МАҒЖАННАН ЖИІ-ЖИІ КЕШІРІМ СҰРАУМЕН БОЛДЫМ. ЖАЗУШЫ АЛМАС НҮСІППЕН СҰХБАТ

Уақыты: 26.11.2022
Оқылды: 1597
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жуырда жазушы Алмас НҮСІПТІҢ «Мағжан» атты пьесасы Түркістан театрында сахналанды. Бұл – оның алғашқы драмалық шығармасы. Жайдарман жаңалыққа «Jetіsý» газетінің ұжымы да алабөтен қуанды. Өйткені, Алмас еңбек жолын осы басылымнан бастаған болатын. Әріптесімізге құтты болсын айта отырып, авторды әңгімеге тартқан едік.

– Мағжан туралы пьеса жазу идеясы ойыңызға қашан және қалай оралды?

– Мағжан туралы жазам, драматургияға келемін деген жоспар кенеттен өрбіді. 2010 жылдан бастап проза, әдебиеттану саласында шығармашылықпен айналыса бастадым. 2011 жылы магистратурада оқып жүрген кезімде алғашқы повесім мен әңгімем баспасөзге шықты. 2012 жылы тұңғыш жинағым жарық көрді. Одан кейін журналистика саласына ойыстым да, көркем шығармашылық саябырсыды.

Әрине, әдебиет туралы ойланып жүрдім. «Жазу керек еді» дейсің. Дейсің де қоясың. Оның үстіне, жазғаныңа ақша төленбеген соң да ынталана қоюың қиын. Сол кездерде «қазіргі әдебиеттегі аз да болса ақша төленетін жалғыз жанр осы драматургия болып қалған шығар» деп әңгіме соққаным есімде. 
Ал идея қалай пайда болды дегенге келсек, ол «Түркістан» театрының директоры Айнұр Көпбасаровамен таныстығымнан басталды. Екеуміз «Мағжан» туралы пікірлестік. Ол жазып көрсең деді, мен жаздым. Ұнатты. Әрине, қысқартулар мен толықтырулардың болатыны заңдылық.

– Шығарма қанша уақытта аяқталды?

– Шығарма жазылар қарсаңында жұмысымнан ақысыз демалысқа шықтым. Бас-аяғы екі айда пьесаны бітірдім. Бір жарым ай Мағжанды зерттеп, жарты ай жазуға кетті. Одан кейінгі «қол суыту», қысқарту, балталап отырып түзеу жұмыстары өзінше бөлек хикая.

– Жұмыс барысында қандай ізденістерге ден қойдыңыз? Қандай ерекшеліктерге көңіл бөлдіңіз?

– Спектакльді көрмеген, пьесаны оқымаған адаммен сұхбаттасу қалай болар екен деп өзім де ойлап едім... Драматург боп шыға келген бұл кім сонша деді ме екен, бірер БАҚ хабарласты. Бірақ, «Jetіsý» алғашқы жұмыс орным болғандықтан және тілеулестікпен сұхбатқа шақырғанда, «жоқ» дей алмадым. Пьесаны өзім жақын араласатын жігіттерге көрсеткенім болмаса, жарияға шығарғам жоқ. Арнайы сұрағандарға да бермедім. Себебі, біраз уақыт өзіме келіп алайын дедім. Жаңа шығарманы араға уақыт салып, қайта қарау керек деп ойлаймын.

«Мағжанның сахналануы, одан бөлек көрерменнің Мағжанға деген махаббаты – пьесаның жақсы жазылғандығы туралы ой қалыптастырған болар... Негізгі нұсқасын жарыққа шығарам, негізгі әңгіме де сол кезде айтылады.

– Мағжанның образын сомдау күрделі шығар? Тағдыр тартысын көрсету үшін қандай оқиғаларды таңдадыңыз?

– Мен шығармаға дайындық кезінде, жазу үстінде Мағжаннан жиі-жиі кешірім сұраумен болдым. Бұл өзі қызық хәл. Кешірім сұрайсың және медет тілейсің. «Шімірікпей сен туралы жазуға дәтім барғаны үшін кешір, бірақ, ақыры осылай болып қалған екен, қолдап жібер» деген сияқты... Бір күн қолың жүреді, бір күн түңілесің... Мұндайда тым секемшіл болып кетесің. «Мағжан рұқсат бермеді» деп көп ойлай бастайсың.

Мағжан өмірінің қай кезеңін алам дегенде, алғашында түрмедегі соңғы сағаттарын жазғым келген. Яғни, бас кейіпкер ертең атылатынын біледі. Бүгін ақырғы күні екенін білген адам қандай күйде болады? Мағжанның осы хәлін бергім келген. Шексіз азап және ең соңында дәтке қуат қылатыны – ұлты үшін өліп бара жатқаны. Таңға жуық өз жаназасын өзі шығарады. Өлеңмен. Репрессия кезінде атылып кеткендердің бәрі аруланып жерленген жоқ, күресінге тастала салды не өртелді. Кейін Мағжанды зерттей келе, бұл идеям өзіме қанша қымбат болса да бас тартуға тура келді. Бірақ, соңғы нұсқадағы жаназа бәрібір сақталды.

– Сонда ақын өмірінің қай кезеңіне тоқталдыңыз?

