"ЖЕТІСУ" ГАЗЕТІНЕ 30 ЖЕТКІНШЕК ЖАЗЫЛДЫ. "ҚАЗПОШТА" ҰЙЫМДАСТЫРҒАН ШАРА

Уақыты: 20.12.2022
Оқылды: 2190
Бөлім: РУХАНИЯТ

Баспасөзге жазылу күні аясында "Қазпошта" АҚ Алматы облыстық филиалы арнайы шара өткізді.

Шараға келушілер қатары көп болды. Айрықша айтар бір дүние, осы күні "Мерейлі отбасы-2022" ұлттық байқауының Жетісу облыстық, республикалық жеңімпазы Андас әулеті "Білімге құштар мектеп" жобасы аясында білім басқармасымен бірлесе отырып, аудан, қаладан 30 баланы облыстық "Жетісу" газетіне жаздырды. Шарада Андас әулетінің отанасы, "Парасат" орденінің иегері, "Алтын алқалы" ана, этнограф, қолөнер шебері Әуесхан Мажайқызы сөз алып:

- Елімізді өркендету үшін жастар өнер, білім, ғылымға құштар болуы керек. Қашанда руханиятқа жасалған демеушіліктің бәсі басым болады. Сондықтан балалармен ақылдаса келіп, оқуға құштар, ынталы жеткіншектерге жігер берсін деп осылай игі істі қолға алдық, - деді.

Шара соңында ынталандыру мақсатында "Өлке тынысы" ЖШС тарапынан "Жетісу", "Огни Алатау" газеттеріне жазылғандар арасында екі-екіден құны 40 мың теңгелік сертификат ойнатылып, жеңімпаздар анықталды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"