"ҚАЗАҚ ҮНІ": ОН САУСАҚҚА КҮЙ БІТКЕН

Уақыты: 10.01.2023
Оқылды: 1889
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алмағайып замандар мен аласапыранға толы дәуірлердің шанағына тұнған шер-наланы, жортуылда жыл ұзатқан бабалардың ұлы ерліктерін тасқа қашалған тарихтан танып, ұлы өнер мұраларынан қадым күндердің қасіреті мен шаттығын жүрекке салып салмақтай білдік. Жыр-дастандар мен күмбір күйлер арқылы алпыс екі тамырды идірген ғасырлар қойнауындағы ел шежіресіне айқын сана жетелеттік. Сол рухани жәдігерлерді бізге аманаттаған дауылпаз тұлғалардың кескін-келбеті көз алдымызда бүгінгі өнер әлемінен өз есімін айшықтаған дарын иелері арқылы қайта қылаң береді. Ұлы елдің ұлық мұрасын нақышына келтіріп насихаттап жүрген Қазақстанның Мәдениет қайраткері, дәулескер күйші Талғат Оразаев та біз айтқан талант-тақсырлардың жарқын өкілі.

Қойын-қолаты манатқа малынған, көктеме жетісімен бауыры барақтанып шыға келер құйқалы мекен Кеген өңіріне қарасты Көкбастау елді мекенінде (қазіргі Ақай Нүсіпбеков ауылы) өмірге келген Талғат Ілиясұлы жасынан күй құдіретіне елтіген, елегізген талант иесі. Қарапайым отбасының қара шаңырағына шыр етіп келген ол әкесі Ілияс пен анасы Күлайханның көзқуанышы ғана болмай, киелі Жетісу жерінің күй мектебін насихаттайтын дауылпаз һәм дәулескер күйшіге айналған-ды.
Адам баласының кеудесіне қонған қасиет пен талантты бала шақтағы әрекеттерінен айқын аңғаруға болады емес пе?! «Болар бала алысқа қарайды» деген сынды небір аталы сөздер ойымызға сеп. Бүгінде күйшілік туралы сөз қозғалса, әсіресе, қазақ сахарасының екінші пұшпағынан тұрып әңгіме өрбіткендер Талғатты атамай кетпейді. Жетісу күйшілік мектебі туралы, туғанына 200 жыл толғалы тұрған, кешегі Құрманғазы Сағырбайұлы сынды дәулескерлермен үзеңгілес Қожеке Назарұлы сынды өлкеміздегі өрелі тұлғалардың туындыларын елге насихаттап, нотаға түсірген Талғат Оразаевтың өнерге сіңген еңбегін ерекше атайды. Сол кейіпкеріміз жерінің оты жұтпа қаракөк болған, атақты Қарқара мен Мыңжылқы секілді жайлауларының өзінде тарлан тарихтың табы қалған медиенде өткен   балалық шағында-ақ күйге, күйшілік өнерге іңкәрлік танытқан. Ата-анасының айтуынша шандоздап шапқан, сүргісі келіскен ағаштан алмас тиегін жонып, қалақтай етіп жасаған домбыраны Талғат бес жасында бауырына басыпты. Балғын саусағын қос ішекке жүгіртіп, өз бетінше күй үйренді. Сол жылдары ата-анасы алып берген Құрманғазы, Диналардың күйтабағын тыңдап жүріп, дәулескер Динаның «Әсемқоңырын» үтір-нүктесіне дейін айна-қатесіз пернесіне қондырды. Бұл тәңірден берілген талант емей не?!
Осылайша күй әлемінің тереңдігі мен тұңғиығына жанар тастап, өзі де сол мөлдір әлемге шым бата берген Талғат балдырған шағынан ел ішіндегі түрлі байқауларға қатыса бастады. Әсіресе, ұжымшар-ұжымшар болып жарысатын сол кездегі халықтың сауықшыл, тойшыл пейілін жықпай, өз жерінің намысын қорғады. «Орындыққа балапандай қонған қарыс бойым бар, аяғым жерге жетпей салбырап тұрушы еді. Арнайы алып жүретін қысқа орындыққа табанымды нықтап қойып, домбыраны күмбірлетіп кеп жіберетінмін. Бала болған соң, әсіресе қазақ айтқан «көз», «сөз» деген дүниелер өтеді-ау деймін, сол жиын-тойға барып келгеннен кейін қатты сырқаттанып қалатынмын», – дейді кейіпкеріміз сөз арасында.
Шабытты шақтарында шынтақсүйемдей шағын домбырасын бебеулетіп жүріп ат төбеліндей ауылының мақтанышына айналды. Мектепішілік үйірмелерде бірді-екілі күй үйренді демесе, қазақтың салқар музыкасына суаттай қоймады. Жаны аз күйді қанағат тұтпады. Сол шақта Алматыда оқып жүрген әпкесінің себепкер болуымен алып шаһардағы А. Жұбанов атындағы республикалық музыка мектебіне барып бағын сынады. 5-сыныпқа қадам басқан Талғат Оразаев әйгілі мектептегі байқауға қатысып, үш кезеңнен де сүрінбей өтті. Арнайы білімі жоқ, өз бетінше күйтабақтан үйренген оның туабітті дарыны осылайша ақ жолға бастады. Жазғы демалысында ауылға пошта арқылы келген хаттан музыка мектебіне алынғанын білді. Осылайша өзі бітіріп кеткен 4-сыныптан қайта бастап оқыған кейіпкеріміз А. Жұбанов атындағы республикалық музыка мектебінің мақтан тұтар шәкіртіне айналды. Гүлжан Айтжанова сынды білікті ұстазының тәлімін көрген ол күй құдіретін терең меңгеріп, 10-сыныпқа дейін ұлағатты ұстазының баулуында болды. Сан додада саңлақ атанды. Топ жарды.
