АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ СТУДЕНТТЕРГЕ ДӘРІС ОҚЫП, ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 21.12.2022
Оқылды: 2461
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облысының әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ арнайы іссапармен Қарасай ауданында болып, тұрғындар алдында есеп берді. Алдымен Қаскелең қаласында орналасқан Сулейман Демирель университетіне ат басын тіреп, оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысқан аймақ басшысы соңынан мәслихат депутаттарымен кездесіп, келелі мәселелер жөнінде кеңесті. Халықпен кездесуден кейін Жібек жолы ауылында салынып жатқан «Алтын таға» ЖШС-не қарасты темір-бетон зауытының құрылысымен танысты.

Бүгінгі күнге облыстағы жалғыз жоғары оқу орны саналатын Сулейман Демирель атындағы университет ректорының міндетін атқарушы Алмат Жайлаубаев мәртебелі қонақтарды қарсы алып, білім шаңырағының жұмысымен жан-жақты таныстырып өтті. Университеттің бас жоспары көрсетілген  көрнекті құралда білім шаңырағының жұмыс жасап тұрған бөлігімен қатар, болашақта салынатын ғимараттары да көрсетілген екен. Жоба бойынша мұнда тағы да бірнеше оқу корпустары  мен жатақханалар, спорт залдары бой көтермекші.

Аудиториялар мен лекция залдарын, кітапхана мен студенттердің тынығатын, ас ішетін орындарын аралап шыққаннан кейін Марат Елеусізұлы униврситет білімгерлерімен кездесіп, өлкеміздегі білім мен ғылым саласы жайлы ойларымен бөлісті. Еліміздің болашағы – жастармен жүздесуге мүмкіндік жасағаны үшін алғыс білдірген өңір басшысы «Әкімшілік: іс жүзінде қалай жұмыс істейді және ол ел экономикасының дамуына қалай әсер етеді?»  деген тақырыпта лекция оқыды.

Алдымен жастардың лайықты білім алуына мүмкіндік туғызу үшін облыс бюджетінен 100 грант бөлінгенін тілге тиек еткен ол жаңадан Алматы облысының орталығы болған Қонаев қаласының бүгіні мен болашағына тоқталып өтті. Мұнда өзге де әлеуметтік ғимараттармен қатар академиялық қалашық салу жоспарланғанынан жұртшылық құлақтанып қалған. Сондықтан алдағы уақытта білімді де білікті жас мамандарға деген сұраныс артатыны анық. Сонымен қатар, өлкеде туризмді дамытудың мүмкіндіктер мол. Әсіресе, Көлсай көлдері маңында орналасқан ауылдар толықтай осы салаға бейімделіп келеді.  Дегенмен, бұл салаға әлі де болса кәсіби мамандар жетіспейді.

Осыдан кейін Алматы облысының экономикалық әлеуеті жайлы баяндаған өңір басшысы болашақта 5 индустриялық аймақ  ашу жобаланғанын тілге тиек етіп, оған шет ел компаниялары қызығушылық танытып отырғанын айтты.

Қонаев қаласы мен екі ортада бой көтеретін серіктес қалалар салу барысында қажетті материалдарды шеттен әкелмей, толықтай қазақстандық мазмұнға көшіру экономикамыздың локомотивіне айналатыны сөзсіз.

Алматы облысында ауыл шаруашылығы өркендеген. Тұрғындардың 80 пайызы ауылды жерде. Осы орайда ауылдарда жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік саланы дамыту аса маңызды. Демек, жердің құнарлылығын арттыру, су тапшылығын азайту, мал тұқымын асылдандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Балқаш ауданындағы күріш, Шеңгелдідегі пияз өсіру алқаптарын қалпына келтіру де өзекті мәселелердің қатарында. Сол сияқты өлкемізде балық шаруашылығын өркендетудің де мүмкіндіктері мол. Қой шаруашылығын өркендетуде мал басын асылдандыру, жүн мен тері өңдеуді жолға қоюдың маңыздылығы жоғары. Осы бағыттағы жұмыстар мақсатты түрде жүзеге асырылатын болады.

Алматы облысы негізінен ауыл шаруашылығына негізделгенімен өңірде қазба байлықтардың қоры көптеп саналады. Жер қойнауын пайдалануды ғылыми әрі өндірістк жолға қою басты бағыттардың біріне айналатын болады. Жуырда Алматы облысының 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасы қабылданды. 

Осынадан кейін Марат Елеусізұлы өлкемізде 52 мектептің оқушылары үш ауысымда оқып жатқанын тілге тиек етіп, 2026 жылға дейін бұл мәселе толықтай шешімін табатынын жеткізді. Демек, жоғары білімді жас мамандарға қашанда есігіміз ашық  деді ол сөзінің соңында.

