Қазақ қаһармандарының үлгісі

Уақыты: 05.01.2018
Оқылды: 1842
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұлттық сананың түп негізі тарихи санаға телінген. Яки туған тарихымыз – таным атаулының атасы. Әдетте Жетісу жұртшылығы даңқты бабаларымыздың Орбұлақтағы ерен ерлігіне ертеден қанық еді. Бодандық тұсында бұл турасында жазып-сызуды айтасыз, жариялай айтуға тіліміздің күрмеле бергендігі баршаға аян. Азаттық алып, алғашқы Президентіміз қазақ тарихында қазақ ұялатын ешнәрсенің жоқтығын алға тартқанда ғана ақтаңдақ құрсауындағы Орбұлақтың тұсауы кесілді. Осылайша 2003 жылы Үкімет қаулысымен Орбұлақ шайқасының 360 жылдығы Жаркент өңірінің Белжайлау алабында толыққанды аталып өтті. Біртуар Әбіш Кекілбаевтың сол салтанатта қанаттана басты баяндама жасағаны күні кеше ғана сияқты еді-ау, беу, дүние! 

Несін айтасыз, 1635 жылы құрылған Жоңғар хандығының ә дегеннен-ақ бейбіт жатқан елімізге қырғидай тиюі ғасырдан асқан ұлт азаттық күресімізге алып келді. Десек те, аталмыш қырғынның дәл осы мезгілде басталуының мынандай бір қисыны да бар еді. Атағы мәшһүр Есімханның ұлы Жәңгір сұлтан аңдаусызда жоңғарлардың қолына түсіп қалады. Ертеден белгілі, ханзаданың жау тұтқынына айналуы намысқа тиер жайт. Тосын хабармен құлақтанған еліміздің тұтқалы тұлғалары дереу оны қайтарудың амалына көшеді. Ұзын мұрт Ұзақ батыр Бұрайке деген қырғыздың қызына үйленген көрінеді. Соның көмегімен еліміздің хас батырлары қырғыздармен байланысады да Саты деп аталар мекенде кісендеулі күйде отырған ханзаданы түн қараңғылығын пайдалана құтқарып алады. Оған қоса қонтайшының әйелін де өңгеріп әкетсе керек. Бұдан кейін шорт кеткен Батыр қонтайшы қырғыздарды тікелей шабады. Міне, сол жолы он мың қаралы қырғызды тұтқындап қайтар жолда Орбұлақта күнібұрын тарс бекініп жатқан Жәңгір сұлтанның аңызға айналған аз ғана сарбаздарының торына өздері екпіндете келіп дөп түскен. Мыңғырған қолына сенген ол ор-бекініске шабуылды үдете түседі. Жәңгірдің жарты қолы қарсы жақтың ту сыртын айнала найзағайдай жарқылдай лап қойып, білтелі мылтықтарымен үзбей оқ жаудырған сәтте жоңғарларың жаңқадай жан-жаққа ұшса керек.
Өшпес ерлігіміздің жылнамасын арғын Ағынтай, Қомпай, найман Көксерек, Бөдес, шапырашты Қарасай, төртқара Жиембет жырау, қаңлы Сарбұқа, суан Елтінді, дулат Жақсығұл, қырғыз Көтен мен Табай сынды батырлар жазған еді. Осылайша сайын далада бытырап жатқан қазақтың бауырмалдығы мен бірлігінің жұлдызы жарқырай бір жанған еді! Салқам Жәңгір болса әкесі Еңсегей бойлы Ер Есімнің ерлік жолын қайталай жаңғыртып, қайтпас қайсар халықтың рухын ақ әлемге паш етті! 
Сонымен бүгінгі Жаркент жерінде өткен Орбұлақ шайқасы, Елбасымыз атап көрсеткеніндей, қаһармандықтың шынайы шежіресіне айналды. Сол 1643 жылы жазғасалым жоңғарлық Батыр қонтайшының 50 мың қолымен жөңкіле жеткені де рас. Моғол үстіртінде мұншама қолды табан астында жасақтау ежелгі үрдіс. Арғы тарихымызға зер салсақ, бала шақтан дос-жар пейілдегі Темірші мен Жамұқа әу баста тайпаішілік қақтығысқа түскеннің өзінде екі жақтан 30 мыңнан астам сарбаз ойнақтап шыға келмеп пе еді?! Алды-артын жинақтап үлгермеген Салқам Жәңгірдің («Қашар ма жаудан мен салқам». «Қобыланды батыр» жыры) 600-ақ әскермен қарсы тұрып, алғашқы бетпе-бетте 10 мың жау қолын жер жастандырғандығы да шындық! Өйткені өзі тұтқында болған шақта Жәңгір хан жоңғар әскерлерінің тактикасын әбден зерделеп алған еді. Шайқас шебіне кішкене өзеншесі бар тау арасын қолайлы деп тауып, әскерін «ор қазу» әдісіне жедел машықтандыруы да сол себептен. 
