Талдықорғанда халықаралық өнер байқауы өтті

Уақыты: 23.05.2023
Оқылды: 1173
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорғандағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында IV Халықаралық «Жас шеберлер» балалар мен жасөспірімдер арасындағы аспапта шебер ойнау өнер байқауының ІІ кезеңі өтті. Жарыста бірінші турдан іріктелген 24 жас шебер өнер көрсетті. Аталған байқауға жалпы еліміздің әр өңірінен бөлек Ресей, Қырғызстан, Өзбекстаннан 66 өнерпаз қатысқан болатын.

– Басты мақсат – жас таланттардың өнерін бағалай отырып қолдау, олардың келешектегі дамуына әсер ету. Шығармашылық қабілетін ашып, бойындағы бар өнерін көрсетуге мүмкіндік беру. Айта кетейік, өнер додасы осымен төртінші рет ұйымдастырылды. Шараның өтуіне мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайы ұйытқы болып отыр, – деді өз сөзінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әли Алпысбаев.

Жарыстың қорытындысы бойынша бас жүлдені Қ. Байсейітов атындағы саз колледжінің шәкірті, жетісулық Шұғыла Әлсейіт жеңіп алды. Оған 300 мың теңгенің сертификаты табысталды. Ал І орын Думан Ақан, Эльнара Омарова, Ерлік Таңбол, Сайора Акбароваға бұйырды. Жүлделі орын алған, қатысқан жандарға арнайы сыйлық пен диплом табысталды.

Байқау жөнінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әділқазылар алқасының төрағасы Жанас Бекентұров «Алғашында республикалық болып басталған еді. Қазір, міне, халықаралық деңгейге өсіп, конкурстың дәрежесі жоғарылады. Бұл байқауға 9-18 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысады. Кез келген жастың болашаққа бастар нық қадамы болмақ. Әр қатысушының өзіндік көзқарасы, стилі бар. Бізді сол қуантады», –  дейді. Қосымша әр байқау сайын сапаның артып келе жатқанын да айтты. Талай шебердің томағасын сыпырып, үлкен сахнаға жолдама беріп, өнерін шыңдауға септігін тигізген байқау  әлі талай жасқа мүмкіндік бермек.

Қали АСҚАР