Жырым мені ешқашан өлтірмейді

Уақыты: 05.01.2018
Оқылды: 2665
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол», – дейді Абай. Сол Абайдай алып бәйтеректің мәуелі бұтағының бірі, дана ақын үлгісін қаршадай кезінен жаңғыртып, сезім жырларын селдетіп, «Махаббатсыз дүние бос» (Абай) екенін өлең өрнегінде тербеп, адам бойындағы құбылыстарды сыр етіп шерткен, ана мен бала, әке мен бала, дос-бауыр, талмаусыраған жаныңды жадырататын табиғат көріністерін тап басып айтқан  Тұманбай Молдағалиев еді. Сол Тұмағаң қазақ поэзиясына «төңкеріс» жасағанын ұлттың ұлылары айдай әлемге сүйсініп айтты.

Мәселен, бірі – Жайық жағасынан, екіншісі – Алатаудың баурайынан түлеп ұшып, телқоңырдай қатар шыққан Қадыр Мырзалиев пен Тұманбай Молдағалиев ілгерілі-кейін 60-тың биігіне көтерілгенде қара шаңырақ Қаз ҰУ-ге талай ұрпақтың ұстазы, академик-жазушы Зейнолла Қабдолов шақырып, студенттермен дидарластырғаны бар. Қаңтар айында (1995 жылы) Қадыр Мырзалиевпен жүздесу өтті. Ұстазымыз Зейнолла аға ағыл-тегіл сөйлеп, Қадыр ақын туралы ағытылды. Арғы-бергі ғасырлардағы жырларды еске түсіріп, жырауларды санамалап, одан соң Қадырдың философиялық өлеңдеріне тоқталды.
«Айтамыз біздер ақын деп,
Адамды шоқ боп маздаған.
Ақынға керек ақыл көп,
Асаулық керек аздаған», – деп бір қайырып тастап:
«Адам боп оңай туғанмен,
Адам боп қалу көп қиын!», – деді.
«Одан да жыр оқы,
Қыздарға гүл апар,
Жас адам сүймеген күні үшін күнәһар», – не болмаса:
«Жүректен шықпаса,
Жүрекке жетпейді», – не:
«...Біздің тарих бұл да бір қалың тарих,
Оқулығы жұп-жұқа бір-ақ тағы», – деп артынан:
«Зұлымдардың сан түрі сыйған дала,
Білімдарға, қайтесің, тарлық қылған!» – деп шумақты шумаққа жалғаған Зейнолла ағамыз: «Мына отырған Қадыр ақын осылай кесек-кесек ойлар айтқан, – деді де, – сен Қадыр, осы заманның абызысың, ұлы ақынсың!» – деп тоқтады.
Ол кезде Қадыр аға «Балауса» баспасын басқаратын. Мен сонда редактор едім. Ұлы деген сөзге ол кісі қатты ыңғайсызданды. «Зекетің кетейін, Зеке, асыра мақтап жібердіңіз. Бізге ұлылық қайда?» – деді орнынан ұшып тұрып. «Жоқ, мен бұл сөзді айту үшін сені көп зерттедім. Тұманбай екеуіңді қатар қойып оқыдым. Сараңдық жасағым келмеді. Біз қазір ұлы Мұқаңды (Әуезов) ұлы деп дуылдап жүрміз. Тіршілігінде ол сөзді қимаған едік», – деді.
Қадағаң: «Әй, сенің ағаң (Тұмағаңды айтқаны) естісе «жаман күйеу» (Қадағаң асыл жары Салтанат тәтемізді меңзегені) ұлы болып кетті ме дейтін болды ғой?!» – деп қоңырқай жүзі әлденеше құбылды.
Сол жылы 20 наурызда Тұмағаң да 60-қа толып, Қаз ҰУ-ге бардық. Ұлт ұстазына айналған Зейнолла Қабдолов ағамыз Тұмағаң туралы да тебірене сөйледі. Ақынның жан дүниеңді жадыратып, сірескен жүйкеңді жібітетін, сезім деген құдіреттің әр адамда болатынын ұқтыратын лирикалық өлеңдеріне, оның ішінде махаббат жырларына тоқталып: «мұның бәрі ұлт әдебиетін әлемдік деңгейге көтеретін құндылық» деп,  адамды жақсы көргенде риясыз көңілден туған өлеңдер екенін де тілге тиек етіп, мысалдарға жүгінді.
«Ай қарады көгілдір көл бетіне,
Қыз қарады көлдегі келбетіне.
Қосылды да қос сәуле құшақтасты,
Мөлдір толқын төсінде тербетіле.
...Шоршып жүрген ақ шабақ тұнықтағы,
Қыздың көркін көрді әлде – тынып қалды», – деген алты жолды мәнерлеп алға тартып, «Бұл Тұманбай, сенің тырнақалды туындың еді ғой!» – деді. Тұмағаң «Иә!» – деп ізет танытты. Бұдан соң Зейнолла ағамыз Тұмағаң өлеңдеріне тағы да кезек беріп:
«Ай да бүгін аласарып, төбемізден төнеді,
Сәулешімді ұлықсатсыз қайта-қайта көреді.
Көлегейлеп жабар едім албыраған жар жүзін,
Бірақ, менің өзімнің де көре бергім келеді», – деген жыр жолдарын бірінен соң бірін еске түсіріп:
«Көрсетпе сүю әуресін,
Берілді жүрек тек саған.
Сүю де жақсы, сәулешім,
Сүйікті болу жақсы одан», – деді де:
«Көгілдір бақша сыр айтты,
