АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖЫР-ТЕРМЕ МЕКТЕПТЕРІ АШЫЛЫП, ҰЛТТЫҚ ӨНЕР ҰЛЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 18.11.2022
Оқылды: 1594
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бабалар сөзін жаңғыртып, жас ұрпаққа ұлттық тәлім-тәрбие беру мақсатында жер-жерде жыр-терме мектептері ашылып, жұмысын бастап жатыр. Жуырда дәл осындай игілікті іс Еңбекшіқазақ ауданында жалғасын тапты. Қаракемер ауылдық Мәдениет үйінде Тоқтасын Әбілезұлы атындағы жыр-терме мектебінің тұсауы кесілді.

Салтанатты шарада облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Нұрғали Әшір, ҚР Мәдениет қайраткері Балтабай Ибраев, жыршы Серік Сүйіндік сөз сөйлеп, өнер мектебінің ғибраты туралы кеңінен әңгімеледі.

Мәдени шараға қатысушылар өнер мектебіне есімі берілген Тоқтасын Әбілезұлының өмірбаяны туралы бейнекөріністі тамашалады. Ол кісі Кеген ауданы Тұйық ауылының тумасы. Әкесі Әбілез сегіз қырлы, бір сырлы жан болған екен. Сол қасиет Тоқтасынға да дарыған. Ол өнер десе ішкен асын жерге қойған. Қисса, дастан, ән-күйлерді орындағанда тыңдаушысын таңғалдырған. Музыкалық аспаптардың да құлағында ойнаған. 1970 жылы Эстония астанасы Таллинде өткен халықаралық фестивальде лауреат атанады. Тоқтасынның алға қойған мақсаттары көп еді. Бірақ отау құрғанына екі күн толғанда тағдыры күрт өзгерді. Рудниктегі шахтада апат болып, ол топырақ үйіндісінің астында қалады. Екі жыл аурухана төсегіне таңылып, беті әрең дегенде бері қарайды. «Мен мүгедекпін» деп салы суға кеткен жоқ. Өнері әрдайым күш беріп отырды. Тоқтасынның айтқан әндерін ел-жұрты әлі күнге дейін сағынады.

– Мен Тоқаңның қасында 35 жыл бойы бірге жүрдім. Ол тума талант еді. Музыкалық білім алмаса да төрткүл дүниенің әнін салған, төрткүл дүниенің күйін шерткен. Ұлттық аспаптардың барлық түрін меңгерген өнерпаз. Өнер мектебіне ағамыздың есімі беріліп, қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз. Жас ұрпақтың арасынан Тоқтасындай таланттар көптеп шығатынына кәміл сенемін, – деді Балтабай Ибраев.

Кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер Асқар Наймантай, қаламгер Шаяхмет Құсайынұлы, Қаракемер Мәдениет үйінің директоры Арайлым Мамырбековалар сөз алып, ойларын ортаға салды. Ақындар  Даубай Әбдісаев пен Нұргелді Қожан айтыстың көрігін қыздырды. Тоқтасын Әбілезұлы шырқаған әндерді аудан өнерпаздары Қали Ұлан, Ермек Рахмет, Шәмшия Ахметовалар қайта жаңғыртып, көрерменді бір серпілтті.

Қаракемер Мәдениет үйі – нағыз өнер ошағы. Мұнда 15 үйірме жұмыс істейді. Енді солардың қатарына жыр-терме мектебі қосылды. Кешке жиналған көпшілік өнерлі ұрпақ көбейе берсін деген тілек білдірді.

***

Талғар ауданында да айтыс мектебінің негізін қалаушы, ақын Құланаян Құлмамбет атындағы жыр-терме сыныбы салтанатты түрде ашылды.

- Біз Құланаян Құлмамбет дегенде ұлттың рухани мұрасын, сол арқылы бүкіл қазақ даласындағы жыраулық, жыршылық, ақындық мектебін еске түсіреміз. Құланаян шындығында өз заманының таза қайраткер тұлғасы болды. Ол елін, жерін, ұлтын мақтап, жырлады. Өзінің ақындық қабілеті арқылы 9 ақынды қатарынан жеңіп, айтыстың биік шыңына жеткен тұлға еді. Ақын, әнші, айтыскер Құланаян Құлмамбеттің мақамдары да түрленіп отырған. Бұл Жетісу жыр мектебінің үлгісі. Сондықтан бұл ұрпақ үшін өте маңызды шара. Мұның ар жағында ұлтымыздың ұлы байлығын кейінгі ұрпақтың санасына сіңіру мақсаты тұр. Жаңағы кішкентай бүлдіршіндердің батырлар жырынан үзінділер, жыр-термелер айтуы біздің халықтың қазына байлығын қайтадан тірілтуі. Бұл тек қана Құланаян Құлмамбетті ғана емес, соның айналасындағы Жетісудағы жыр, жыраулық мектебін қайта жаңғырту. Осы арқылы мәдени қазына-байлығымызды дамыту, ұлтымыздың құндылығын әлемге әйгілеу. Мұны ұйымдастырып отырған азаматтарға алғыс білдіруіміз керек, – деді өнер зерттеушісі, филология ғылымының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы.

Жас ұрпақтың бойына дәстүрлі өнердің дәнін егетін өнер ошағының ашылу салтанатына арнайы атбасын бұрған өнер майталмандары, дәстүрлі әншілер Рамазан Стамғазиев пен Тілеулес Құрманғалиев әуелете ән шырқады. Сондай-ақ, «Алатау аясында» халықтық ансамблі мен белгілі жырау Набат Ойранованың жас жыршылары өнерлерін тарту етті.

- Басқарма 8 бағытта жұмыс жасайды. Соның бірі ұлттық өнерімізді, халық шығармашылығын дамыту, осы бағытта түрлі байқауларға қатыстыруға жыршы-термешілер жоқтың қасы.  Бүгінгі күні жастарымыз телміріп, телефоннан бас алмайды. Бәрі  интернет желісіне байланған заман. Ұлттық өнерге деген қызығушылық артта қалып бара жатқанын сезініп отырмыз. Сондықтан біздің мақсатымыз – ұлттық тарихымызды, құныдылығымызды, салт-дәстүр, өнерімізді насихаттау, – деген Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әлия Жақыпбекова жаңа ашылған өнер ошағынан жыр-термешілердің көптеп түлеп ұшуына тілектестігін білдірді. 

Болат МӘЖИТ,

Ұлбосын ИСАБЕК

Еңбекшіқазақ, Талғар аудандары,

Алматы облысы