ӘЛЕМ ЖАСТАРЫН ТЕГІН ОҚЫТАТЫН БАҒДАРЛАМА. ТҮРКИЯДАН ТЕГІН БІЛІМ АЛЫҢЫЗ

Уақыты: 16.01.2023
Оқылды: 1434
Бөлім: РУХАНИЯТ

Түркияда әлем жастарын тегін оқытатын бағдарлама бар. Сенесіздер ме, осы бағдарламаға құжатымды өткізіп, бағымды сынап едім,  өтіп кеттім. Яғни, мұнда бармақ басты, көз қысты деген әдет жоқ. Сабақтары да солай өтеді.  «Апай, сырқаттанып қалдым,  кептелісте тұрып кешіктім,  конспект жаза алмадым», деген сылтаулар жүрмейді. Оқисың ба, әділ бағаңды қояды. Оқығың келмей ме, жолыңды көрсетіп  жібереді. Сондықтан, бұл жақтың білім беру сапасы жоғары. Және түрік тілімен қоса  әлемдік басқа тілдерді де меңгеріп шығуға мүмкіндік жасайды.  Мәселен, ұстаз берген тапсырманы ғылыми тұрғыдан дәптерге  түрік тілінде жазасың. Ауызша қорғауды ағылшын тілінде айтасың.  Сонымен, бір сабақта  екі тілде еңбек етуіңе тура келеді.  Біраз уақытта жадыңыз бірнеше тілді  меңгереді. Сонымен қатар,  көптеген елдің сол тақырыптағы мәліметін санаңа құйып аласың. Сондықтан да талпынып, осы бағдарлама бойынша оқуға түсуге  бақ сынап көріңіз.

Абай Құнанбайұлы:

Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз,– дегенін жадыңызда ұстаңыз.  Заман білімділердікі! Ендеше, ғылым таппай мақтанбаңыз!

 Ойыңыз, алға сүйреуші күш екенін ұмытпаңыз! Шын қаласаңыз жастақ шақта, санаңыз айқын кезде  барлығын игеруге болады. Маған сеніңіз! Енді осы бағдарлама бойынша қалай оқуға құжат тапсыруға болады? Сол жайында  қазақ жастарына  өз білгенімді айтқым келеді. Қандастарымның  Түркия сынды өркениетті елде тегін білім алуға мүмкіндігі бар екенін еске саламын.  «Türkiye Bursları» бағдарламасына  өтініш беру уақыты басталды. Бірінші кезең онлайн өтеді. Сайтқа тіркеліп, құжаттарыңызды өткізіңіз. Бағдарламаға бакалавр үшін 21 жасқа дейін, магистратураға 30 жасқа дейін, докторантураға 35 жасқа дейін өтініш бере аласыз. Сонымен қатар, оқу көрсеткішінің жақсы болуы өте маңызды. Бакалавр үшін  табеліңізде 4 пен 5 көбірек болғаны жөн. Ал медициналық мамандықтарда баллдық шкала  90 пайыздан жоғары болғаны дұрыс. Әңгімелесу өткізуде дұрыс жауап беріңіз. Маған. «Түркияда не үшін оқығың келеді?, – дегенде, «Екі елдің арасына дәнекер болғым келеді», – дедім. Жауабым көңілдерінен шықты. Сонымен, Түркияның астанасы Анкарадағы Қажы Байрам Вели, бұрынғы Гази (https://wiki5.ru/wiki/Gazi_University) университетінің байланыс, яғни халықаралық журналистика факультетінің магистрі атандым.

Оқуға түссеңіз бірінші жылы тіл үйретеді. Шындап зейінденсеңіз түбі бір түрік тілін үйрену оңай. Көп сөзі бізге ұқсас. Тек дыбысталуында ерекшелік бар. Бағдарламамен оқуға түссеңіз, ай сайын түрік елі тағайындаған шәкіртақы ала аласыз.  Бакалавр үшін 1000 TL, магистратураға 1400 TL,  докторантураға 1800 TL  шәкіртақы төленеді.  Мұнда тегін жатақхана беріледі. Қыздар мен ұлдар жатақханасы бөлек. Таңғы және кешкі ас тегін. Магистр  және докторанттар пәтер жалдап тұрғысы келсе, жәрдемақы  ала алады.  Оқуға түскен жағдайда медициналық  сақтандыру пакеті ұсынылады.  Түркияға алғаш келгенде, содан соң оқу аяқталып елге қайтқанда  ұшақ билеті тегін.  Ұлттық кітапханада  сабақ маусымында  ыстық сорпа тегін беріледі.  Кофені кез келген уақытта іше бересіз. Үлкен қалаларында студенттерге  тегін ас беретін асханалар бар. Егер жақсы оқысаңыз стипендияның мөлшері өседі. Үлгерімі жақсы студенттерге  Түркияның әдемі жерлерін қыдырту, демалдыру ұйымдастырылады.  Мемлекет көлемінде  өтетін маңызды шараларға қатысу мүмкіндігі туындайды. Бәрінен бұрын бірнеше тіл үйреніп, дүниетанымыңыз, біліміңіз артады. Қанша тіл білсеңіз,  дәрежеңіз сонша  көтеріледі. Іске сәт!

Жансая БИҚҰРМАН,
Анкарадағы Қажы  Байрам Вели университетінің 
халықаралық журналистика факультетінің магистрі