Сыр айтты мылқау түн маған», – деп: «Осының бәрі кімнің басынан өтпеді, осындай сезімді қай-қайсымыз да кештік емес пе?! Осындай керемет жырды туғызған, Тұманбай, сен де ұлы ақынсың! Сен махаббат лирикасы мен арнау өлеңді шыңға шығардың! Сол әдемі өлеңдерді оқыған сәттегі қоңыр үніңнің өзі қандай керемет естіледі, Тұмаш! Қадыр екеуің қазақ поэзиясын бұрын болмаған бір белеске, белес болғанда ауыл үйдің төңірегіндегі белес емес, әлемдік деңгейге көтердіңдер. Бірің абыздар дәстүрін жалғасаң, екіншің Абайдың махаббат лирикасын заманға қарай түлеттің. Сендер қай таланттан кемсіңдер!? Әлемдегі мықты дейтін таланттардан да бір мысқал төмен емессіңдер!» – деп ойын түйіндеген еді-ау!
Ол кездегі үлкендер шын мәнінде үлкен болып көрінетін. Үлкендіктеріне өздері де, сөздері де сай болушы еді. Жалған көлгірсімейтін, кесіп айтатын, сынап та алатын. Бірақ оны ешкім кек тұтпайтын. Олар айтқан сөздерінен қайтпайтын. Өздері де мұхит толқынындай лек-лек болатын. Әрқайсысы орнын білетін. Содан да болар, қабақты қағып, емеурін жасаса, төңірегі соны ұға қоятын. «Әй!» – десе,  кім де болса жалт қарап, сөзге тоқтайтын. Жоғарыдағы ұстаз сөзіне Тұмағаң да илана кетпей: «Зеке, Абай аға тұр ғой алда, Абай аға кім, мен кім?» – деп еді, Зекең: «Сендерді Абаймен теңестіріп тұрғам жоқ. Абай болу қайда, ұқсап бақсын дегенім ғой!» – деп қасын кергенде, жанары жарқылдап кетті. Қазір екінің бірі ұлы болып барады. «Қойыңдар, ұят қой!» дейтін адам аз. Көтерме сөзге әбден үйреніп алдық.
Тұмағаң тұңғыш жинағындағы («Студент дәптері» 1957 ж.) жырларымен-ақ жұртты бірден баурап алды. Мөлдіреген жыр моншақтарының кейбір тұстарын ұстазымыз Зекең мысалынан аңғардық. Өлең әлеміне өзіндік леп әкеліп, адам да пенде, ол да тасиды, ол да жасиды, ет жүрегі елжірейді, қуанады – осының бәрін ақын адамға тән қасиет деп ақ қағаздың бетіне түсіргенде керемет жырлар туған. Ол жаңалық болып енгенін қазақ сөзінің қас шебері, көзін көріп, сөзін естіген, ой әлемінің данагөйі, күні кеше арамыздан кеткен Әбіш Кекілбайұлы да сүйсіне жазған еді. Мәңгі жастық жыршысы деп те бағалады. Сөзіміз жалаң болмауы үшін дәйек келтірелік.
«Студент дәптері» – біздің жыр өлкемізге тұңғыш рет қанат қаққан жақсылық қарлығашы сияқты еді. Кеше ғана ауылда өсіп, бүгін астанаға келген уыз жас жігіттің уылжыған көңіл-күйін сол қалпында жеткізген кішкене кітап – өз кезіндегі әдебиетке атымен соны тыныс, тың сүрлеу әкелді. Кітап ашса болды, не оқтың астына тап болып, не зырылдаған станоктардың қасына қамалып, көк түтінге қақалып өскен қазақ оқырманы, бір сәт алма бауын аралап көргендей, дені жайылып жүре берді. Кітаптан кітапқа, фильмнен фильмге көшіп жүрген жаттанды қылықтар мен құлықтардың емес, кәдімгі адамдар арасында бола беретін қарабайыр қарым-қатынастың өз жарасымы мен кемелдігін көріп тамсанды. Өңшең шеңгелдің ортасына шыққан жалғыз жауқазындай сол кітапша қазақ жыр алқабының жаңаша көктеп, жаңаша құлпыруының басы сияқты болды, – дей келіп, – ит тұмсығы өтпес қалың жыныстың арасынан із шығарып беру қиынның қиыны. Із шығардың-ақ, әуелі сүрлеуге, артынша айдын жолға айналып сала береді. Ол жолы да сүйтті. «Студент дәптерінен» соң тап соған ұқсаған жұқалтаң кітапшалар көбейді. Сырттарында жаңа есімдер тұрды».
Осы дәйек сөздің өзінен-ақ Тұманбай поэзиясының қазақ поэзиясындағы із ашар жолын көру қиын болмаса керек.
«Жалқының мұңын жалпыға сабақ боларлық көркемдік деңгейге көтерген» (Қ.Мырзалиев) Тұманбай ақынның ана, әке, жар, ұл мен қыз, дос, бауыр, балалығын ұрлаған сұм соғыс, өзге де алуан тақырыптар оның қай өлеңін алсаң да мен мұндалап, жасандылықсыз өмірдің өзі, көңілдің сөзі,  сезімнің ұшқыны – бәрі де маржандай тізіліп тұрады.
«Соғыс бітті, айтшы, ана,
Әкем менің қайда енді?», – дейді. Әкеңді соғыс жалмады дегенге ананың тілі қайдан келсін? Үнсіз қалады.
«Келмеді әкем күлімдеп,
Белгілі болды жай мәні.
– Қайдасың, менің ұлым, – деп,
Құшағын маған жаймады.