– Мағжан 1921-22 жылғы ашаршылықта елден жылу жинап, аштыққа ұшыраған Сарыарқаға мал, ас-ауқат таратқан. Біз бұл тұрғыда Жүсіпбек Аймауытовты ғана көп айтамыз. Мағжанның мұнысы маған жаңалық болды. Және Сарыарқадағы аштықты жаңа орнап, естерін жия алмай жатқан Кеңес өкіметіне дәлелдеу өте қиын болған. Сонда, әлі 30-ға жетпеген жас жігіттер – Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезовтер жылға жуық күресіп жүріп, аштарға көмек көрсету комиссиясын құрған. Жылу жинауға рұқсат алу үшін ғана қаншама айтысқа түскен.

Бұл Мағжан өміріндегі депрессия кезеңі. Ұлы депрессия деп айтам. Мағжанның шығармашылығына үлкен бетбұрыс әкелген, жандүниесін төңкеріп өткен оқиғалар өткен кезең. Отбасылық трагедия – Зейнеп деген әйелі туыттан қайтыс болады, Граждан деген ұлы жылға жетпей шетінеп кетеді. Жалпы елдегі жағдай – 1919 жылы Алашорда жеңіледі, одан кейін елді аштық қысады. Ресми деректе 900 мың қазақ дегенмен, тағы бір деректерде 1,5 миллион қазақ қырылып қалды дейді. Мен осы соңғысына көбірек сеніңкіреймін. «Бір өлім – трагедия, мың өлім – статистика» дей ме, сол сияқты, біз бұл аштықты 1931-33-пен салыстырамыз да, кіші аштық ретінде қараймыз. Мағжан осы аласапыранды көзбен көрген, арпалысқан. Қамыққан, түңілген.

Пьесада осы кезеңді таңдап алдым. Өйткені, біз аштықтан қырылған қаншама миллион қазақтың алдындағы кешу сөзімізді әлі айтқан жоқпыз. Қаншама қазақ жаназасыз, ақсөңке болып шашылып қалды. Бізде «бабамыз батыр болған деген» біржақты ұғым қалыптасқан. Ұлы қорланған, қызы зорланған ұлт екенімізді айтқымыз келмейді. Бұл – ұлттық комплекс. Адам өзінің кемшілігінен айту арқылы арылады ғой. Айтпаса, құса жиналады, құса адамды психологиялық тұрғыда ауруға шалдықтырады. Іште кірне сақтамау керек. Ұлт та сондай. Мағжан Всеволод Ивановтың «Бала» деген әңгімесін не үшін аударды деп жиі ойланам... Мен Мағжанның «Мені де өлім әлдилесі» арқылы сонда қырылған қазақтардың да «жаназасын» шығарғым келді. Дұға оқығым келді.

– Пьеса режиссерға қандай ерекшелігімен ұнады? Ол спектакль болып сахнада қойылуы үшін сізге қандай талаптар қойды? Ойларыңыз қалай тоғысты? Сахна құпиясын меңгеру несімен қызық, несімен қиын?

– Пьеса – драматургтың шығармашылығы болғанда, спектакль – режиссердің шығармашылығы деп есептеймін. Бір пьесаны әр режиссер әртүрлі қоятыны содан. Түркістан театры пьесаны италияндық режиссер Давид Ливерморға (Davide Livermore) ұсынып, ол қысқа уақыт ішінде қойып шықты. Кеңесші – тарихшы, академик Мәмбет аға Қойгелді болды, сол кісі екеуміз арнайы барып, қоюшы режиссерге Мағжан туралы, аштық туралы ақпарат беруге тырыстық. Өздері дайындаған, білгісі келген сұрақтары бар екен, соған жауап бердік. Ықшамдасақ, қоссақ деген ұсыныстарымен де біраз жұмыс істедік.

– Түркістан театрын таңдауыңыздың сыры неде? Көрермен қойылымды қалай қабылдады?

– Мен театр таңдап отыратын деңгейге жете қойғам жоқ. Мүмкін болармын, болмаспын, ал Қазақстанда ондай драматург жоқ. Бармын, таңдаймын десе – өтірік. Жазғаны болса, бірнешеуіне ұсынып көруі мүмкін немесе режиссерге ұсынып, сол арқылы жарыққа жол табады. Ал мені театр таңдады, мүмкіндік берді деп есептеймін. Көрермен жақсы қабылдады. Жылап шыққандар көп болды. Әлеуметтік желіде «Мағжанның бұл қайраткерлігін білмеппін», «Қазақтың басынан өткен нәубет туралы басқаша ойлай бастадым» деген секілді пікірлер жазылды.

– Спектакльдің түркі әлеміне жол тартуына негіз қаланды ма? Қазір сізді не толғандырады?

– Спектакль түркі әлеміне шыға ма, әлемге шыға ма деген мәселе туралы айтқым келмейді. Рас, «Мағжанның» халықаралық аренаға шыққанын, үлкен жүлделер алғаны туралы тәтті қиялдар иектей бастайтыны болады кейде. Бірақ, қалай дегенде де қойылымның ары қарайғы тағдыры бізге беймәлім ғой. Көрермені қанша болады, ғұмыры қаншаға созылады... Бастысы, шығарма жазылды, сахналанды. Бұл мен үшін үлкен мүмкіндіктің басы деп есептеймін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Болат МӘЖИТ