ЖАСТАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕСІ ҚАНДАЙ? ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ

Уақыты: 25.09.2022
Оқылды: 1209
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорғандағы Салтанат сарайында «Жастарды тәрбиелеу мен оқытудағы жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлі: ТМД тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, еліміздің болашағы жастардың дұрыс тәлім-тәрбие алуына қажетті қадамдар мен тетіктер қарастырылды.

Пленарлық отырыстан және көшпелі сессиядан тұратын конференцияны Жетісу облыстық қоғамдық келісім басқармасының басшысы Болат Керімбек жүргізді. Одан соң сөз кезегін алған облыстық мәслихат хатшысы Гүлнар Тойлыбаева, ТМД мемлекеттерінің Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесі Хатшылығы басшысының орынбасары – ТМД мемлекеттерінің Парламентаралық Ассамблеясына қатысушы мемлекеттер азаматтарының демократияны, парламентаризмді дамыту және сайлау құқықтарын сақтау мониторингі халықаралық институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Иван Мушкет, Д.Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Өмірәлі Жалайыри, Ресейдің солтүстік-батыс округінің ересектерге үздіксіз білім беру институтының ректоры, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Александр Потякин көпшілікті ғылыми-тәжірибелік конференцияның ашылуымен құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі.

Жиынның алғашқы бөлігі – пленарлық отырыста Ұлыбритания, Ресей, Қырғызстан, Армения, Беларусь, Тәжікстан мемлекеттері мен еліміздің білікті профессор ғалымдары баяндама жасап, өскелең ұрпақтың өмірдегі жолын дұрыс табуына қатысты мәліметтерді ортаға салды. Айтылған пікірлердің ішінде жергілікті биліктің жастар тәрбиесіне тигізер ықпалы мен мүмкіндігі сараланды. Конференцияның пікірталас, сұрақ бөлімінде көпшілікті толғандырған сауалдардың жауабы айтылды.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияның екінші бөлімі – көшпелі отырыс Көксу ауданы, Жарлыөзек ауылдық округінің Мұқаншы ауылында орналасқан «Ochaq» тұрақты даму орталығында жалғасты.

Мәди ӘСЕТҰЛЫ

Жетісу облысы