Журналист кітап сыйлады

Уақыты: 05.01.2018
Оқылды: 1642
Бөлім: РУХАНИЯТ

Сарыбастау ауылы, Сұраншы Сауранбаев атындағы орта мектепте білім алып, ақпарат айдынында жемісті желкен көтерген Жексен Алпартегі аталмыш білім шаңырағына арнайы ат басын бұрып, ауылдастарымен кездесті. 

Кеш шымылдығын ашқан мектеп директоры Ауғали Молдасан Жексен Алпартегінің журналистика саласында абыройлы еңбек еткенін айта келіп, республикамыздың беделді басылымдары «Алматы ақшамы», халықаралық «Азия»,  «Қазақстан сарбазы», «Қазақстан ғылымы мен жоғары мектебі – Наука и высшая школа Казахстана» және «Айқын» газеттерінде жауапты қызмет атқарғанын жеткізді. Журналистің  қаламынан  көптеген танымдық мақалалар дүниеге келіп, соның ішінде өзі өскен өңір туралы да зерттеу материалдар жазғандығын тілге тиек етті. 
 Кеш барысында Жексен Алпартегі бала күнінде армандаған мамандығына қалай қол жеткізгенін әңгімелеп, білім алған мектебіне соңғы жылдары жарыққа шыққан «Ғибрат» және «Жоржияның жұмбақ әлемі – Загадочная Грузия» атты  кітаптарын тарту етті.  «Ғибрат» кітабына танымдық материалдар мен эсселер кіріпті. Оқырман атақты жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» кітабының бас қаһарманы Ұзақ батырдың әкесі Саурық батыр және Шалтабай ақын туралы, Шоқан Уәлиханов аялдаған Шартас жөнінде тың дүниелермен де таныса алады. Сонымен қатар, ежелгі Үйсін мемелекетінің астанасы болған Қызылқорған қаласы жайлы да дерек кірген. Жетісудың атақты күйшісі Қожеке Назарұлы, оның баласы Рақыштың күйлері туралы да әңгіме қозғалса, әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың қоңыр домбырасына қатысты дерек, Ресейде еңбек ететін нарынқолдық ғалым Сұлухан Темірбекованың ғылымдағы жетістігі, академик Игорь Нечаевтің жылқы шаруашылығындағы, ғылымдағы зор табыстарын, балет өнерінде өзіндік қолтаңба қалдырған атақты биші Рамазан Баповтың талантты қырларын оқуға болады. 
Ал журналистің «Жоржияның жұмбақ әлемі – Загадочная Грузия» кітабына жолсапарлық жазбалары кірген. Қазақ, орыс тілінде шыққан туынды грузин еліндегі сапарында көзбен көрген тарихи орындарды таныстырумен қатар елдің ежелгі кәсібі болған жүзім шаруашылығы жөнінде  қызықты деректер келтірген.

Іргел ОРЫНТАЙ, 
Сарыбастау ауылы,
Райымбек ауданы