Кеп жүрді үйге көп кісі,
Жағдайды біздің сұрады...
Әкемнің қара кепкісі,
Ілулі төрде тұр әлі», – деген түйіннен соғыстан оралмаған әкені, одан қалған мұра кепкі ғана екенін ұғып, соны мият тұтқан ұрпақтың жан дүниесін іштей түсінесің, түйсінесің.
Сөйтіп, ақын «Әке туралы жыр» атты он шумақ өлеңге бір дәуірді сыйғызған.
«Шіркін-ай, барлық адам досым болса,
Асықсақ жолыққанша, қосылғанша.
Бәрі де анам құсап мейірленіп,
Бәрі де анам құсап ашуланса» – дейді де:
«Анамнан да жедім ыстық шапалақ,
Тілге көнбей тентек болған кезімде.
Сол кезде де мен жыладым «апалап»,
Бір тамшы жас болмаса да көзімде», – деп ана құдіретін тағы бір баян етеді.
Шынында, ана қанша жерден «ұрып» жатса да бала ана бауырынан қашан алшақтап еді. Ондай қатыгездік бұрын болмаған. Өкініштісі, қазір қылаң беріп қалып жүр. Осыны біз ой-санамызда таразылап көрдік пе? Мүмкін қатыгездікті жібітетін Тұмағаңның самал желдей жылы жырын ұл-қызымызға оқытып өсірсек, қаталдықтан, қатыгездіктен арылар ма еді?
Тұмағаң адалдықтың адамы еді. Ойлағаны ар, тар тірліктен тартынып жүретін. Адамға жақсылық жасауды парызым дейтін. Әсіресе, қыздарды қорғайтын. Оларды тәлкекке салғысы келгендерді тексіз деп білетін. Текті ұрпақтан шықпаған жетесіздер дейтін. Анадан жаралдық, жар сүйдік, қыз өсірдік, ендеше ертең ана болар қызғалдақтай қыздарды, жар болар қыздарды қорлау – ұлтты қорлау. Қорған болайық дейтін. Оны сөзбен емес, өлеңмен де әдемі жеткізіп жүретін. Оқып көрелік.
«Жазықты ма сол бала,
Сүйгені үшін өзіңді?
Жас жүрегін қорлама,
Былғап таза сезімді.

Өзін-өзі түсінбей,
Сені ол талай қызғанды.
Жақсы көрген үшін де,
Жылатпаңдар қыздарды. 

Жүрмесін құр алданып,
Сүймеген соң сөз айтпа.
Аз күн ғана малданып,
Аз бақытын азайтпа.