Осы орайда зерделі ағамыз Бексұлтан Нұржекеұлы тақырыбымызды былайша тұздықтайды:
– 1643 жылғы бұл соғыс – ерекше соғыс. Қазақ қазақ болғалы ор қазып, оқпана жасап бұлай шайқасқан емес. Орын алған жағдайға байланысты қазақ қолбасшылары тың әдістерді ойлап тапқан. Жердің ыңғайына қарай әскери тәсілдерді қолданса саны өздерінен ондаған есе көп жау жасақтарын тосқауылдауға болатынын іс жүзінде көрсеткен. «Жаным – арымның садағасы» деген бабаларымыз халық үшін басын бәйгеге тіккен. Сонымен қатар Орбұлақ жеңісі – бауырмалдық пен сенімнің ұлы күшінің көрінісі.
Қазақтар қалмақ жасағында 50 мың адам бар екенін өте жақсы білді. Бірақ ешкім жан сауғалап ыққан жоқ. Барлығы бір байламға тоқтады, бір мақсатқа тастүйін бекіді.
Жазушы-тарихшы айтса айтқандай-ақ, бұл шайқас ел бірлігі мен намыс-жігерінің шынайы көрінісіне ұласты. Соғыс үстінде ор қазып қорғану, жер ыңғайын, сондай-ақ адам мен жан-жануардың тынысын бітеп, уландырар Сасық текенің түтінін оңтайлы пайдалана білу секілді айла-тәсілдер мұратқа жеткізді. Үміт отын жандырды. Ертеңгі күнге талпындырды. Әрине, Жәңгір сұлтанның досы Самарқанның билеушісі Жалаңтөс баһадүр қолының көмекке дер шағында жетуі жеңістің бас қазығы еді!
Үкімет ұйғарымымен ұйымдастырылған Орбұлақ шайқасының 360 жылдығы, несін айтасыз, елдік рухымызды асқақтатып-ақ жіберді. Сол тұста оқиға болған орынға бәкене ескерткіш тас орнатылса, 2017 жылы Алматы облыстық әкімдігінің мұрындық болуымен бұл тас еңселі түрде жаңғыртылды. Сол шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, блогерлер мен тарихшы, өлкетанушылар шақырылып, аталмыш тақырып жан-жақтылы насихатталды да. 
Белжайлауға соңғы рет өткен жазда Бексұлтан ағаның шақыруы бойынша барған едік. Бұл сапардың жөн-жосығы тіптен ерек. Заң саласының ірі тұлғаларының бірі, қоғам қайраткері, қызмет бабымен барған өңірлерінде әмісе руханиятымыздың шырағданын жарқырата жағып жүретін Бекет Тұрғараев есімді бекзат перзент Салқам Жәңгір және оның сарбаздары қаза тапқан жерге белгітас қояды екен деген жайдармен хабар көңілімізді көктем аттырып жіберген. Қонақтарды Жаркент шаһарында шұрқыраса қарсы алдық.
 Сөйтсек, Бекет Тұрғараев мырза осының алдында ғана Орбұлаққа келіп кеткен екен. Жол бойы зиярат ету үстінде әлгінде айтылған Салқам қорымының ашық-шашық, қоршаусыз, қорғаусыз жатқанын көріп, жаны жабырқайды. Көп ойланбастан осы мекенді аумағымен қоршатып, ескерткіш тас орнатуға шешім қабылдайды да дереу іске кіріседі. Арнайы мамандар жібереді. Бір ай мерзімге жетер-жетпес уақытта дөңгеленіп қалған шаруаның нәтижесі болса, мінеки, көз алдымызда. Бекеңнің бұған қоса киелі Қазығұртта Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс баһадүрге үлкен ескерткіш орнатқалы жатқандығынан да жол үсті хабардар болдық!
Осылайша көптен бері көпшіліктің көңілін күпті етіп жүрген бір рухтық шаруасы өз орайымен арнасын тапты. Қашанда келіп, кетіп жүрген қонақтар Орбұлақтың алдында шамамен он шақырымдай жердегі Үсенсаздан өтеді. Ал бұл арада Жәңгір ханның қаза тапқандығы белгілі. Оның оң жақ қапталында сол жолғы ұрыс үстінде жарық дүниемен қоштасқан қарулас серіктері жатыр. Барлығын қоса есептегенде алпысқа жуық сарбаздың бейіттері орын тепкен. Иә, бұл арада 1653 жылы жоңғарлар қайталай соғыс салады. Біздің қалың қолымыз оларды Үйгентас белінде тосып алады. Алапат күрес үстінде сарбаздарын бастап, жасындай жарқылдап жүрген Жәңгір хан қапыда қалады. Әйткенмен, жаужүрек сарбаздар бұл жолы да жоңғарларды еттей турап, ешкідей бақыртқан еді. Ініне қайта тығылған олардың көпке дейін үні де шықпай қалғандығын кәрі тарих таңбалай куәландырып тұр.
