Ғасырлар бойы азаттықты, мемлекеттікті аңсап өткен халқымыз қаншама зобалаңды, зорлықты көрсе де елі үшін жанын қиған азаматтарын еш ұмытқан емес. Тіпті, алтын ожаумен ас беріп, сабына қарауыл қойған кеңестік кезеңнің өзінде атын айтуға тыйым салынған ұлдарын үнсіз ұлықтады. Солардың қатарында қасиетті Қарадала өңірінде қалмақ батыры Шонжының басын алып, туған жерін басқыншылардан азат етуге үлес қосқан Әлмерек абыз Жаншықұлы бар.
Алыстан көз тартатын алып ескерткіштің авторы Елдос Бексұлтанов туындысына сәйгүлікке сүйеніп, алысқа көз салған абызды кескіндепті. Басындағы мұрағы, үстіндегі шапаны, беліндегі қылышы, қолындағы қамшысы ақсақалды қарияның тағдырдың санқилы соқпағынан өткенінен хабар беріп, жан серігі тұлпарына ғана сенген парасатын айшықтай түседі. Ауыздығын шайнап, тұяғымен жер тарпыған есті жануардың адамның асыл тірегі екенін еске салады. Ақ білектің күшіне, ақ найзаның ұшына сенген жаугершілік замандардан аман өткен қазақтың ұрпағы келер ғасырларда білімнен, ілімнен, ғылымнан ризық табарын айтқысы келетін мүсін көрушісін түрлі ойға жетелейді.
3 метрлік биік төбеге орнатылған 5 метрлік тас тұғырға тұрған ескерткіштің биіктігі 7 метр 40 см. Сонда барлығы 15 метрден астам биіктікте асқақтаған мүсіннің өзін қоладан жасауға 250 миллион теңге жұмсалыпты. Бұл қаражатты «Әлмерек баба» мәдени-тарихи қоры көтеріп алған. Ал, ескерткіштің айналасын абаттандырып, саябақ жасауға бюджеттен 438,6 миллион теңге қарастырылған. Құрылыс жұмыстарын «Кернеу-К» ЖШС орындап шыққан.
Ескерткіштің салтанатты ашылуына қатысқан Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахым, белгілі меценат Стахан Белғожаев, ақын, қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин, Алматы облысының бұрынғы әкімі Серік Үмбетов, Алматы облысының Құрметті азаматы, ел ағасы Наурыз Қылышбаев, Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов сынды тұлғалар көпшілікті айтулы күнмен құттықтап, Әлмерек абыздың өмір жолына тоқталды.
Бұдан соң аудан орталығындағы Мәдениет үйінде «Әлмерек абыз Жаншықұлы және Қарадала өңірі тарихы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция аясында абыз, әулие Әлмерек Жаншықұлының өмірін жырлаған ақындар мүшәйрасынан үздік шыққан авторлар қаржылай сыйлықпен марапатталды. Атап айтқанда, республикалық мүшәйраға күллі Қазақстаннан барлығы 65 шығарма түсіпті. Олардың 9-ы поэма, 13-і баллада, 43-і арнау өлең. Солардың ішінде ақын Алмас Ахметбек-ұлының «Мың жылдық мұрат» атты поэмасы бас жүлдені, ақын Кәдірбек Құныпияұлының «Абыз баба – аңыз баба» атты триптихы 1-орынды алды. ІІ орынға Әсел Оспанның «Баба рухын іздеу» атты толғауы және Толыбай Абылаевтың «Әлмерек абыз ғибраты» атты балладасы лайық деп танылса, ІІІ орынды Әбдіғани Бәзілхан-ұлы, Асыл Сұлтанғазы, Майра Қуанышқызы өзара бөлісті. Одан бөлек ынталандыру сыйлықтарын Айдана Бейсен, Ержан Алаштуған, Достық Тілеубергенов еншіледі.
Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабулдинов ашып, жүргізіп отырған ғылыми-тәжірибелік конференцияда Нәбижан Мұхаметханұлы, Бүркітбай Аяған, Берекет Кәрібаев, Шәмек Тілеубаев сынды елімізге белгілі тарихшылар кезекпен баяндама жасап, Әлмерек Жаншықұлының қайраткерлігіне, батырлығына, даналығына, кісілік келбетіне, өмір жолы мен ерлік істеріне, ұрпағы мен үрім-бұтағына қатысты тың деректерді таныстырды. Көршілес Қытай мен Ресей архивінде Кетпен тауының етегінде жатқан Қарадала өңірінің тарихына байланысы бар мәліметтерді жайып салған ғалымдар Цин империясының қысымымен жер аударылған тараншылар мен дүнгендердің Жетісу өңіріне мекендеуінің басты себептерін тәптіштей түсіндіріп өтті.
Жиын соңында абыз, әулие, баба Әлмерек Жаншықұлының рухына арнап Құран оқылып, ас берілді.
Мәди АЛЖАНБАЙ