ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАС ҰСТАЗДАРЫ ФОРУМҒА ҚАТЫСЫП, ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

Уақыты: 07.11.2022
Оқылды: 1409
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорған қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Жетісу облыстық жалпы білім беретін мектептердің жас педагогтеріне арналған «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» атты аймақтық форум ұйымдастырылды. Форумға 130-дан астам жас маман қатысты.

Жастарға өмірлік тәжірибелерімен бөлісу үшін Жетісу облысы білім басқармасының басшысы Айжан Адамбекова, «Future-IT» робототехника мектебінің жетекшісі Дамир Нұркежанов, «Zhetysu University» имидж орталығының директоры Дамир Дигай шақырылды.

- «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» аймақтық форумы өте маңызды іс-шара. Облыс бойынша бізде 1800-ден астам жас ұстаз бар. Соның ішінде, биылғы оқу жылында 600 жас ұстаз келді. Форум қатысушылары бір-бірімен араласып, тәжірибе алмасып, жаңа идея алып және табысқа қалай жетуге болады деген сұрақтарына жауап ала алады деген сенімдемін, - дейді Жетісу облысы білім басқармасының басшысы.

Форумға қатысушылар тақырыптық алаңдарда бас қосып, «Сабақ құрастыру: жинақтаймыз және қолданамыз», «Функционалды сауатсыздық: тапшылықты қалай толтыруға болады?», «Инклюзивті білім: жанама тәжірибеден өз іс-әрекетіне дейін», «Оқытуда АКТ-ны тиімді пайдалану» сынды өзекті мәселелерді қозғаған жиындарда бас қосты. Сонымен қатар, «Эмоциялық мәдениет» тренингі, жас ұстаздардың шеберлік сабақтары, ACTIVE SPOT ұйымдастырылды.

- Қазіргі кезде кәсіби деңгейі жоғары мамандар дайындап шығару қандай өзекті мәселе болса, жас мамандарға қолдау көрсету дәл сондай көкейкесті мәселе. Бұл мақсатқа жетудің тиімді тетіктерінің бірі алдыңғы толқын ағалардың кейінгі толқынды тәрбиелеу ісі екендігінде дау жоқ, - дейді Талдықорған қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының аға менеджері Гаухар Қазығұлова.

Форум жас ұстаздардың мектепте оқытудың қазіргі заманғы үрдістерін талқылау, зияткерлік дағдыларды дамыту және цифрлық мүмкіндіктерді танымал ету үшін бірыңғай алаңға айналып үлгерді. Өйткені, форум мұғалімдердің кәсіби тұрғыда табысты болуына бағдар жасап, оларды үнемі оқуға және дамуға ынталандырады.

- Форум өте жақсы өтті. Психологиялық, эмоционалдық тұрғыда оқушылармен жұмыс, өзімізге керекті онлайн платформаларды, оқушылардың ғылыми-шығармашылық, зерттеушілік ізденісін қалыптастыру жолдарын білдік. Педагогикалық шеберханаларға қатысып, тәжірибелер панорамасының түрлі тақырыптағы мазмұнымен таныстым, - дейді Көксу ауданы, Биғайша Құнтақбаева атындағы орта мектептің физика пәні мұғалімі Аслан Рафиков.

Еліміздің барлық Назарбаев Зитякерлік мектептерінің базасында жалпы білім беретін мектептерден 3 мыңнан астам жас маман қатысты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"