«РЕВИЗОР» КӨРЕРМЕН ТЕБІРЕНТТІ

Уақыты: 27.05.2023
Оқылды: 545
Бөлім: РУХАНИЯТ

Адам баласының тіршілікте мың құбылып күн кешуі мүмкін бе? Әлде бұл қалыпты жағдай ма? Солай десек, елдің бәрі саф болмысына сызат түсірген болып, қызмет, абырой сыйлаған мәнсап үшін айналасына жәдігөй-жауыздықпен, қызғаныш, аярлықпен қарап кетпей ме? Жоқ, санаулылар болмаса, көк ақшаның қышқыл иісі танауына бармайтын қарапайым елдің бәрі ақкөкірек, адал жандар. Биліктің бишігін ұстағандар арасындағы кейбірі орындығын тақтай көріп, замана заһарын тіліне жиып, қулық-сұмдықты кеудесіне бұғып жүр.

Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының сахнасында алғаш көрерменге жол тартқан «Ревизорды» тамашалап қайтқанда осылай деп толғандық. Қойылым бітсе де театр ғимаратының ауласынан ұзай алмай, ойсоқты болдық. Сондағы санамызға жарықшақ түсірген дүние – 30 жылдық саясатымыздың салқын тұсын, иір-шиыр жолын, елдің мойынсал болып, биліктегілердің өктем келгенін сахнадан көргеніміз еді. Қоғамның айнасы болған театр өнерінің ұлылығын сонда барып қайталай мойындағандай күйге түстік.

ҚР Сыбайлас жемқорлық агенттігі Жетісу облыстық департаментінің тапсырысы бойынша қойылған «Ревизор» қойылымында өнер көрсеткен әртістерге ризашылық білдірген департамент басшысының орынбасары Тимур Теміралиев қоғамды дүр сілкіндірген жемқорлық, парақорлық дертінің зардабын сипаттаған туынды өскелең ұрпақты дұрыс тәрбиелеуге септігін тигізетінін атап өтіп, кез келген саланың жұмыс сапасын арттыруға мүмкіндік беретініне тоқталды. Оның айтуынша, қоғамды осындай өміршең шығармалармен түзетуге болады.

Рас, Биапа театры тағы бір жаңа туындымен толықты. Н.Гоголдің әйгілі «Ревизорын» сахналады. Бұл қойылымда ащы шындық көрініс тапқан оқиғалар өте көп. Комедиялық қойылым болса да адамның санасын сілкіп алар тосын оқиғаларға, жағымпаздық пен айарлық секілді жағымсыз ұстанымдарға негізделген. Әлем сахнасында сан рет қойылған бұл туынды жетісулық өнер ошағында қазақы қалыпқа негізделіп қойылды. Шенеуніктердің құйтырқы қулықтарын және мемлекеттің барлық былығын бір ревизордың бейнесі арқылы әшкерелеген қойылым жетісулықтарды сүйсінтті.

Жемқорлықты жөн санап, елді қанап-мінеп, тонап отырған басшылардың бейнесі сәтті сомдалды. Мәселен, дуанбасыны сомдаған Рахман Омаров пен Петербургтен келген төре – Еркебұлан Айдымбаев арасындағы шиеленіс ерекше әсер қалдырды. Жалпы, бұл өнер ошағында қойылған премьерада ойнаған әрбір актер өз шеберлігін ерекше көрсете алды. Осылайша талантымен танылған, өзінің актерлік қарым-қабілетімен елін сүйсінткен өнер адамдарының бәрі қойылымды жоғары деңгейге көтерді. Ең бастысы, қоюшы-режиссер – PhD докторы Елік Нұрсұлтан сахналаған қойылым көпшілік көңілінен шықты.

 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