Кездесу барысында униврситет студенттері облыс басшысына өздерін толғандырып жүрген мәселелер бойынша сұрақтар қойып, тұщымды жауап естіді.

Бірден айта кетейік, Қарасай аудандық Мәдениет үйінде өткен облыс басшысының тұрғындармен кездесу жиыны 3 сағаттан артық уақытқа созылды. Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Дәулет Жарасбаев жүргізіп отырған алқалы жиында алдымен Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов 2022 жылдың 18 маусымында облыс әкімінің аудан тұрғындарымен болған кездесуінде қабылданған іс-қимыл жоспарының орындалуы және алдағы уақытта жоспарланып отырған жұмыстар жөнінде баяндама жасаған.

Жасұлан Тоққожаұлы өңірде өндіріс саласы өркендеп келе жатқанын атап өтіп, ауыл шаруашылығындағы жекелеген кедергілерге тоқталды. Сонымен қатар, баяндамашы  өткен кездесу кезінде тұрғындардан түскен өтініш-тілектер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен болашақта жаалынатын шараларға кеңінен тоқталды. Бүгіндері тұрғындар саны 320 мыңға жуықтап қалған ауданда жол, су, жарық, газ, үш ауысымды мектеп пен жекеменшік үйлер мен жерлерді рәсімдеу өзекті мәселелердің қатарында қалып келеді. Аудан әкімі осы және өзге де жайларға тоқталып, ауданның болашақ жоспары туралы кеңінен мағлұмат беріп өтті.

Осыдан кейін мінберге көтерілген Марат Елеусізұлы жиылған жұртшылықты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс Президент сайлауындағы жеңісімен құттықтап, Жаңа және Әділетті Қазақстан құрудағы бастамаларға сәттілік  тіледі. Үш жылға жуық әлемді әбігерге салған пандемияға қарамастан өлкеміздің экономикасы дамып келе жатқанын тілге тиек еткен өңір басшысы облыста өткен жылмен салыстырғанда өнеркәсіп өндірісі 6,5 пайызға, құрылыс жұмыстары 16,5 пайызға, инвестиция 11,3 пайызға артқанын жеткізді.

Бұл жетістіктерге Қарасай ауданының қосқан үлесі де қомақты, яғни, өнеркәсіп өнімінің 33,5 пайызы осы ауданға тиесілі. Мұнда облыстағы барлық кәсіпорындардың төрттен бірі, немесе 358 кәсіпорын жұмыс стейді.  Олардың шоғырлануы  бүгінде өлке бойынша бірінші орынға шығып отыр.

Облыстың агроөнеркәсіп кешені, өсімдік, мал, құс, жылыжай  шаруашылығындағы қол жеткен табыстар мен кемшіліктер, инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту, халықты қолжетімді бапанамен, сапалы ауыз су, жол және көгілдір отынмен  қамтамасыз ету мәселелері кеңінен сөз болды. Жиын барысында саяжайлардың мәселесі, «Алтын Орда» базары, білім беру мен денсаулық сақтау, халықты  жұмыспен қамту және мәдениет пен спорт  салаларының өзеңті мәселелері талқыға салынды.

Кездесуге келген аудан жұртшылығының облыс басшысына арнаған сауалдары да мол екен. Микрофонға шыққандар негізінен саяжайлардың мәртебесі, жол мен жарық және ауыз су жайын, көшелердің абаттандырылуын тілге тиек еткен. Осы жайларға қосымша  көп балалы  және аз қамтылған отбасылар, ерекше балаларға қажетті күтім жасайтын мекемелер, үш ауымсымды мектептер мен оқушыларды тасымалдау мәселесі көтеріліп, Марат Елеусізұлы мен Жасұлан Тоққожаұлы тарапынан  жан-жақты жауаптар алды. Өңір басшысы мен аудан әкімі тұрғындардың талап-тілектерін қарап, қажет болған жағдайда көмек жасауға уәде берді.

Жиыннан кейін Марат Сұлтанғазиев Жібек Жолы ауылында бой көтерген «Алтын таға» ЖШС-не қарасты темір-бетон зауытының құрылысымен танысты. Шет елдердің озық технологиясымен жабдықталған, кез-келген күрделі ғимараттарды салуға қажетті материлдарды өндіруге қабілетті кәсіпорын құрылыс нарығын қазақстандық мазмұнмен өркендетуді мақсат етіп қойыпты. Бұл қаражаттың өз елімізде қалуын қамтамасыз етумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашып, құрылыс индустриясын дамытуға үлес қосатын  отындық кәсіпорын болады.

 

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Қарасай ауданы,

Алматы облысы