«Janr» әдеби клубы «Қазақ ПЕН» клубы секілді іргелі ұйымға айналып жатса таңғалмаңыз

Уақыты: 08.06.2023
Оқылды: 1088
Бөлім: РУХАНИЯТ

2021 жыл басталып, қаңтар мен ақпан ат алмастырар шақта әлеуметтік желі бір күнде әдебиеттік желіге айналып кеткендей күй кештік. Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына арналған поэзия эстафетасы әр-әр жерден қылаң берді, қоғамның әр саласында жүрген азаматтар ақиық ақынның өлеңін оқыды. Құдды алдын ала ойластырылған сценарий секілді бірер күнде жалпыхалықтық науқанға айналып шыға келді. Үлкен де, кіші де, ақын да, жазушы да, әкім, министр, депутаттарға дейін Мұқағали өлеңдерін оқып, жарыса өздерінің парақшаларына жүктеп, бір-бірін тегтеп, челлендж жолдап жатты. Әдеби эстафета бара-бара Ақордаға барып бір-ақ ат байлаған жайы бар. 

«Осы бір рухани серпіліс, Мұқағали өлеңдерінің челленджі қайдан басталды екен?» деп ізденген адам із қуаласа көп әуреленбей Талдықорғаннан бір-ақ шығары анық. Өйткені үлкен істі бастаған кішкене ғана  «Janr» деп аталатын әдеби клуб еді. Жаңадан құрылған ұйым әдебиет әлеміне осылайша жалпыхалыққа өлең оқыта келген. Сонан беріде жүрісінен жаңылған жоқ. Жетісу облысы құрылғалы бері бірнеше аймақтық, республикалық іс-шараға мұрындық болып, әр кезде белсенділігімен танылып келеді. 

Соның бірі – мәнерлеп оқу жобасы. Ағылшынша айтқанда «stage reading», орыстар «читка» дейді. Яғни көркем шығарманы нақышына келтіріп оқу. Бұл жоба батыс елдерінде бұрыннан бар, бүгінде кеңінен өріс алған. Қазақ әдебиетіне «Janr» әдеби клубы алғаш алып келді. Бірінші мәнерлеп оқу кеші 2021 жылдың 20 қарашасында өтті.  Онда менің «Қызыл сақа» әңгімемді жетісулық жас әдебиетшілер оқыды. Онан кейін ақын Сағыныш Намазшамованың «Менің мифім» кітабы мен журналист-қаламгер Назым Дүтбаеваның «Бейсенханнан қалған белгі» әңгімесі осы форматта оқырман назарына ұсынылды. Жобаның төртінші саны ақын Азамат Нұрмұханның шығармашылығына арналды. «Ай тұмарлы арманым таудан биік» атты шығармашылық кеш 2023 жылы, 1 наурыз – Алғыс айту күні өтті. Қазіргі таңда ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Гүлбақыт Қасеннің өлеңдері оқылған кеш таспаға түсіріліп, монтаждалып жатыр. Бұйыртса алдағы он шақты күнде YouTube желісіне жарияланатын болады. 

«Janr» әдеби клубы осы күнге дейін әдеби байқаулар ұйымдастырумен де көзге түсті.  Атап айтар болсақ, 2021 жылы Сайын Мұратбековтың 85 жылдық мерейтойына орай «Жусан иісі» деп аталатын әңгіме байқауын өткізген. Оған республиканың түкпір-түкпірінен жүзден аса қаламгер қатысып, бақ сынасты. Биыл сол үрдіс басқаша қырынан көрініс тапты. Жетісу облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Janr» клубы «Жетісу көктемі» әдеби байқауын жасады. Бұл байқау болашақта дәстүрлі әдеби шараға айналмақ. Яғни әр жылда әртүрлі мерейтойлар мен айтулы оқиғаларға арналып, прозаның әр саласы бойынша өткізіледі. Биылғы байқау Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына, Сәкен Иманасовтың 85 жылдығына, Шәкен Күмісбайұлының 80 жылдығына, Қайрат Әлімбековтың 60 жылдығына арналды. Байқау прозаның повесть жанры бойынша өтті. Оған 21 автордың шығармасы қатысты. Барлық шығарма авторы көрсетілмей реттік нөмір бойынша https://adebiportal.kz порталында жарияланды. Қазылар алқасына да сол тәртіппен авторының аты-жөні жазылмаған күйі жолданды. Әу бастағы жоспар бойынша үш негізгі жүлде, төрт арнайы сыйлық тағайындау көзделген болатын. Бірақ жүлдеге лайық шығармалар саны ескеріліп, қосымша тағы да үш жүлде тағайындалды. 2023 жылдың 25 мамырында «Жетісу көктемі» прозашылардың республикалық байқауының марапаттау рәсімі өтті.

Шараның мақсаты – қазіргі әдеби үдеріске серпін беру. Жас прозашыларды қанаттандыру. Қазақ әдебиетіндегі жақсы шығармалар қатарын толықтыру. Ел мәдениетіне, казақ әдебиетіне үлес қосып жүрген танымал тұлғаларымыздың шығармаларын жас ұрпаққа үлгі ету, ұғындыру, олардың патриоттық сезімдері мен азаматтық жауапкершілігін арттыруға жол ашу.

«Janr» әдеби клубы  – жастардың бірлестігі. Құрылтайшылары талдықорғандық он шақты жас қаламгер. Мүшелері де көбіне-көп жастар. Дегенмен, соңғы уақытта жетісулық жастардың қатарына еліміздің өзге облыстарында тұратын қаламгерлер қосылуға ықылас танытып жатыр. Жақында ғана белгілі ақын, аудармашы Ержан Алаштуған «Janr» әдеби клубының мүшелігіне өтті. Сонымен бірге ақтөбелік жас жазушы Әлихан Жақсылық, астаналық Жанель Бура, алматылық Қанат Әбілқайыр, Самал Зікірияқызы секілді қаламгерлер мүшелікке қабылданды. Бұл да жетісулық жастардың дұрыс жолмен келе жатқанының көрінісі, шағын әдеби клубтың іргесі кеңейіп жатқанының белгісі. Болашақта  «Janr» әдеби клубы Қазақстан Жазушылар одағы, Халықаралық «Қазақ ПЕН» клубы секілді іргелі ұйымға айналып жатса таңғалмаңыз. 

Есболат АЙДАБОСЫН, 
«Janr» әдеби клубының президенті