АСХАНАДА ЕР АДАМДАР ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ. ТҮРКИЯ САПАРЫ. ҚЫЗЫҚТЫ ОҚИҒАЛАР

Уақыты: 18.09.2022
Оқылды: 1158
Бөлім: РУХАНИЯТ

Биылғы еңбек демалысымда дәм тартып, сан ғасырлық тарихы бар, мәдени мұраға бай, ұлттық құндылықтарын ерекше қадірлейтін Стамбұл қаласына жолым түсті. Бұған алдымен жанымның саясы болған қызым Жансаяның сол елде магистратурада оқып жатқаны себеп болды. Мемлекет ретінде біздің тәуелсіздігімізге ең бірінші қуанып, қазақ жерін «атажұрт» деп құрмет көрсететіндіктен бе, бір жақындық сезіліп тұрады.

Түркия елі мыңдаған ұлт пен ұлыстың мекені. Әркім дінін, салт-дәстүрін еркін сақтай алады. Мекен етушілердің киім үлгісі де әралуан. Біреу көзін ғана көрсетіп, тұмшаланып жүрсе, енді бірі жартылай жалаңаш. Десе де, Түркия халқы мұсылмандықты мықты ұстанады. Азан шақырғанда барлық ойын-сауық орнында музыка өшіріледі.

Мұнда әйелдерді таңның атысы, күннің батысы жұмысқа жекпейді. Олар бала тәрбиесімен шұғылданып, отбасының шырайын келтіріп, үйде отырады. Қонақ үй, асхана, сауда саласында көбінесе ер адамдар жұмыс істейді. Барлық қызметтегі еркектер ақ жейде, қара шалбар, қара галстукпен жүреді. Автобус жүргізушілері тап-тұйнақтай. Қалааралық автобустың барлығында интернет, әркімнің алдында телевизор бар. Су және сусынның кез-келген түрі тегін беріледі.  Әр орындыққа телефон қуаттағыш орнатылған.

Соңғы жылдары Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия мемлекеттерінің мәдени, тарихи, рухани орындарын аралау бақыты бұйырды. Барлығы тарихи құндылықтарын сақтап, туризмді жандандырып, сол арқылы мемлекет қоржынына қыруар қаржы түсіріп отыр. Өзбекстан Самарқандағы Әмір-Темір мавзолейі мен  Регистан, Бұхарадағы медреселер мен Керуен сарайлары арқылы туристерден табыс табуда. Олар қонақүйлер мен демалыс орындарында туристерге қымбат баға қояды. Ал Ресей Кеңес одағы кезінде 15 одақтас республикадан жинап алған рухани байлықты жер-әлемнен келетін туристерге тамашалатып, қазынасына кіріс кіргізіп отыр.

Мысалы, эрмитаж дүние жүзіндегі ең ірі көркемсурет және тарихи-мәдени мұражай. Біздегі сирек қорға кіретін газет-журналдар мен тарихи құндылықтарымызды тасымалдап, мың жылдықтарына жететін рухани байлық жинаған. Архив қорлары да жеткілікті. Шет елге барып, білім іздеген жастар сол мұрағаттарды аралап, өз еліміздің де рухани байлығының көшірмелерін елге жеткізуде. Өркениетті елдердің жақсы үрдісін санаға сіңіруде.

Осы сапарымда Түркияның Анкара қаласындағы Президент кітапханасын араладым. Көлемі 120 мың шаршы метр, 20 млн.басылым қоры бар. Рухани нысан бір мезгілде 6 мың оқырманға қызмет көрсетеді. Онда зағип, ерекше адамдарға арналған арнайы зал жабдықталған. Керек кітапты электронды түрде іздейсіз.

Қазақстан жайлы қандай кітаптар бар деген сұрағыма 400 кітап бар деген жауап алдым. Ақпаратта сол кітаптардың тізімі, олардың қай залда, қай сөреде тұрғандығы жайлы жауап келді. Журналистика жайлы 1079 шығарылымның барын білдім. Тағы бір тамашасы, керек газет, журнал, кітабыңның көшірмесін сол жерде тегін сканерлеп көшіріп алуға болады. Мұнда әр кітапты пайдаланар кезде аппаратқа салып, залалсыздандырып, тазалап аласыз. Сондай-ақ, кітапхананың әр қабатында тегін кофе, су ішетін бөлме бар. Кофенің түр-түрі қойылған. Сусынды керегіңше құйып алып, іше бересің. Оқу маусымында  тәлімгерлерге  бір мезгіл сорпа ұсынады.

Бір қызығы, бұл кітапханаға кез келген ұлттың өкілі кедергісіз кіре алады. Қару-жарақ, кітап бетін кесетін өткір заттың жоқтығы ғана тексеріледі.  Кітапхана  тәулік бойы жұмыс істейді.

Отбасымызбен теңіз жағасына бардық, ығы-жығы халық. Күрд пе әлде сыған ба әйтеуір, түрік ағайын емес. Тобымен, шулап жүр. Қолдарында бір-бір тал раушан гүл. Әсіресе, жас, ұяң жігіттерді аяқ бастырмайды. Мақсаттары – қалай да гүлді алғызу. Әсіресе, бойжеткенмен кетіп бара жатқан жігіттер олар үшін «алтын балық». Қасымдағы Қуанышты бірден қоршап алды. Сол кезде ол жақтың сырын жақсы білетін қызым Жансая інісін топтың арасынан сүйрегендей алып шықты. Сол-ақ екен әйелдер шулап, қызымды балағаттай бастады. Шағаланың жағымды дауысы мен теңіз ауасынан рахат тапқан жұрттың көңіл-күйін бетпақ әйелдің бажылы бұзды. Тіпті, басылатын түрі жоқ. Бір уақытта қызым өзін тас қылып ұстап алған қолымды сілкіп тастады да, саудагер әйелдің қасына жетіп барды. Қызым өз-өзіне сенімді түрде, салмақты кейіппен әлгі топқа түрік тілінде әлденені айтып жатты.

Бір кезде айналадағы өзге жұрттың қызымды қолдай бастағаны байқалды. Әйелдің мысы басылды да қалды. Қызым қасыма келіп, сабырлы қалпына түскен соң: «Анаған не дедің?» – деп сұрадым. «Сен кімге тіл тигізіп тұрғаныңды білесің бе? Мен – Қазақстан деген елдің өкілімін. Құқым қорғалған. Сөзімді сөйлейтін елім, жерім бар. Шекарам бекітілген. Өз ана тілім бар. Керек болса – Елшілігім бар. Ал сен кімсің қазаққа тіл тигізетін? Мемлекетің бар ма? Шекараң бар ма? Құжатың бар ма? Сені қоғамдық орында елдің мазасын алғаның үшін заңға тартуға  болады. Қазір полиция шақырсам, қаңғыбас ретінде ұстап әкетеді, – дедім. Бұлардың аузын осылай жауып тастамаса, елдің есін шығарады», – деді қызым.

Бұл, тек бір ғана жағдай. Тіл білмейді екен деп бізді басынып, алдап-арбап, ақшамызды артығымен алғысы келген қоғамдық орындардағы осындай жабайы саудагерлермен бірнеше рет кездесіп, барлығынан еңсеміз биік шықтық. Ал саясатта ұлттық намыс сынаққа түсер қаншама жағдай болып жатыр?! Соның бәрінде тереземіздің көппен тең түсіп келе жатқаны білім мен ғылымның арқасы. Ендеше, егемен елдің ертеңі нұрлы болсын десек, жеті жұрттың тілін білуге ұмтылайық, ағайын!

Гүлжан ТҰРСЫН

Түркия Республикасы