РАХАТ АУЫЛЫНДА АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТТІ

Уақыты: 02.10.2022
Оқылды: 1314
Бөлім: РУХАНИЯТ

Рахат орта мектебінде тіл тақырыбында тағылымды іс-шара өткізілді.

Іс-шараны ұйымдастыруға қазақ, орыс және ағылшын тілі бірлестіктерінің Динара Бекқожаева, Майгүл Намазова, Айсара Манапова, Шолпан Нахипова сынды мұғалімдері мен мектеп оқушылары белсене қатысты. Әсерлі де әдемі концерттік іс-шара ақындарымыздың мәртебесі биік ана тілінде оқылған жыр-шумақтарынан басталды. Шарада мектеп мақтаныштары қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жүйрік білетіндіктерін көрсетіп, оқушылар өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Шара аясында А.Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай өмір тарихынан сыр шертіліп, «Қазақ» газетінің жарыққа шығуы, оның қоғамдағы рөлі мен ықпалы жайлы айтылды. Тарихи сәттен қөрініс қойған оқушылар қазақша киініп, қөрермен ықыласына бөленді.

Ағылшын тілінде еркін сөйлейтін жоғары сынып оқушылары «Алтын балық пен балықшы» ертегісінен қойылым көрсетті. Орыс тілі бірлестігі болса, ақын Петр Андреевич Вяземскийден өлең жолдарын оқып, ән айтып, ұлттық билерін орындады. Әр ұлттың мәдениеті мен тілі паш етілген шараның тәрбиелік, эстетикалық тағылымы мол болды. Өнегелі шара соңы Қадыр Мырза Әлінің: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» – деген өлең жолдарымен түйінделді.

Әйгерім НҮСІПӘЛИЕВА,

Рахат орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Еңбекшіқазақ ауданы,

Алматы облысы