңбегіне адал қарауға барымызды салдық. Сол үдеден шығуға шама-шарқымызша әлі де тірлік етіп келе жатырмыз. Сонымен Ахметтің өз қолымен жазылған деректерді табуымыз біздің жұмысымыздың құндылығын арттырды. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы өз қолымен жазған  ресми қағазда: «Менің туған жылым 1872 мешін жылы» деп  бастайды. 1872 дегенді анық жазып отыр. Тура сол сияқты құжаттарды, ресми сауалнаманы толтырған кезде үнемі «1872 жыл 5 қыркүйек» деп береді. Сондай 9 құжатты таптық. Сөйтіп өзімнің мұрағаттық деректер негізінде қорғап жатқан еңбегімнің арқасында дәлелдедік. Бұны маған дейін де жазып кеткен кісілер болған.

Мысалы, марқұм Армиал Тасымбеков пен Байғали Бейсенбаев сынды ғалымдар жазды. Бірақ ол кісілердің ғылыми атағы жоқ болғандықтан да мойындалуы оңай болмады.

Жүйелі жұмыс жүргізуіміздің нәтижесінде Ахаңның туған күнінің  ғылыми мойындалуы алғашқы 5 томдыққа кірді. Ол бестомдық 2002-2005 жылдар аралығында шықты. Академиялық жинақ әдебиет және өнер институты тарапынан дайындалған еді. Бірақ жалпы орта қабылдамай, сол ескі мәліметпен кете берді. Біз бірнеше дүркін қазақ газеттерінде шығардық. Телеарна арқылы  да үнемі айтып жүрдік. Бәрбір еленбеді.

Сол тұста Шайсұлтан Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту институтының басшысы Ербол Тілешов сол кездегі Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың атына «Білім күнін» Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орайластырып қою жөнінде ұсыныс хат түсірген. Бұл осыдан 10 жыл бұрынғы жағдай. Содан кейін барып әрбір жыл сайын мұғалімдер арасында тіл мерекесіне орайластырылып, байқау жарияланды. Тіл оқытушыларының, әсіресе мемлекеттік тілді практикалық тұрғыдан оқытатын оқытушылар арасында байқау өткізудің арқасында «5 қыркүйек» жұрт санасына орныға бастады. Шоқан, Абай, Ыбырай сынды үш ағартушыны бөле айтамыз ғой. Бірақ солардың қатарында ірі тұлға ретінде Ахметтің де қатар тұруға толық құқы бар екенін Тұрсынбек Кәкішов көзі тірісінде сан рет айтқан.

Соны дәлелдеу үшін біз де осыған ұмтылдық. Сөйтіп 1 жыл 7 айдың көлемінде жұмыс істеудің нәтижесінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде тойлауға қол жеткіздік. Шын мәнінде, оған қойылатын талаптар бар еді. Ол талаптардың ішінде міндетті түрде шетелдік ғалымдардың тарапынан Ахмет Байтұрсынұлы туралы мойындалған бірнеше еңбек керек екен. Ол еңбектердің тізімін кезінде профессор Темірбек Қожекеев ағамыз берген, оны да елемеген. Ол кісі «Бес арысты» 1992 жылы шығарды. Оған дейін газет бетінде шығып жүрді. Сонда Темірбек ағамыз жазады: «Біздер елімізде Ахметтің атын ауызға енді алып жатсақ, 1967 жылы мұхиттың арғы жағында Ахметті мойындап қойған екен», – дегені бар. Одан бөлек Оксвордтың кітабын айтады. Ол кітапты біз музейге жәдігер ретінде қойған едік. Оны Иманғали Тасмағамбетов аудартатын болған соң сол кісіге бердік. Тағы да бір данасын бердік. Ол Колумбия университетінде Эдвард Ойройдтың жетекшілігімен, қарамағында бес кісі бар шығарған «Орталық Азия орыс билеген ғасырда» деген кітап. Ол кітапта Алаш зиялыларының басын Шоқан, Абай, Ыбырайдан былай індете алып келеді, тіпті арасында жырауларды да сөйлетеді. Солардың ішінде Ахмет Байтұрсынұлына ерекше тоқталады. Ішіндегі беттің ең көп берілетін тұсы да осы Ахмет Байтұрсынұлы туралы екен.

Ол еңбекте Ахмет Байтұрсынұлының бізде жоқ суреті берілген. Суретінің астында «Қазақ жазуының лидері» деп жазылған. Бұл 1967 жылы, сонда осыдан 55 жыл бұрын ғой. Ағылшын тілінде шыққан бұл кітаптың орыс тіліне аударылған нұсқасында қазақтың кіл игі тұлғаларын көрсететін тұсты соқырішекті сылып алып тастағандай сыпырып тастап отырған. Сондықтан орыс тілімен келетін кітаптың  бәрін керемет деп қабылдай беруге  болмайды. Өйткені олар ондағы шын деректерді мақсатты түрде өзгертіп, өзінің ыңғайына қарай бұрмаланған. Кеңестік идеология кезінде қазақ зиялыларының еңбегін пайдаланып, олардың  аттарын өшіріп тастап отырды.

Ахмет атамыздың артында қалдырған рухани мұраларының молдығы мен телегей теңіз секілді туындыларының тереңдігіне тамсанып, таңғаламыз. Алайда ұлт ұстазының артында ұрпақ қалмаған деген сөздер де айтылып қалады. Шежіресін жалғастырар тұқымы қалмады деп табаламай, ұлты үшін қалдырған шетсіз-шексіз мұрасын бағалағанымыз жөн шығар.

Ақиқатында артында ұрпақ қалмаған жанның бірі – Ахмет Байтұрсынұлы. Кіндігінен бала жоқ, оны мойындауымыз керек. Бірақ ұлт ұстазының «ұрпағы жоқ» дегендерге мынандай сөз айтып жүрмін: Алла тағала өмірде қандай адамға да тағдыр сыйлағанда олардың орындайтын миссиясын да қоса беретін сияқты. Ахмет Байтұрсынұлынан басқа да кіндігінен бала жоқ тұлғаларды ұлтқа қызмет ету үшін жібергендей көрінеді. Бірақ Ахмет Байтұрсынұлының ұрпағы жоқ деп айта алмаймын. Ахметтің ұрпағы  ол – сіз бен біз, бүгінгі тәуелсіз елдің жеткіншектері. Ұлт ұстазының айтатыны бар ғой: «Сөзі жоғалған жұрттың, біртіндеп өзі жоғалады» деген. Сол сөздің жоғалмауына жұмыс істеген жанның қазағы өлмей, сөзі өлмей, ол кісінің өзі де өлмейді. Сондықтан бәріміз де оның ұрпағымыз. Жалпы, қазақ халқы түгелімен болмаса да, жүрегінде ұлт ұстазына деген махаббаты бар елі барда Ахмет Байтұрсынұлының есімі бірге жасай береді.

Райхан САХЫБЕКҚЫЗЫ,

Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі,

филология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті,

Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі