ТАЛДЫҚОРҒАН ДРАМА ТЕАТРЫНДА "ҚАЗАҚЫ КОМЕДИЯНЫҢ" ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Уақыты: 12.11.2022
Оқылды: 1333
Бөлім: РУХАНИЯТ

Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының қамбасы тағы бір тың туындымен толықты. Классик жазушы Дулат Исабековтың «Бонапарттың  үйленуі» шығармасы желісінде сахналанған «Қазақы комедия» қойылымының премьерасы өтті.

Премьера алдында брифинг ұйымдастырылып, өнер майталмандары журналистермен кездесті. Театр өкілі Ғалия Темірбаева аталмыш жиынды ашып, жүргізіп отырды. Ол әуелі «Қазақы комедия» премьерасының қоюшы-режиссері Болат Ұзақов екенін айтып, көрерменге жол тартқалы тұрған туынды туралы аз-кем ақпар берді. Сонымен қатар, бұл қойылым режиссердің Б.Римова театрына қосқан төртінші олжасы екенін айшықтады.

Өз кезегінде сөз алған режиссер Болат Ұзақов классик жазушының қаламынан туған шығарма туралы, театр әртістерінің әлеуеті тұрғысында ойын ортаға салды. Ал театр режиссері Ұлан Ахметов ұлттық бояуға бай қойылымның ерекшелігін екшеді.

Қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті жазушы, ҚР Мемлекет сыйлығының лауреаты Дулат Исабековтың қаламынан туған әрбір шығарма ғасыр ауса да өзектілігін жоймайтын кесек туындылар. «Қарғын» романынан тартып, «Дермене» сынды әңгімелерінің өзі күллі қазақ оқырманының зейінін зеңгірге бойлатқан, көңілін тербеген шығармалар. Солардың қатарында «Бонапарттың үйленуі» атты шығарма бары даусыз. Мұны театр тілінде сөйлеткен Болат Ұзақовтың еңбегі ерен.

Театр шымылдығы түрілген сәттен бастап көрермен премьераны ерекше ықыласпен тамашалады. Қарашыққа күлкінің жасын үйірген, қазақы қалжыңға бай қойылым жан сарайын нұрлы етті. Қарапайым ауыл өмірін баяндайтын қойылымда әрбір кейіпкердің образы ерекше ашылды. Оның ішінде, Еркебұлан Айдынбаевтың актерлік шеберлігімен айшықталған қарияның бейнесі көз алдымыздан кетпей қойды.

Ауылдың ақылманына айналған қария заманында белсенділік танытып, алыс-жақын шетелдермен қазақ халқының ішкі-сыртқы саяси байланысы мықты болсын деген ниетпен ауылда өмір есігін ашқан сәбилерге «Черчилль», «Бонапарт» сынды есім қояды. Бауырының баласына Бонапарт деп есім қойған қарияның айналасында өрбитін оқиға желісі бойынша баяндасақ, тірлік қамымен жүрген інісі мен келіні он баланы өмірге алып келіп, оларды бағамын деп жүріп бір ұлын сүндеттеуді естен шығарады. Ақырында жиырма беске желіп жеткен Бонапарт үйленбекші болған уақытта әрі алатын қалыңдығы діндар адамдардың үлбіреп өсірген қызы екені қария құлағына жеткенде бар шындық ашылады. Бұған күйінген қария «кәпір» Бонапартты тексеріп, ақырында сүндетке отырғызады.

Жалпы мазмұны осындай оқиға арқылы өрбіп, шығарма желісі бойынша сахналанған қойылымды одан әрі білу үшін көрермен театрға ат басын бұруы керек. Біз мазмұндаған дүниені көзбен көріп, қазақы қалжыңның қазанынан шөміштеп сусын қандырса дейміз.

Заман тудырған келеңсіздіктер мен құндылықтардың төмендеуі, адамдардың сана тұрғысынан темірқазық ұстанымынан ажырап қалуы сынды дүниелерді аталмыш премьера арқылы ұғынуға болады. Астарында «Қазақ қайда барасың?» деген алашордашылардың жанайқайы менмұндалайтын қойылымды күле тамашалап отырып, іштей қоғам туындатқан сауалдарды іздейсің. Әр қазақтың көз тастар құбыласы болған ауыл өмірі, ауыл адамдарының тіршілігін сағына отырып, қойылымның комедиялық жанрда болғанымен, рухани трагедияны да астарлайтынын сезесің.

Міне, осындай салмағы зілмауыр һәм ғажайып қойылымды көрген көрермен де біз секілді тебіреніс құшағында қайтары анық.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Жетісу облысы