ІЛЕ АУДАНЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫҒА ТҮСТІ

Уақыты: 11.11.2022
Оқылды: 1381
Бөлім: РУХАНИЯТ

Өтеген батыр кентіндегі «Аманат» партиясының аудандық филиалында «Тіл мәртебесі­ ­– мемлекет мәртебесі» тақырыбында семинар өтті. Оған «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері, нотариаттық палата, салық қызметі, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының өкілдері мен заңгерлер  қатысты.

Семинарда Боралдай кенті әкімдігінің маманы Ардақ Әубәкірова құжат айналымында орыс тілінің салмағы әлі де басым екенін айтып, іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізудің маңыздылығына тоқталды. Бұл, әсіресе, жер учаскелерін, тұрғын үйлерді тіркеу, мұрагерлік, автомобиль жүргізу құқығына сенімхаттар алу және басқа да заңдық іс-әрекеттер кезінде айқын байқалатынын атап өтті.

Алматы облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Іле аудандық филиалының басшысы Бақытгүл Қаршалова бүгінде тілді үйренуге барлық мүмкіндік қарастырылып отырғанын, аудандық білім бөлімінің ғимаратында орналасқан оқу-әдістемелік орталықта қазақ, ағылшын тілдерін тегін оқуға болатынын жеткізді. Тиісті сынақтардан кейін тілді орта деңгейден жоғары меңгергенін растаған үш айлық курстың тыңдаушысына сертификат, ол деңгейден төмен болса куәлік берілетінін айтты.

Аудандық әкімдіктің ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Жанна Қасымханова бұл күнгі семинар тек оқу сипатында ұйымдастырылғанын атап өтіп, құжат айналымында қазақ тілінің рөлін арттыруда сауатты оқып, жазу, аударма және кері байланыстың ерекше орын алатынына тоқталды. Сөз сөйлеген нотариустар да құжаттардың мемлекеттік тілге сауатты аудару мәселесі шын мәнінде өзекті екенін алға тартты. Кеңес беру және емлені тексеру үшін қосымша ресми ресурс қажеттігін жеткізді.

Семинар соңында қатысушыларға «Тіл» орталығының әдістемелік құралдары таратылып берілді.

Алма ЕСЕНБАЙ

Іле ауданы,

Алматы облысы