АЛМАТЫДА "БІР КЕМ ДҮНИЕ" БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 11.11.2022
Оқылды: 1716
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облыстық әмбебап кітапханасында жазушылар мен оқырмандар бас қосты. Олар «Бір кем дүние...» деген атпен жарияланған шығармашылық бәйгенің жеңімпаздарын құттықтады. Аталған шара Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналды.

Жиналғандар ең алдымен жазушының шығармашылық кезеңдерін еске түсірді. Шерхан Мұртаза – «Қызыл жебе» секілді романдар сериясын жазған, «Қара маржан», «Қырық бірінші жылғы келіншек» тәрізді тартымды хикаяттардың авторы. Драмалық жанрда да аз еңбек еткен жоқ. Ең кереметі – Антон Чеховтан, Бейімбет Майлиннен қалған қысқа әңгімелер жазу шеберлігін  жете меңгеріп, оны ұлттық әдебиетте сәтімен жалғастырды.

Қазылар алқасының мүшесі, сыншы, ғалым Бекен Ыбырайымов Шераға туралы тебірене толғады.

– Ол кісінің тұла бойы тұнған ғибрат. Қазақ журналистикасы қандай болуы керек екенін ісімен көрсетті. Қоғамның, заманның мәселелерін қозғады. Шерағаң айналасына таланттарды топтастырды. Мәселен, Қатонқарағайдан – Оралхан Бөкейді, Атыраудан – Фариза Оңғарсынованы, Қарағандыдан – Ақселеу Сейдімбектерді алдырып, қырандай түлетті. Айта берсек, мұндай мысалдар өте көп. Мемлекеттік жұмыстарды атқара жүріп, көркем шығармалар жазуға уақыт тапты. Атақты Шыңғыс Айтматовтың кітаптарын қазақшалады. Шерағаңның қарауында қызмет істеген сол бір жылдарым өмірлік сабақ болды, – деді ол.

Шығармашылық бәйгені ұйымдастырған – облыстық кітапхананың ұжымы. Олар қаламгерлерге құрмет көрсетуді ұдайы басты назарда ұстайды. Сол арқылы жастарды кітап оқуға қызықтырады. Ұлттық әдебиеттің құдіреті мен құнын білуге баулиды.

– Байқауға 30-ға жуық қысқа әңгіме келіп түсті. Әдеби жарысты бағалауға белгілі қаламгерлер тартылды. Кімнің қарымды екенін сол кісілер бағалады, – деді кітапхана директоры Ғалия Тоқабаева.

Бәйге қоржынына түскен шығармаларды сараптай келіп, қазылық еткен жазушылар ­– Бекен Ыбырайымов, Думан Рамазан, Тоқтарәлі Таңжарықтар  жүлдегерлерді анықтады.

1-орын – Жетісу облысының Қаратал ауданында тұратын Қыдыр Байдүйсеновке «Ана жүрегі», 2-орын – нарынқолдық Ақерке Бижанға «Оңашадағы оқшау ойлар», 3-орын – Іле ауданынан қатысқан Айдана Бейсенге «Уақыттың құндылығы» әңгімелері үшін берілді.

Бәйге жеңімпаздарына арнаулы диплом мен ақшалай сыйлықтар тапсырылды.  Кітапхана ұжымының қаламгерлерді қамшылау мақсатында атқарған ізгілікті істері көпшіліктің көңілінен шықты.

Болат МӘЖИТ

Алматы қаласы