«Жігіттің жақсысы нағашыдан» деген тәмсілді теріске шығармай, анасы жағынан біткен ұлық өнерді бойына дарытқан, терсіңді еңбекпен одан ары дамытқан Талғат Ілиясұлы аталмыш музыка мектебінде Гүлжан апайынан кейінгі дәрісті профессор Айтжан Тоқтағаннан алды. Күй құдіретіне мелдектеп, ұлы суаттан сусын қандырды. Осылайша Құрманғазы атындағы консерваторияға түскенде де Айтжан Тоқтаған классына барып, ұстазынан алған білімді одан ары толықтырып, жетілдірді. Домбыраның қыр-сырын, қазақ күй мектептерінің бәрінен шөл басқан ол алғашқы еңбек жолын сұрапыл талант иесі, шертпе күйдің шебері, төкпе күйдің төресі болған Нұрғиса Тілендиевтің «Отырар сазы» оркестрінен бастады. Осылайша таланттар тоғысқан берекелі ұжымда еңбек ете жүріп, шеберлігін тіптен асқақтатты.
«Шың басындағы шыңылтыр мұз секілді қабағында ызғары бар демесе, жүрегі жалпақ қазаққа жайылып түсетін жаны жомарт әрі асқарлықтың символы ортекедей тік мінезді Нұрғиса Тілендиевті бәріміз «Нұраға» дейтінбіз. Сол Нұраға басқаратын «Отырар сазында» жалынды жылдарымды өткердім. Талантты көп ұстаздың тәлімін алдым. Аттарын атасам біраз жерге көш шалдыруға тура келетін сол таланттар ішінде Нұрағаның асқақ бейнесі әлі көз алдымда», – деп тебіренеді күйші. Қазақ өнерінің маңдайына біткен Нұрғисаның тәлімін алып, сырқаттанған шағында қасында үш күн болып қызмет еткендегі жылы естеліктерін де әңгімеге өзек етті. Көп ұзамай дүние салған Нұрағаның жалпы адамгершілігі мен асқақ қасиеттерін де тереңнен толғады. 
Жалындаған 20 жасында «Отырар сазында» күй күмбірлеткен талант 2000 жылға дейін сол қасиетті шаңырақта еңбек етті. 2000-2002 жылдар аралығында Астана қалалық мемлекеттік филармониясында ұлт аспаптар оркестрінің белді мүшесі болды. Қазақияның қай жерінде қызмет етсе де оның домбыраның құлағында ойнайтын күйшілігін мойындамаған, шеберлігіне тәнті болмаған жан кемде-кем. Ұлы өнердің шырағданын маздатқан күйшілердің бәрі аузын ашып, көзін жұмып мойындады. Сол екпінмен келіп, Жетісу жеріне ат басын бұрған Талғат туған жердің түтінін түтетуді мұраты санады. Осылайша 2002 жылдың қоңыр күзінде жұртына оралып, Талдықорғандағы Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның «Сазген» фольклорлы-этнографиялық ансамблінде қызметін жалғастырды. Арасында Н. Тілендиев атындағы музыка мектебінде ұстаздық етіп, өрелі жастардың өнерін шыңдаумен де айналысты. Қажырлы еңбек нәтижесінде мектеп директорының орынбасары лауазымына дейін көтерілді. 2011 жылдан М. Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің бас концертмейстері және инспекторы қызметін атқаруда. Сонымен қатар, 2016 жылдан бері Қ. Байсейітов атындағы саз колледжінде ұстаздық етуде. Ұстаздық ұлағат жолында да елеулі еңбек етіп, сан шәкіртін шоқтығы биік өнердің олжа салар саңлағына айналдырғанын айта кету керек. Тіпті, бір жылы үзеңгі қағыстырған Расим Дүйсебеков, Елдар Нұрғожа, Жасұлан Мұратбеков сынды үш шәкірті бірдей Құрманғазы атындағы консерваторияға қабылданғанын ерекше атап өткеніміз жөн. Өйткені, бір ұстаздан білім алған үш шәкірттің бірдей консерваторияға қабылдануы колледж тарихында бұрын-соңды болып көрмеген жағдай еді. Иә, алыс-жақын шетелдердегі, елдегі додаларда саңлақ атанған шәкірттеріне қарап Талғат Оразаевтың ұстаздық білігін бағамдай беруге болады. Бүгінде Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында білім алып жатқан Талшын Өмірзақ, колледждің 4-курс студенті Санжар Мұратбектер де болашағынан зор үміт күтетін таланттар. Міне, осылайша шәкірт баптап, өзі Жетісудың күй мектебін жаңғыртып, қазақ өнерін дәріптеп жүрген кейіпкеріміз отбасында үш перзентке асқар таудай әкелік мейірімін де төгіп жүр. Жақында ғана Анкара қаласына барып, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық тойын бауырлас түрік елінің төрінде атап өтіп келген Талғат Оразаевқа әлі де терсіңді еңбек ете беруін тілейміз. 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ,
Жетісу облысы