Сезіміне алданып,
Мазаңды алса өте егер.
Елемеген бол-дағы,
Өз жөніңе кете бер», – дейді де:
«Алдап бір қызды кеттім деп,
Айтпай-ақ қойшы өтінем.
Мақсатым еді, жеттім деп,
Марқайып көңілің көкіме.

Алдадым оны дегенше,
Өлтірдім десең болмай ма?!
Өзіңдей жанды әйтпесе,
Бекерге кісі қорлай ма?!

Жырқылдап бекер күлме елге,
Жылатып күлген күн құрсын,
Алдаудың өзі бір жерде,
Алдану шығар кім білсін!», – деп нүкте қояды. Төмендегі екі жол алдыңғы өлеңдердің байламы секілді.
«Қара көңіл ағармайды жуса да,
Есек ешбір бәйге алмайды қуса да», – деген терең философиялық түйінді бүгінгі пенделер мән беріп оқыса ғой. Сонда олар ұлт ұрпағының жанын адалдық жыршысындай түсінер ме еді?
«Менің Тұманбай болып жүргенім, ешкімнің бетіне жел болып тимегендігінен», – деп еді бір жолы жыр дүлділі. Олай деуіне себеп, «Жалын» баспасында қызмет жасап жүргенде, ауылда тұратын қарт мұғалімнің балаларға арнаған қолжазбасына пікір жазған едім. Жастық кез, Абайдың «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы», – деген қағидасына жүгініп, қолжазбаны кітап етіп шығаруға болмайды деп авторға қайтардым. Қарт мұғалім үнсіз шығып кетті. Сәлден кейін Тұмағаң шақырды. Ақын «Жалын» журналының бас редакторы еді. Мен қолжазбасын жаратпаған қарт ұстаз Тұмағаңның алдында отыр, көргенде өне бойым дүр ете түсті. Тұмағаң алдымен маған барлай қарап алды. Одан соң: «Кім баласын жаман дейді, ол іштен шыққан «шұбар жылан» ғой. Ақын мен жазушының қағаз бетіне түсірген дүниесі де жақсы жаманына қарамай, талассыз оның «баласы» есебінде екенін ұғуымыз керек. Алдыңғы толқынды сыйламасаң – сені ертең кейінгі толқын сыйлай ма? Қазақта «Мен де сендей болғанмын, сен де мендей боласың», деген терең ойлы сөз бар. Мен мұның мағынасын саған таратып айтпаймын. Кей жерлерде бұл тіркесті бейіттің кіреберісіне жазып кояды. Төңірегіңді барлап, айналаңды саралап жүр. Ешкімнің бетіне жел болып тиме, адамдармен тілдескенде бір жағын қарға, бір жағын жарға сүйеу керек. Өмір қысқа, өте шығады. Шығармашылықпен айналысқан адам ойлы болу керек. Ол – міндет. Бір замандары менде «Жазушы» баспасында редактор болғам. Сен секілді жап-жас едім, қайда сол жастық шағым? Қалың шаш селдіреді, үлбіреген түр-түсіме әжім түсе бастады. Айтқандарымнан көкейіңе бір нәрсе түйдің бе?!»  –деді.
Осы сәт есіме Тұмағаның:
«Біреулердің күшігі боп үрмедім,
Айдауына, арбауына түспедім.
Атақ іздеп, шатақ іздеп ешқашан,
Айқай шуға, даңғазаға кірмедім,
... Жігіт болып, үміт болып үлгермей,
Көп балаға әке болған адаммын», – деген өлең жолдары түсті. Бұл ақынның шындығы еді.
Ол – ағаның алдын қиып өтпейтін, ініге қамқор болатын. Жанын түсінген, көңілін ұққан жақсыларға өлең арнағанда қырандай самғайтын. Өлең оқығанда бүкіл зал ұйып тыңдайтын. Бір жолы жұмыс бөлмесіне барсам, Димекең (Қонаев) шақырып өлең оқытыпты. Ақын аға бір керемет қуаныштың құшағында отыр екен. «Бір өлеңді екі рет қайталап оқытты. Өзі терезеден сыртқа қарап тұрды. Биік адамның сол сәттегі тұлғасы өмір бойы менің көз алдымнан кетпейтін шығар», – деді. Шынында, Тұмағаң өлең оқығанда бүкіл жұртты баурап алатын, «жаулап» алатын еді. «Әнді де жақсы айтушы едім», деп өзі айтқандай, ағыл-тегіл беріле өлең оқығанда қоңыр үні Құрманғазы домбырасындай күмбірлеп, толқындай тербеліп, жанары от шашып кететін еді.
Айтпаса білмейтін, түтпесе көрмейтін қу пенделік-ай десеңші! Содан бері ес кіріп кішілік пен кісілікті серік етіп келеміз. Оны ақын ағаның өлеңіндегі тереңдік деңгейінде атқара алып жүрміз бе? Қайдам.
«Мен қазақпен – барлығын да бір көрем,
Мен қазақпен – жапырақ жайғам, гүлдегем.
Елім жайлы, жерім жайлы кеудемде,
Ұйықтап жатқан кезімде де туды өлең.

