ҰСТАЗЫ ЖАҚСЫНЫҢ ҰСТАНЫМЫ ЖАҚСЫ. ДАРЫНДЫ ОҚУШЫНЫҢ АТА-АНАСЫ АЛҒЫС БІЛДІРДІ

Уақыты: 20.09.2022
Оқылды: 1391
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорған қаласындағы №28 ІТ лицейінің тарих пәні мұғалімі Айнұр Орманбекқызының жас ұрпаққа берер тәлімі зор. Балаларға жан-жақты білім беріп, ұлттық тәрбие үрдісімен сусындатып, жаңашылдыққа да бейімдей білген ұстазға ата-аналар да, әріптестері де дән риза. Өйткені, ұстаздың да, оқушылардың да қол жеткізген жетістігі ауыз толтырып айтарлық.

Балам Даниалды әр қырынан танып, қабілетінің ашылуына себепкер болған ұстаз есімін мақтанышпен айтамын. Соның арқасында ұлым «Бейбітшілік әлемі» халықаралық Қазақ шығармашылық бірлестігі ұйымдастырған «Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы» атты ғылыми конференцияда І орынды еншілесе, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, 1-7-сынып оқушыларының зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстарының «Зерде» ХIV республикалық конкурсының қалалық және облыстық кезеңінде І дәрежелі дипломмен марапатталып, ал  республикалық кезеңде ІІІ орын иегері атанды.

«Ұлы Даланың жеті қыры мен тарихы» атты республикалық оқушылар олимпиадасында ІІ дәрежелі дипломға қол жеткізді. «KazRobotics-2019» облыстық олимпиадада командалық жарысында  І дәрежелі  диплом иегері атанды. «Дарын» ғылыми жоба байқауында физика секциясы бойынша қалалық, облыстық кезеңде І орын, аймақтық«World Skills Junior» чемпионатынан ІІ орын, информатика пәнінен қалалық олимпиадада ІІ орын, «Үздік ІТ құрастырушы»  жарысында «графикалық дизайн құзыреттілігі» бағыты бойынша  ІІІ орынды қанжығалады.

«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, Айнұр Орманбекқызы баулыған басқа да оқушылардың жетістігі мол. Ата-ана ретінде ұстазға үлкен алғыс айта отырып, зейінді шәкірттерінің көп болуын тілеймін.

Балжан МҰҚАНОВА,

ата-ана

Талдықорған қаласы,

Жетісу облысы