ӘР АДАМ АЙЫНА БІР КІТАП ОҚУЫ КЕРЕК. ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНА АРДАҚ НАЗАРОВ КЕЛДІ

Уақыты: 09.11.2022
Оқылды: 1454
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде «Отансүйгіштік – ұлттық рухтың асқақ белгісі» атты облыстық әскери-патриоттық форум өтті. Шара аясында «Жас сарбаз», «Робототехника» көрмесі ұйымдастырылды. Онда облыс оқушыларының работотехника саласында, спортта, оқуда жеткен жетістіктері паш етілді.

Форумды ашқан Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева жас ұрпақты отаншылдыққа, патриотизмге тәрбиелеудің маңызы зор екенін атап өтті. Осы орайда «Жас сарбаз» республикалық балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысы жұмыс істейтінін, әскери-патриоттық клубтарда 16 775 бала, кадет сыныптарында 1194 оқушы білім алып жатқанын жеткізді. Осы салада еңбек етіп жүрген үздік мамандарды Алматы облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен марапаттады.

Шараға ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы, панкратион мен бушидодан әлем кубогының иегері Ардақ Назаров, ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы Сырым Бектұрсын, дәстүрлі әнші Санат Қанатбекұлы қатысты.

Ардақ Назаров жастармен етене әңгіме-дүкен құрып, қызығушылықтарына мән берді. Отанды сүйіп, жақсы сабақ оқып, спортқа да, өнерге де жақын болуға шақырды. Балаларды сахнаға шығарып, спорттық мүмкіндігін сынады. Сонымен қатар оқушыларға Абай, Мұқағали  өлеңдерін оқытып, үздіктерді марапаттады. Өзінің жетістікке жету жолымен бөлісіп, еңбекқорлық, отансүйгіштік, адамгершілік, жауапкершілік секілді адам бойындағы асыл қасиеттер туралы сөз қозғады.

- Әр адам айына бір кітап оқу керек. Ол үшін бала кезден кітап оқуды дағдыға айналдыру қажет. Кітап оқысаңдар жан-жақты, білімді, отансүйгіш болып өсесіңдер. Сондықтан кітап оқып, ақындардың өлеңдерін жатқа білулерің қажет. Спортты да өмірлеріңе серік етіңдер. Сонда батыл, жігерлі болып қалыптасасыңдар. Бауыржан аталарыңның батылдығы мен батырлығын бойларыңа сіңіріп, Абай аталарыңдай дана болып өсесіңер, – деп оқушыларға ақыл-кеңесін айтып, жігерлендірді.

Жиын соңында кадет сыныптары көрініс қойып, жас өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынды.

Алма ЕСЕНБАЙ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы