ҚИНАЛҒАН АДАМДЫ ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАРУҒА КӨМЕКТЕСЕМІН - ПСИХОЛОГ МАМАН

Уақыты: 17.11.2022
Оқылды: 1806
Бөлім: РУХАНИЯТ

Болашақта қандай мамандық иесі болғым келеді? Осы бір сұрақ әрбір адамды толғандырары сөзсіз. Бір кездері мен де осы бір сұрақтың жетегінде көп ойланып, өзім қалайтын, өзім сүйіп айналысатын істі таңдап жүрдім. Ақырында осы бір сұраққа жауапты таптым. Ол психология әлемі болатын.

Психология әлемі, психолог мамандығы мені несімен қызықтырады? Психолог ол дәрігер емес, ол жанның емшісі. Мен адам жанының емшісі болғым келді. Сонымен психолог деген кім? Психолог - өзінің білімі мен біліктілігіне сүйене отырып өзгелерді тығырықтан шығаруға көмектесетін ізгі жан. Өзін терең түсіне жүріп, өзгелердің жан-дүниесін түсінуге, зерттеуге ұмтылатын зерттеуші.

Міне, осыншама жақсылық атаулыны жүрегіне, ақылына, санасына шоғырландыра алатын ізгі жан иесі психология мамандығын таңдауымның басты себептері осындай. Себебі мен адамдарға жақсылық жасағанды бар жан-дүниеммен қаладым.

Жақсы психолог болу үшін не қажет? Ең алдымен терең білім, еңбек, дәлдік, ұқыптылық, бастамашылдық, қойған мақсатына жетуге деген өз күшіне сенімділік. Бұл қасиеттер кез-келген мамандық иесіне тән емес пе? Әрине солай. Ал психолог мамандығы бұдан да зор қасиеттерді талап ететін еңбек ету барысында сезініп, білудемін. Ең маңызды қасиет ол - мәселені шығармашылықпен шешетін терең интуицияның болуы.

Қазіргі таңда мен Панфилов ауданы, Жаркент қаласында орналасқан №6 орта мектеп интернатында психолог бола жүріп, әрбір күн сайын бүлдіршіндер, ата-аналар, тәрбиешілерде кездесетін қиыншылықтар мен проблемаларымен бетпе-бет кездесіп өз білігімді шыңдау үстіндемін. Жалпы мені қоғамдағы басты проблемалардың бірі жасөспірімдер мәселесі қатты толғандырады. Олардың ішкі жан күйзелісін түсіне отырып, заманның індетіне айналған суицид ауруымен күресіп, өскелең ұрпақты осы бір әбжыланның уытынан құтқарғым келеді. Соңғы кездерде психолог мамандығына қажеттілік көбірек туындап отыр.

Бұл немен байланысты? Мұның себептері көп, көмекке жүгінген әр адамның біреуі жалғыз және оның қайғысына ортақтасып, қуанышына бөлісетін ешкімі жоқ. Енді біреуі шынында да көмекке зәру. Психологтың жұмысы осы себепті табу, онымен тіл табыса отырып жұмыс жасап, оны жою тәсілдерін қарастыру. Сондықтан мен өз мамандығымды қоғамға қажеттілігін сезіне отырып, ерекше жақсы көрем және жақсы психолог болу үшін тынбай еңбектенемін.

Әмина АМАНГЕЛДІ,

№6 орта мектептің педагог-психологі

Панфилов ауданы,

Жетісу облысы