Орбұлақ шатқалындағыдай шайқас адамзат тарихында жоққа тән. Бұл ретте тек спартандық патша Леонидтің 300 жауынгерінің басқыншы парсылық Ксеркстің 80 мыңдық армиясынан тау мен теңіз арасындағы тар өткелді қорғап қалуын ғана мысалға алуға болады. Ал сол 300 гректік спартандығыңыздың атақ-даңқы жер-жаһанға мәшһүр. Қаншама кітап жазылды, поэмалар туды, спектакльдер қойылды. Голливудте екі бірдей көркем фильм түсірілген. Леонид патшаңыз Грекияның ұлттық батырына айналды. Біз болсақ, сол әлі де «ештен кеш жақсының» күйімен жүрміз. Дегенмен, Орбұлақ шайқасын мәңгілік есте қалдыру, жастардың патриоттық сезімін алаулату мақсатында ел көлемінде бірқатар шаралар атқарылуда. Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында Талдықорған қаласында облыс әкімі Амандық Баталовтың бастамасымен үлкен театрландырылған көрініс көрсетіліп, жұртшылықты бір серпілтіп тастады. Оған отандық өнер шеберлерімен бірге голливудтық актерлердің де атсалысуы өзінше бір ғанибет. Енді әлемге паш етерлік деңгейде тарихи фильмдерді қолға алар уақыт жетті деп білеміз.
Бұл ерліктің басты мәні, бытыраңқылықтан арыла алмай жүрген қазақ ұлысының ортақ жауға қауымдаса қарсы тұра білуінде. Өйткені Жәңгір сұлтан қазақтың барлық өңірлерінің атақты би-батырларымен, Бұқар және Хиуа хандықтарымен тығыз достық байланыста еді. Билікті Түркістан қаласында тұрып жүргізетін. Сонау Самарқаннан Жетісуға дейінгі байтақтан аз ғана уақыт аралығында жиырма мың қолдың түзіліп келуі соның айқын айғағы.
Жалпы, Жәңгір ханның есімі оның сұлтан шағында-ақ елдің аузына алынады. 1643 жылғы шайқас шағында Жәңгір сұлтан дәрежесінде болатын. Мауереннахрдағы аштарханилық әулет өкілдерімен бірлесе жүргізген ойраттармен соғысы жеңіспен аяқталды. Ағасы Жәнібек ойраттармен кезекті бір қақтығыста қаза тапқан соң, он жетінші ғасырдың ортасына таман хан тағына отырған ол көршілес елдермен қарым-қатынас орнатып, сыртқы саясатты шегелей түседі. Шығыс Түркістандағы шағатайлық әулет – моғолдармен елшілік алмасып, көптеген уағдаластықтарға жетеді.
Енді осы арада Жәңгір ханның өмірдерегін назарларыңызға салсақ дейміз. Түп атасы – Шыңғыс қаған. Екінші мыңжылдық адамының тұлабойы тұңғышы Жошы ханнан бастау алады. Одан Орда-ежен – Сартақтай – Қоныша – Баян – Сасықбұқа – Ерзен – Шымтой – Орыс хан – Қойыршақ – Барақ хан – Жәнібек хан (Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі) – Жәдік сұлтан – Шығай хан – Есім хан – Жәңгір хан болып жалғасады. Тарихи деректер Салқам Жәңгірдің – Аппақ сұлтан, Тәуекел сұлтан (Тәуке, Әз Тәуке) және Уәлибақи есімді балалары болғандығын алға тартады.
Елімізде тәуелсіздік таңы атқалы бергі белесте тарихи, философиялық, әлеуметтік ойлау көкжиегі тіптен өрістеген. Талапшыл халық өткеніміздің бүге-шігесін бұлталақсыз бар қалпында білгісі келеді. Дұрысын айтсақ, дәл қазір отандық тарихымыздың, мұның ішінде Орбұлақ шайқасының да ақтұма көздері көп ұлғайды.
2018 жылы отандық тарихымыздың шоқтықты асуына саналар Орбұлақ шайқасының 375 жылдығы бұған дейінгіден де мазмұнды аталып өткелі отыр. Ендеше, Жаркент өңірі жұртшылығының ширек ғасырдан бері жоғары билік орындарынан Панфилов ауданын Орбұлақ ауданы деп атау туралы өмірлік өтініштерінің де орындалар сәті туған секілді.


(«Егемен Қазақстан», 29 желтоқсан 2017 жыл).


 

Әміре ӘРІН,

Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, 
Қазақстанның Құрметті журналисі.