ДАНАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ ДӘРІПТЕЛДІ

Уақыты: 19.09.2023
Оқылды: 599
Бөлім: РУХАНИЯТ

Кітап оқудан тыйылу – ой ойлаудан тыйылу екенін ұққанымыз жөн. Өренің биік болмағы ізденуге байланысты. Ал, іздеген нәрсең осы бір асыл заттың ішінде  қатталып жатады. Оның қадірін бабалар «Даналықтың қазынасы» деп бекер биіктетпесе керек. Осы орайда Талдықорғанда «Kitap Time – 2023» ІІ жалпы республикалық кітап  фестивалі өтті.

Айтулы шара облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханада ұйымдастырылды. Жиынға қала колледждері білімгерлері мен мектеп оқушылары, ақын, журналист  Қуат Қайранбаев, Гүлбақыт Қасен және Қазақстан Жазушылар одағының Жетісу облыстық филиалының төрағасы Жангелді  Немеребай қатысты.

Фестиваль барысында 2023 жылғы мерейтой иелерінің кітаптарына арналған «Кітап-дефиле» өткізілді. Онда Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабай, Сұлтанмахмұт Торайғыр сынды ұлы тұлғалардың шығармалары насихатталды.

Шара жас ақындар мен  оқырман арасын байланыстырған «Поэзия Тіме» атты кездесумен жалғасты. Ақындар кітап жөнінде ой толғап, өз шығармашылығынан өлең оқыды. Кітап сүйер қауымның сауалына жауап берді.

Сондай-ақ, фестиваль аясында оқырмандарға  арналған «Сирек кітаптар және бабалар аманаты» атты ашық диалог жүргізілді. Онда Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы, журналист Қажет Андас жас буынға тарихи деректер туралы ақпар берді.

Оқырмандар жиында «Кітап – әлеміне саяхат» атты көрмемен танысты. «Art-vision» қолөнер шеберлері мен суретшілер павильонын тамашалады. Сонымен қатар, «Kitapland Travel» атты викториналық ойындар ойнады. «Biblio sport» алаңында тоғызқұмалақ және шахмат турнирі өтті, робототехника инклюзивті ойындары ұйымдастырылды.

Медет ЖҰМАБАЙ