ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ҚАЛАЙ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІК? ҚАНДАЙ ТАРИХИ КЕЗЕҢДІ БАСТАН ӨТКЕРДІК?

Уақыты: 09.12.2022
Оқылды: 3163
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз.

Еліміз тәуелсіздік бесігінде тербеліп келеді. Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз Президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы бар. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптасты.

Тәуелсіздік - ту етер, Тәңір сыйлаған, жаныма жақын, құлағыма жұмсақ естілетін, естігенде жұдырықтай жүрегімді қуаныш кернейтін тәтті ұғым, елімнің басына қонған бақ құсы. «Елім егемендікке қалай қол жеткізді, қандай тарихи кезеңдерді бастан өткізді?» деген сұрақтарға жауапты төл тарихымызбен танысу арқылы көз жеткіземіз. Кешегі Керей мен Жәнібек, Абылай мен Әбілқайыр сияқты атақты хандарымыз қанын төгіп қорғаған ұлан-ғайыр жер біздің асыл қазынамыз.

Қаншама зұлматты замандар, қиын-қыстау кезеңдер өтіп, өркениетіміз толыққан сайын адамзаттың ақылы жаңалықты аңсайтыны белгілі ғой. Алайда аштық, соғыс, талас-тартыстардан әбден азайып, әлсіреген ұлтымызды соңында орыстар отар етті. Қой үстіне бозтарғай жұмыртқалаған заманды аңсаған ата-бабаларымыздың арманы адыра қалып, «отыр» деді отырдық, «соғыс» деді соғыстық, бұйрығына бағындық.

Отар болдық екен деп қазақтың қанында қайсарлық өшкен жоқ, күш-қуат азайған жоқ. Есімізге түсірсек, сонау майдан даласында да өзінің өжеттігін көрсеткен қазақтың қайсар қыздары Әлия мен Мәншүк, қайратты жігіттері Бауыржан мен Қасымдар естен кетпес кешегі шындық, бүгінгі аңыз! Соғыс бітіп, жеңіс келіп сүйіндік, алайда сүйініш ұзаққа созылмастан қазақтың басшылығына орыс келетінін естіген ел тыныштала алмады. Кешегі саф алтын рухты «сақтың» ұрпағы ұрандап тағы да алаңға шықты. Асан Қайғы бабамыз іздеген жерұйықты армандаған жастардың арманына ешкім тосқауыл қоя алмады, қырылды, тартысты, қан төкті, жан берді, түбінде азаттыққа қол жеткізді. Бабаның арманын бала орындап – Қазақстан Республикасы болып, өз тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Бүгінде Астана арман қалаға айналды. Апортына бүкіл ел сүйсінген Алматының өзі мәдениет пен әдебиеттің қаласы, ірі қаржы орталығы атанды. Отанымыздың болашағы өз қолымызда. Егер әрқайсымыз жанымыздың бір бөлігін елімізге берсек, одан әрі дами береді.

Арайлым РАЗБЕКОВА,

"Сарыөзек орта мектебі МДШО" КММ көркем еңбек пәні мұғалімі

Кербұлақ ауданы,

Жетісу облысы

Сурет - ғаламтордан