ЖЕТІСУЛЫҚ ДАРЫНДЫ ОҚУШЫЛАР ӘЛЕМДІК САЙЫСТАН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Уақыты: 13.09.2022
Оқылды: 2807
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жаңа оқу жылы басталысымен-ақ түрлі сайысқа қатысып жеңіспен оралды.

Атап айтсақ, Нұрсұлтан Ерланұлы  халықаралық «Туймаада» олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Бүгінде жас информатиктің қоржынында республикадан еншілеген күміс пен қола, халықаралық деңгейдегі жарыстардан жеңіп алған екі қола медалі бар.

Дарынды шахматшы Алима Өмірсерік Мальдив аралдарында өткен Батыс Азия чемпионатында сәтті өнер көрсетті. Талантты оқушы байрақты бәсекеде қарсыластарын қоғадай жапырып, жарыс жеңімпазы атанды. Шахматты Алимаға Балқия әжесі үйретіпті. Алима 2018–2022 жылдардағы әйелдер арасында Алматы облысының чемпионы атанды.  2018 жылы Азия чемпионатының қола медалі, 2020 жылғы Анатолий Карпов атындағы халықаралық кубоктың алтын медалі (Мәскеу), «Рапид және блиц – 2022» бойынша Қазақстан Республикасы чемпионатының қола медальдары, «Жазғы кубок» турнирінде классикалық шахматтың алтын медаль иегері.

Синхронды жүзуден Әмина Жанатбек Нұр-Сұлтан ашық кубогының жеңімпазы атанды. Дуэтте жас спортшы екінші орын алды. Екі күн бойы өткен жарысқа еліміздің әр өңірінен 80-нен астам оқушы бақ сынады. Әмина болашақта Қазақстан чемпионы атанғысы келеді.

Анар Нұрмахан республикалық пәндік олимпиадада ағылшын тілі пәнінен ІІІ орынды жеңіп алды.  Сонымен қатар, Мәдина Түркебаймен екеуі республикалық экоконкурстың «Үздік бейнеролик» номинациясына ие болды. Ал Тоғжан Шами республикалық «Достық көпірлері» эссе байқауында бас жүлдегер атанды.

Биыл Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебін тамамдаған 99 оқушының 21-і Назарбаев университетіне, 21 түлек Американың, Ұлыбританияның, Италияның, Венгрияның, Ресейдің университеттеріне оқуға түсті.

«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»