ТАЛДЫҚОРҒАНДА ӘНШІ-БИШІЛЕР КОНЦЕРТ ҚОЙЫП, КҮЗ МЕЗГІЛІМЕН ҚОШТАСТЫ

Уақыты: 26.11.2022
Оқылды: 1628
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жетісу облыстық филармониясының ғимаратында ән әуелеп, асқақ күйдің тасқыны жүрек тебірентті. «Күзгі әуен» тақырыбымен өрнек тапқан концертке келген көрерменнің көңілі көкжиекпен астасқандай ерекше күйге бөленді.

Шараның әлқиссасы облыстық филармония бишілерінің орындауындағы «Гәкку» биімен ашылды. Айта кетерлігі, театрландырылған концерт заманауи нақышта орын алуымен ерекшеленді. Жанды тебірентті, жүректі толқытты.

Аталмыш кеште ҚР Мәдениет саласының үздігі Бейбіт Мұсаев, «Dombyra Life» триосы, Жомарт Тәкебаев пен Гүлбану Лахаева, Ақбота Сабыржанова, Бексұлтан Бекайдаров, «Браво» триосы, Асхат Мадиев, Бауыржан Мырзабеков, Гүлсім Малисова, Азамат Үмбетов, Мәулеш Әбжаппаров, Шәміл Аймұханов, Алмас Жексенбаев, Бақытгүл Әбенова сынды саз өнерінің саңлақтары әуелете ән шырқап, арасында сахналанған эпизодтық қойылым арқылы көпшіліктің жүрегіне жол тапты.

Рухты жаныған жігерлі, сезімнің нәзік қылын шерткен сырлы әндер асқақтап, бишілердің мың бұралған биі шабыт берген әсерлі кеш бұған дейін өтіп келген рухани шаралардан тым өзгеше көрініс алды. Бұл орайда замана сұранысына икемделген, бүгінгі көрермен мен тыңдарман талғамына сай орайластырылған концерттің режессері – ҚР Мәдениет қайтаркері, театр және кино актері Берікқан Төкеновтің еңбегі ерен екенін жасыра алмаймыз.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Жетісу облысы