ТҮЛЕКТЕРГЕ ҚҰРАЛ-ЖАБДЫҚ БЕРІЛДІ

Уақыты: 25.01.2023
Оқылды: 1214
Бөлім: РУХАНИЯТ

Осыдан біраз жыл бұрын Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде тұсауы кесілген «Табысты отбасы» жобасының Жетісу облысы бойынша алғашқы  24 түлегіне құрал-жабдық түріндегі грант пен сертификат табысталды. Жерлестеріміз әлеуметтік желідегі маркетинг, тігіншілік, электр механигі, сұлулық салоны маманы, аспаздық бойынша бір айлық кешенді оқытудың бес бейіндік бағытында білім алды.  Осы ретте 8 әлеуметтік желі маркетингі, 5 аспаздық, 5 тігін ісі және 6 сұлулық салоны маманы заманауи әрі жаңа құрал-жабдыққа қол жеткізді. 

Жабдық жиынтықтарын салтанатты түрде табыстауға арналған іс-шараға «Самұрық-Қазына» АҚ, өңірлік еншілес компаниялар мен жергілікті атқарушы орган өкілдері, жоба жетекшілері келді. Сол қатарда «Samruk-Kazyna Trust» КҚ қамқоршылық кеңесінің мүшесі Лаура Демесінова, «Табысты отбасы» жобасының авторы Айжан  Нұрланова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Мизамбаев, тағы да басқа мекеме өкілдері қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасы 2022 жылдың 1 желтоқсанында басталған. Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қорының кешенді қолдауымен іске асырылып, 200 млн. теңге бөлінді. Бейіндік оқыту, тәлімгерлік қолдау, жеке тұлғалық даму және бизнес-дағдыларды дамыту бойынша тренингтерден басқа, сабақтарға белсенді қатысып, жаттықтырушы мен тәлімгердің барлық талабын орындаған жағдайда, жобаға қатысушы өз ісін бастау үшін қажетті құрал-жабдықты тегін алады.  Сол сенім бүгін жүзеге асқандай болды.
Сонымен Алакөл мен Жаркент арасындағы аудан-қаладан келген жоба қатысушылары сұранысқа ие кәсіптерін бастауға қажетті ноутбук, тігін машинасы, пеш, араластырғыш, жастықты тақтай төсек, әмбебап ас әзірлегіш,  сканер  секілді қажетті заттарға ие болды. 
Жобаға бір ай бойы белсенді қатысып, өз ісін ашуға ниеттенгендердің бірі – Талдықорған қаласы, Ақын Сара көшесі, 30 үйдің тұрғыны, көпбалалы ана Нұрсайраш Мүтихан:

– Көпбалалы анамын, «Табысты отбасы» жобасына қатысқаныма қуаныштымын. Алғашында жобаның осындай нәтижеге толы болатынын білмедім. Тек өзім қызығатын қазақтың ұлттық қолөнерін өркендетіп, отбасыма табыс әкелсем деген арманым ғана болған. Міне, бір айлық оқу барысында  көп біліктілікті үйрендім. Өзіме керекті құрылғыларды ғана алып қойған жоқпын. Бизнесті жүргізудің жолын үйрендім, жаңа достар таптым, жұмысымды ілгерілететін мамандармен таныстым. Алдағы уақытта ойдағы арманымды жүзеге асыруға тырысамын, – дейді ол.
Жоба авторы мен «Samruk-Kazyna Trust» КҚ қамқоршылық кеңесінің мүшелері Нұрсайрашқа тиесілі құрал-жабдықты үйіне жеткізіп берді. Оның жүзіндегі қуанышты көріп  біз де сүйіндік. Игілікті жоба алдағы уақытта да талай жанды қуанышқа бөлейді-ау деген ойға қалдық. Бірақ «алмақтың да бермегі бар» дегендей, енді жоба түлектері алдағы уақытта жоба аясында тағы да өз біліктілігін шыңдай түспек.

Қажет АНДАС,
Жетісу облысы