Өмірім бір, көңілім бір бұл елмен,
Ол мұңайса мен жабығып, түнергем.
Ол қуанса жадырағам, жайнағам,
Аспан құсап айдынына күн ерген.

Өтірікті шындай қылып сапырған,
Азат ойға ажал болып ақырған,
Заманада өмір сүрдік қайтейін,
Арман әні – біз айтатын ақырғы ән», – деген Тұмағаң қандай қақпақылда да ұлтына деген адал қызметін қалтқысыз атқарды. Ал біздің қызметімізге бағаны кейінгі ұрпақ береді.
«Өлең, мені тудың ба шын ұлым деп,
Алдымда тұр бітпейтін ұлы міндет», – деген жыр жампозы адамды алалап, кісіні бөлмейтін. Әке біткеннің, ана біткеннің бәрін өз әкесіндей, өз шешесіндей көретін. Соның бір дәлелі Күлтай тәтеміздің анасын сыйлауынан көрінетін. Атасы Қасым да, енесі Насиқа да Социлистік Еңбек Ері, абыройлы да атақты адамдар еді. Насиқа анамыздың дидарынан нұр төгіліп тұратын. Сол асыл ана туралы Тұмағаң:
«Көңіліме көзіңізден от бересіз,
Аналық қарызыңызды өткересіз», – деп:
«Ерлік бар, өрлік те бар келбетіңде,
Жарасқан жұлдыздайсың кейде түнге», – дейді.
Енем деп қарамай, анам деп жұлдызға теңеу – ақын жүрегінің кеңдігін, кемелдігін, ұлттың ұлына, жұрт кісісіне айналған парасаттылығын көрсетеді.
Өмірдің өткінші екенін Тұмағаң өлеңдерінде әдемі береді. Бүгін атың озып, бағың басып, көңілің тасып тұрғанмен ертең сол биікте қаласың ба, әлде құлдырап кетесің бе, осыны ой елегінен өткізіп ал дегенді, киелі Алатауына қарап тұрып тереңнен толғап, толғанып айтады.
«Өмір деген –  күнде алысқа аттаныс,
Қайда ұшсаң да, қасиетіңді сақтап ұш.
Бүгін дарадай көрінгенмен күні ертең,
Мен сендерге бола алам ба, мақтаныш?

... Айтшы, Алатау – айналайын құдірет,
Бітпей-тұғын қасиеті көп, нұры көп.
Тұманбай деп қол соға ма дүние,
Қол соға ма тым құрыса бір рет», – деп халқына дардай басымен кішілік танытып, ел мен жер алдында үлкен емес екенін сездіреді. Бұл – ұлы ақынның бойындағы өзгелерге үлгі болар ұлы қасиет екені рас. Бұл құдіретті ұғымды ұлтымен бірге жасайтын Тұмағаңның айтуы – өзі үшін емес, басқаларға сабақ болсын деген ойынан өріс алғаны ақиқат. Ақын халықтың көшбасшысы, ажары екені де осыдан аңғарылса керек.
Тағы бірде қазақтың төрт құбыласын түгендей келе, Алатауына қайта оралып:
«Сонда теңім қатарым,
Сонда туды мені анам.
Біткен кезде сапарым,
Алатауда дем алам», – деген  екен. Ақиық ақынның бұл тілегін Тәңірім қабыл алды. Қазір сол Алатауының баурайында, мәңгілік мекенінде барқыт топырағын жамылып жатыр. Осы арада ойға өткен ғасырдың 70-ші жылдары өмірден озған аса талантты әртіс Мәрияш Жақсымбетоваға арнаған «Құс туралы жыр» атты өлеңі оралып отыр.
«Өзің де ғажап жыр едің,
Таныттың өнер қуатын.
Сол кезде менің жүрегім,
Қол соғып саған тұратын,

...Сағындым сені – ақ құсым,
Аспаның ашық, дауыл жоқ.
Сүйсіндір бізді қайта ұшып,
Сүйейін Алатауың боп.

