ЖЕТІСУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ТАНЫМАЛ ПРОФЕССОРДЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫ ТОЙЛАНДЫ

Уақыты: 26.12.2022
Оқылды: 1894
Бөлім: РУХАНИЯТ

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде профессор Жомарт Жапарұлының 80 жылдық мерейтойына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

"Жыл сайын желтоқсан айында дәстүрлі «Жансүгіров тағылымдары» атты конференция өтетінін білесіздер. Білім ордасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтың еңбегін насихаттау, өмір жолын жастарға үлгі ету мақсатында осы конференцияның биылғы тақырыбын Жомарт Жапаровтың 80 жылдығына арнап отырмыз", – деді өзінің алғы сөзінде ректор Қуат Баймырзаев.

Республикалық конференцияда ҚазҰАУ профессоры, ф.ғ.к. Ізетәлі Тілешов, «125 high schol» мектебінің физика пәні мұғалімі, ф.м.ғ.к. Манат Шәкенов, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, п.ғ.д Сабыргүл Сейітова сынды оқытушы-ғалымдар ғылыми баяндама жасады. Онда жаңа Қазақстандағы жаңашыл үрдіс бағдары, Жомарт Жапаров мұрасының қазіргі ғылымдағы орны мен маңызы сөз болды.

Жомарт Жапарұлының өмір жолы, ғылыми еңбектері, қайраткерлігі айтылды. Жиынға арнайы келген Жетісу облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Ермек Ақшабаев облыс әкімдігінің құттықтау хатын табыс етті.

Конференция соңында универсиет Басқарма төрағасы - ректор Қуат Баймырзаев Жомарт Жапарұлының жұбайы Раиса Омароваға «І.Жансүгіров университетіне - 50 жыл» мерекелік төсбелгісін тақты. «Раиса Серікбайқызы 1978 жылдан бастап шет тілі оқытушысы болып қызмет атқарып, білім шаңырағына сүбелі үлес қосқан ұлағатты ұстаз», – деді ректор.

1989-1995 жылдар аралығында «І.Жансүгіров атындағы Талдықорған педагогикалық институты» деп аталған білім шаңырағында ректорлық қызмет атқарған Жомарт Жапарұлының өмір жолы Жетісу университетімен тығыз байланысты. Институттың университет статусын алуына Жомарт Жапарұлының ықпалы зор болды.

Ұлағатты ұстаз, білікті басшы, адамдық асқарындағы арда азаматты әріптес, үзеңгілестері ерекше сағынышпен еске алып, өткен күндердің жарқын сәттерімен бөлісті.

Әйгерім ИЕБЕКОВА

Жетісу облысы