NIS ОҚУШЫЛАРЫ АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ТУРАЛЫ 40-ТАН АСТАМ МАҚАЛА ЖАЗДЫ

Уақыты: 02.11.2022
Оқылды: 1580
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорған қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қазақтың рухани көсемі атанған Алаш ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай «Ұлттың ұлы ұстазы - Ахмет Байтұрсынұлы» атты Wiki Camp акциясы өтті.

Зияткерлік мектебінің оқушылары "Уикипедия" желісіне Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері, өмірі мен шығармашылығы туралы 40-тан астам мақала жазды.

«Менің мақсатым - қазақ тіліндегі кітаптарды цифрлық әлемде дамыту. Бүгін мен Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» деген өлең жинағының аудармасын "Уикипедия" желісіне енгізудемін», - деді аталмыш мектептің 9-сынып оқушысы Ақжол Тұрдыбай.

Танымал веб-сайттың тілдер рейтингінде "Википедияның" қазақ бөлімі барлық тілдер арасында 39-шы орынды иеленді. Қазақ "Википедиясына" зияткерлік мектептің 9-сынып оқушысы Дагмара Ертанатова да өз үлесін қосуда.

«Wiki Camp іс-шарасына алғашқы рет қатысып тұрмын. Мен үшін бұл жауапты күн. Осы іс-шара бырысында Ахмет Байтұрсынұлының араб әліпбиі туралы мақаласын дайындап, енгіздім. Араб әліпбиі қазіргі біздің қолданып жүрген әліпбидің негізін салған. Әр қазақ өзінің күнделікті өмірде қолданып жүрген әріптердің қайдан пайда болғанын, тарихын білуі керек деп білемін», - деп Дагмара өз пікірін білдірді.

2013 жылдан бастап Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің «Википедия» клубы белсенді жұмыс жасап келеді. Клуб мүшелері әртүрлі тақырыптар бойынша онлайн-энциклопедияға өз бетінше қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде мақала жазып, толтырады.

«Википедия» клубының ашылуынан бастап Талдықорған зияткерлік мектебінің оқушылары тарихи-мәдени мұралар, ғылыми жаңалықтар және Қазақстанның қазіргі заманғы жетістіктері туралы үш мыңға жуық мақала жазды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"