ӨРЕНДЕР ТҮСТІ САЙЫСҚА

Уақыты: 13.12.2022
Оқылды: 1735
Бөлім: РУХАНИЯТ

 Туған жердің қасиеті мен киесін, сұлулығы, тылсымы мен тұмсасын жас жүрекпен жырлап, ақ ниетпен бедерлегенге не жетсін, шіркін?! Жастық шағында салалы саусағына қалам қыстырған қаламгерлердің дені ең алғашқы іңкәрлігін туған жерге, Отанға арнап жатады. Өйткені адамзаттық парасаттың ең биігіндегі махаббат өз елі мен туған жеріне, ата-анасына арналатынын ешкім теріске шығара қоймас.

         Осы орайда, туған тіліміз бен тұғырлы тәуелсіздігіміздің ертеңгі ту ұстаушылары саналатын бүгінгі жас буынның отансүйгіштік, елжандылық сезімін нығайтып, шығармашылық әлеуетін арттырып, лингвистикалық капиталын дамыту мақсатында өткен «Қасиетті өлке, киелі мекен» атты облыстық шығарма байқауы мәресіне жеткен-ді.

         Жетісу облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өрнек тапқан шараның марапаттау салтанатында алғашқы болып аталмыш басқарманың басшысы Ермек Ақшабаев сөз алып, байқаудың мақсаты мен міндетін тағы бір мәрте түсіндіріп өтті. Облыс бойынша 70-ке жуық оқушы байқауға талап білдіргенін жеткізді. Өз кезегінде сөз алған қазылар алқасының төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты  Әміре Әрін тауанды тарихтан сыр шертіп, Жетісу жері байырдан бүгінге дейінгі 20 мемлекеттің мекені болғанын, сол қағанаттар мен мемлекеттердің 12 астанасы осы топырақта еңсе тіктегенін термеледі. Сондықтан ең қасиетті тақырыптың бірі «Жетісу» екенін де ерекше атап өтті.

         Өзендер өрнектеген өлкенің ән өнерін асқақтатып жүрген Арафат Ысқақов, Элмира Дәуренбекова сынды күміскөмей әншілер ән шырқаған шараның марапаттау рәсімінде Талдықорған қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы №10 орта мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Жібек Малдыбай жарыс жеңімпазы деп танылып, І дәрежелі диплом және 100 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Өз кезігінде ІІ және ІІІ орын алған, ынталандыру сыйлығына ие болған оқушылар да диплом және ақшалай сыйлықтарды қанжығасына байлады.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ,
Жетісу облысы