ӨЗІҢЕ СЕН! КӨРКЕМ МІНЕЗДІ БОЛ! ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ ҚОНАЕВ ЖАСТАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Уақыты: 03.11.2022
Оқылды: 1347
Бөлім: РУХАНИЯТ

Президент кеңесшісі Мәлік ОТАРБАЕВ Қонаев қаласына келіп, облыс жастарымен жүздесті.

Іс-шараны Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жақыпов жүргізіп отырды.

Еркін форматта ұйымдастырылған кездесуде Мәлік Нұржанұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанып отырған көпвекторлы саясаты, "Әділдік. Сабақтастық. Өрлеу" тұжырымдамасы, Жаңа Қазақстанды құру идеялары, қазақстандық жастардың бүгінгі бет-бейнесі туралы кеңінен әңгіме қозғады. Тәуелсіз елдің жастарына жаңа бағыт-бағдар қажеттігін алға тартқан астаналық қонақ заман талабына сай технологияны меңгеріп қана қоймай, рухани байлыққа да баса мән беру керектігін атап өтті.

Оның айтуынша, жастардың білім жинауы, қоғамдық өмірге араласуы, саясат, мәдениет, экономика, әлеумет сияқты сан салада көш бастап, жаңа техниканы меңгеруі - кезек күттірмейтін маңызды міндеттің бірі. Бүгінгі заман талабы сол, жастар бір мамандықпен шектеліп қалмауы тиіс. Адам бір ғана кәсіппен, бір ғана мамандықпен биік белестерді бағындыруы екіталай. Бірнеше мамандықты меңгерген және заман ағымына сай жаңа талап, жаңа міндеттемелерді тез игеретін адам ғана қоғамда сұранысқа ие әрі мемлекетті алға сүйрейтін негізгі күш болып саналады. Бірақ бұл да адам өміріндегі басты көрсеткіш емес. Шара қонағы мамандықтан бұрын адами қасиеттің маңызды рөл атқаратынын алға тартты.

- Біз қанша жерден технологияны терең меңгерсек те, қанша жерден роботтарға жұмыс істетіп қойсақ та, адам адам болып қалады. Біз адам және маман деген ұғымның аражігін ажыратып алғанымыз жөн. Адамдық пен мамандық бұл бір-бірін толықтырып тұратын дүние. Мәселен, сізді мықты маман дейікші. Алайда адамгершілігіңіз төмен болса, сіз ұзаққа бара алмайсыз, - деген Президент кеңесшісі қазіргі таңда әлемде эгоизм мәселесі ушығып тұрғанын айтты.

Эгоизм бұл - адамның менмендігі, өзімшілдігі. Эгоизмнің кесірінен әлемде бітіспес қақтығыстар, күрмеуі қиын шиеленістер көбеюде. Сондықтан, адам өзін тәрбиелеуі үшін рухани құндылықтарды басшылыққа алуы керек. Оның ішінде, кітап оқудың, халықтың салт-дәстүрін дәріптеп, классиктердің даналықтарын санаға сіңірген жөн.

- Кітап оқитын адам жүрекке үңіледі. Адамның жанын түсінеді. Біздің Президент өте көп кітап оқиды. Кітаптан қол үзгенін көрген емеспін. Шынын айту керек, әлемде кітап оқитын Президенттер некен-саяқ. Сондықтан, біз Президентімізбен мақтануымыз керек, - деді Мәлік Отарбаев.

Президент кеңесшісі "шетелде бәрі керемет" деген біржақты ұғымнан арылуды, кез келген мемлекетте шешімін таппаған мәселе кездесетінін әңгімеледі. "Егер біз әлемге танылғымыз келсе, ең алдымен, өзіміздің ұлттық бейнемізді жаңғыртуымыз керек. Димаш бүкіл әлемге таңғажайып дауысымен ғана емес, қазақтың домбырасын алып шығуымен де кеңінен танылды. Шетелдіктерге сенің ұлттық бет-бейнең, қазақи болмысың қызық", - деді шара қонағы.

Мәлік Нұржанұлы өз сөзінде қазақ әдебиетінің танымал қаламгерлерін, оның ішінде, Бердібек Соқпақбаевтың, Сайын Мұратбековтің, Мұхтар Әуезов пен Шерхан Мұртазаның шығармаларын әрдайым қайталап оқып отыратынын жеткізді. Ал шетел классиктерінен Лев Толстой мен Константин Паустовскийдің қаламгерлік қуатына тәнті екенін айтты. Сонымен бірге, Президенттің әдеби шығармаларды көп оқитынын және кітаптағы оқиғаларды есте сақтауы өте жақсы екенін сөз етті.

- Мен Қасым-Жомарт Кемелұлымен үнемі байланыстамын. Телефон арқылы да, жазбаша да сөйлесіп отырамын. Мемлекет басшысы әлеуметтік желіні өте белсенді қолданады. Содан кейін аңғарғаным - Президент мерзімді басылымдарды, газеттерді өте көп оқиды, - деді Президент кеңесшісі. Сөзінің соңында ол жастарға қарата:

- Өздеріңе сеніңдер. Биік мәртебе деген министр болу немесе Ақордада отыру емес. Халыққа шынайы қызмет етсең, соның жемісін жесең, міне, сол мәртебе! "Қызмет - құз, дүние - мұз", - деген тәмсіл текке айтылмаған. Ең бастысы, адами қасиетімізді жоғалтып алмайық. Көркем мінезді болайық! - деді.

Кездесу соңында жастар тарапынан мамандық таңдау, балалық шақтың қызықтары, арман-мақсаты, Президенттің жұмыс кестесі туралы жан-жақты сұрақтар қойылып, тың ой-пікірлер мен ұсыныстар ортаға салынды.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Қонаев қаласы,

Алматы облысы