ОРТАТӨБЕДЕ ОРТА МЕКТЕП АШЫЛДЫ

Уақыты: 28.12.2022
Оқылды: 1885
Бөлім: РУХАНИЯТ

Өткен ғасырдың елуінші жылдары бой көтерген мектептің оқушылары енді су жаңа білім ошағында оқитын болды. Жаңа жылдың қарсаңында Қаратал ауданы, Ортатөбе ауылында 180 балаға арналған жаңа мектептің ашылу салтанаты өтті.

Білім ордасының құрылысына 1,1 млрд. теңге қаражат бөлінген. Құрлысты "Жөндеу-Құрылыс" ЖШС мердігер компаниясы жүргізді. Заман талабына сай салынған мектепте футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, оқушылардың демалуына, төменгі сынып оқушыларының жаттығу жасауына арналған жеке алаңдар орнатылған. Үш қабатты білім ордасында барлық жағдай қарастырылған. Сыныптардың ішінде жаңа технологиямен жабдықталып, оқушылардың алаңсыз білім алуына қолайлы жағдай туғызып отыр. Жалпы мектепте 44 мұғалім жұмыс істесе, 212 оқушы білім алады.

Салатантты шараның ашылуында аудан әкімі Ерлан Исабеков сөз сөйлеп, Ортатөбе ауылының тұрғындары мен оқушыларды бүгінгі айтулы күнмен құттықтады. Сонымен қатар аудан бойынша білім саласында атқарылып жатқан жұмысқа тоқталып, құрлысты жүргізген мердігер компаниясына алғысын білдірді. Мұнан кейін ауыл ақсақалдары батасын арнап, жаңа ғимараттың лентасын қиды. Мерекелі шараға келген қадірменді қонақтар жаңа мектептің ішін аралап көріп, сапалы жұмысқа көңілдері толып, қуанышты сәттің ақжарма тілектерін айтты.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ,
Жетісу облысы