Салауат енді өткенге,
Қанат жай арман желіне.
Сағынып құстар көктемде,
Қайтпай ма туған жеріне?!» – депті сол өлеңнің үш шумағында. Бұл өлең жолдарын бүгін ақынның өзіне қаратып айтсақ та болғандай. Осы күндері оның екінші өміріне бүкіл жұрт құрметпен қарап, жырына қол соғып отыр.
«Ұрпақтардың жүрегінде,
Болар соңғы тұрағым», – деп еді. Айтқаны келді. Ұрпағы өміршең өлеңдерін, әнге айналған сөздерін әр қырынан айтып, ақын биігіне биік қосып, асқар шыңға айналып барады.
Атына қанық, сұлу торыдай нәзік жырларымен жұртының шөлін қандырып жүрген Тұмағаңмен студенттік жылдарымның алғашқы кезеңінен бастап араластым. Ақын аға Бауыржан Момышұлына арнаған өлеңінде «Дауылға құштар мұзбалақ», – деп алып:
«Мадақтаушы еді сыртыңнан,
Масайрап қалды бұл шақта ел.
Құшақтап тұрып мұртыңнан,
Сүйейін аға, мұрсат бер», – депті. Тұмағаң қас батырға қалай құрметпен қараса, менде сондай күй кештім. Бір жолы өзі басқарып жүрген «Жалын» журналына бір топ өлеңдерімді апардым. Дидарына имене қараймын, бәрін оқып шықты. «Екі өлеңіңді берейік», – деді де сәл ойланып қалды. «Өзім мінездес жақсы інімсің, ақын болуға қайсымыз лайықпыз?», – деді. «Ақын сізсіз, аға!», – дедім. «Онда қою шаңның ішінде қалма, тілің төгіліп тұр. Проза жаз. Әдебиеттің қай жанры да киелі. Біраздан бері қадағаладым. Орайы соған келіп тұр. Реніш жоқ па?», – деді. «Жоқ, аға!» – дедім. Кейін прозалық кітаптарымды оқыған ақын: «Екеуміз де қателеспеген екенбіз, ә?», – деп еді. Тағы бір жолы: «Төрт-бес қыздан кейін менің Дәуренім өмірге келіп еді. Төрт-бес қыздан кейін Дәулетіміз өмірге келді», – деп менің қуанышымды бөлісіп, жаңадан жарық көрген «Тынық мұхит дәптері» (1985 жыл) атты көлемді кітабына: «Дәулет ұлыма! 
Ұл боп өс бар қияны көре-тұғын, 
Жүрегін туған елге бере-тұғын. 
Жігіт бол қол бастайтын, жол бастайтын, 
Соңыңа азаматтар ере-тұғын», – деген қолтаңбамен қолыма ұстатып еді. Бұл ақын жүректің бар жақсылыққа қуана алатынын көрсетсе керек. Ал маған қолтаңба жазып берген кітабының аты «Жүрек бояу қашанда»  (1973 жыл) еді. Сондағы ақ жарма тілегінде: «Аяулы бауырым – Сүлеймен! Өнер жолында өзіңмен ұшырасу бақыты екеумізге де ортақ болсын. Өзіңе деген шексіз ілтипатымды осы кітаппен қоса қабылдай гөр. Өз ағаң Тұманбай, 16 май 1973.» – деп жазып берген-ді. Бұл кітаптың мен үшін жөні бөлек, әрқашан төрімде тұрады.
Біздің «ұшырасу бақытымыз» ұзақ жылдарға жалғасты. Елорда Астанаға көшкеннен кейінде дидарласып тұрдық. Бір жолы Жұмагүл Солты әпкем: «Қайдасың, Тұмағаң күтіп отыр», – деді. Құстай ұшып жеттім. «Сені көрейін деп әдейі келдім. Алматыға кетіп бара жатырмын», – деді. Ағаның мына мейірімі көзіме жас үйірді. Алматыға жол түскен сайын өзім де барып, сәлем беріп тұрдым. Бір жолғы әңгіме үстінде: «Дәуреннің қызметі жақсы, Дәулетті неге қасына қосып қоймайсың?», – деп еді. Соңғы рет Астанаға келгенде тағы іздепті. Телефон шалдым: «Еркеғали аға (Рахмадиев) мен Уәлихан (Қалижан) інімнің қасындамын», – деді де: «Сен шаңырақ көтеріп, дастарқан жайғанда өлең арнаған едім. Сол өлең бар ма?», – деді. Сақтап жүргенімді айттым. «Бір данасын ұмытпай маған беріп қой», – деді. Сол үй болу тойымызда Әсет Бейсеуов аға ән салып, Досан Жанботаев аға сөз сөйлеп, Тұмағаң жыр оқып еді.
«Танытып қыз-жігіттің татулығын,
Сен бүгін үйленіпсің ақылды інім.
Жердегі мына отырған бізден гөрі,
Көктегі жұлдыз саған жақын бүгін.

