АУЫЛ БАЛАЛАРЫН ҚАНАТТАНДЫРҒАН ЖАҢА ЖОБА: БІРІНШІ КЕЗЕҢ АЯҚТАЛДЫ

Уақыты: 21.11.2022
Оқылды: 2135
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жетісу облысының білім басқармасы, Жетісу дарын орталығы және «IQanat» қорының мұрындық болуымен өңіріміздегі ауыл балаларына арналған 8-сынып оқушылары арасында «IQanat» республикалық олимпиадасының 1-ші аудандық кезеңі өтті. Байқауға 1500-ге жуық оқушы қатысты.

Олимпиадада оқушылар «Математикалық сауаттылық», «Логикалық ойлау», «Кеңістік ойлау», «Оқу сауаттылығы» бойынша тест тапсырды. «IQanat» олимпиадасының мақсаты – ауыл мектептері оқушыларының қазақстандық және шетелдік алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына оқуға түсу мүмкіндігіне тең қолжетімділікке ие болуларын қолдау.

Осының барлығы еліміз бойынша 97 жомарт жанның және 75 тәлімгердің арқасында іске асып отыр. Қамқоршылар – ауыл оқушыларына көмектесу және сапалы білім алу мүмкіндігін беру ниетімен біріктірілген қазақстандық кәсіпкерлер. 2-кезеңге оқушылардың жоғары балл жинаған 10 пайызы өтеді. 3-кезеңнің республикалық додаға әр ауданнан жоғары балл алған 4 оқушы жолдама алады.

Ақтық сында жеңімпаз атанған оқушы Бурабайдағы «IQanat High School of Burabay» мектебіне оқуға түседі. Ал 3-ші кезеңге өткендер іріктеуге қатыса алады. Айта кетейік, 2-ші облыстық кезең көктемдік демалыста Талдықорған қаласында өтеді. 3-ші республикалық кезең жазғы демалыста Астана қаласында ұйымдастырылмақ.

Айдар ҚАЛИЕВ

Жетісу облысы