Жұлдызың жана берсін үйге кіріп,
Алысқа жетектесін сүйген үміт.
Мінеки, өз дегенін істеді өмір,
Ақыры бір аруға үйлендіріп.
Баяғы балалықтан алыстадың,
Жастықтың жатырқарсың таныс бағын.
Жігіттің еркіндігін өзің інім,
Азаттың қолына әкеп табыстадың.

Жалғыз ең екеу болдың, жоғалмайсың,
Балалық бал күніңе оралмайсың.
Бойдақтықтан сен азат болғаныңмен,
Бостандықтан енді азат бола алмайсың.

Бойдақ күні қош болсын боз аттының,
Өтіп жатыр бір тойың ғажап бүгін.
Құтты болсын,  жақсы інім, көгершінім,
Құтты болсын сонымен азаттығың.

Жұрт сүйінер жақсы отау боларсыңдар,
Айтқан сертте мәңгілік қаларсыңдар.
Балаларың көп болсын, екі бала,
Қалғандарын өздерің табарсыңдар...
Құрметпен Тұманбай Молдағалиев.
15 қараша, 1975 ж.» 
Ақын ағаның ниеті мен тілегі қабыл болды. Ұл да, қыз да, немере де бар.
Тұманбай Молдағалиевтің өткен жылы 24 томнан тұратын кітабы жарық көрді. Бұл ұлт руханиятына қосылған құндылық еді. Бір өкініштісі, осы құндылық ардақ тұтқан халқына толық жетті дей алмасақ керек. Себебі, бұл іргелі еңбекті шығаруға ұйытқы болған Тұманбай Молдағалиев атындағы қор еді. Әр томы 1000 данамен жарыққа шықты. Одан түскен қаржы демеушінің қарызын да өтей қоймаған шығар?! Ұлы ақынның ұлы мұрасына мемлекеттік деңгейде көңіл аударып, ең болмағанда кіндік қаны тамған облыс пен аудан көтеріп жатса – құба-құп болар еді. Әлі де мұны жұрт болып ойлансақ артықтық етпейді. Бұл томдар ақынның екінші өшпес өмірінің мықты тұғыры, тұманбайтанушылар үшін таптырмас жәдігер десек, қателеспейміз.
Тұмағаң мұрасы 24 томмен шектелмейді. Замандасы Қадыр ақын: «Тұманбай Молдағалиев – өте өнімді ақын. Қашан көрсең де миуа жемісін көтере алмай, бұтақтарымен жер тіреген алма ағашы сияқты. Оның беріп үлгергенін жинап үлгермейтін кездеріміз де болады», – деген еді. Шынында, Тұмағаңның қазынасын зерттеп, зерделей алсақ әлі де жетеді. Болашақта сол қазынаны жинап, шып-шырғасын шығармай жариялауды жүйелі түрде іске асыру керек деп білеміз. Ол үшін ақынның бүкіл жазбаларын бір арнаға түсіру керек. Тұманбай оқуларын қолға алып, оны елдік іске айналдырсақ, ақын абыройы арта түсері ақиқат. Мұны бір ыждағатты адам, адал қол қолға алса қазақ руханиятына қосылар жауһар аз емес. Бұл заман өтеді де кетеді, бірақ ұлылық қалады. Сол ұлылыққа көп сылтауларды көлденең тартпай, біздің көрсетер қызметіміз аз емес. Егер осыны тиімді атқара алсақ, кейінгілер жалғастырып кетері сөзсіз.
Тел қоңырдай қатар жүрген Қадыр Мырзалиевке Жайық жұрты бір емес екі ескерткіш тұрғызып, Орал қаласында жаңадан салынып, пайдалануға берілген орталыққа есімін берді. Ал Заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлына маңғыстаулықтар керемет кешен тұрғызуды қолға алды. Тұмағаңа ондай қадам енді басталды.
Жыр дүлдүлі Тұманбай Молдағалиев туралы алда әдебиеттің екі алыбы Зейнолла Қабдолов пен Әбіш Кекілбайұлының пікірлерін келтірдік. Тұма жырдың Тұмағасы туралы ағалары, замандастары, інілері берген баға ұшан теңіз. Оның өзі бір том кітап болғандай. Солардан мысал келтіріп көрелік. Бұл Тұмағаңды терең танып білуге септігін тигізері ақиқат.
Ұлы Мұхтар Әуезов:
«Тұманбай Молдағалиев өлеңдерінің ішінен «Алматы таңы», «Көктем», «Асыл ұстазға», «Немере сыры», «Хат» деген өлеңдері ұнатып оқыған шығармалырым», – десе, ұлы Сәбит Мұқанов: «...Кейінгі жылдары қазақ поэзиясының аспанына жарқырай шыққан жұлдыздардың бірі – Тұманбай Молдағалиев», – дейді. Ал сыйласқан, сырласқан Әбділда Тәжібаев ағасы: «Сөйтіп, Тұманбай Сәкен ағасы ашқан сыр сандықты ашушылардың, сым пернені басушылардың бірі», – депті. Мұзафар Әлімбаев: «Өнерімен асқан, шұғыла шашқан, сара сөздің сардары, ел-жұрты ұлы талант деп таныған Тұманбай өлеңі төгіліп тұрады. Тау бұлағының ағысындай табиғи, заңды, әрі екпінді, лепті, әрі таза, мөлдір. Кідіріссіз, мүдіріссіз, сүрініссіз. Шыншыл, бүкпесіз, ашық-жарқын. «Осы жалған-ау, әй қайдам?!» дегізбейді», – деп тамсанса, «Тұманбай секілді ақыны бар қазақ поэзиясы  – бақытты поэзия. Қашанда оның бақытын жасайтын осындай-осындай ірі ақындар ғой», – депті Ғафу Қайырбеков. Мұқағали Мақатаев: «Тұманбайдың лирикалық кейіпкерлерінің жүрегі – қылау түсе қоймаған сәбидің мінезіндей. Несін де болсын жасырмай жайып салады, қалтарыс-бұлтарысы жоқ... Тұманбайдың ақындығының өзі оның сенгіштігінде. Қуана да, күйіне де білетіндігінде. Өзін-өзі саралай зерттеушілігінде», – депті. Сол секілді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тұманбай Молдағалиев қазақ поэзиясының бағына біткенін талант екенін айтып: «Халқымыздың аса көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұманбай Молдағалиев... Қазақ елі «Тұмаш» деп еркелеткен ардақты азамат, ұлттық поэзиямыздың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, жыр алыптарының үркердей тобына жататын санаулы қайраткерлердің бірі... Сезім мен нәзік лириканың теңдесіз шебері Тұмағаңның өлеңдері көптеген жүрекке өшпестей жол салғаны шүбәсіз. Жан дүниеңді үйіріп, рухыңды асқақтата білетін шыншыл да, тәкаппар поэзия бұл күнде ұлттық мәдениетіміздің алтын қорына, халқымыздың рухани байлығына айналды. Қаламгердің өнегелі өмірі, жарқын бейнесі, ғибраты мол өміршең өлеңдері өшпейді деп білемін», – дейді.
Осының өзінен-ақ ақынның алып тұлғасы көрініп тұр емес пе?! Мұндай ақынға қандай құрмет жасаса да жарасары хақ.
Ардақты жыр иесі:
«Көзімді қуантатын шуақ мүсін,
Өлшеусіз екен сенің қуат-күшің.
Өлсем мен өлермін-ау ажал жетіп,
Ешқашан өлмейтұғын сияқтысың», – деп өлтірмейтін өлеңін қуат тұтады. Бұл мәңгілік махаббат жыр иесінің ақиқат сөзі десек, артық айтқандық болмайды. Оның ұлтқа еткен қызметін, енді өлеңі жалғастырады. Мәңгілік деген осы емес пе?
Иә, ұлы ақын Тұманбай Молдағалиев:
«Жырым мені ешқашан өлтірмейді,
Әнім мені алысқа жетелейді», – деп еді. Сол айтқаны шындыққа айналды. Бүкіл адамды сүйген жүрегінен шыққан жырлары халық көңілінде бүр жарады.
«Байқамайсың күн-дағы қабақ ашып,
Кетті менің күлкіммен араласып.
Қырда  менің бір тойым өтіп жатыр,
Көңілімнің көкпарын ала қашып», – дегені бар еді. Бұл да ақиқат. Тұманбай Молдағалиев дәуірінің екінші кезеңі енді басталды. Алда келтірген төрт жол өлеңінде ақын соны болжап, меңзеп кеткен секілді. Ендігі жерде Тұма талант Тұмағаң дәуірі өмір көшінің алдыңғы легінен табылып, тарих бетінде, миллиондаған толқын-толқын ұрпақтың ой-санасында жаңғыра береді.

Сүлеймен МӘМЕТ,
журналист-жазушы, 
«Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері.