Тағылымы мол туынды

Уақыты: 09.06.2024
Оқылды: 1506
Бөлім: РУХАНИЯТ

Белгілі жазушы Қанат Қайымның «Патшалар алқабына саяхат» атты кітабын зор қызығушылықпен оқып шықтым. Кітап аңдатпасында айтылғандай, Берен атты бала атасы Әбдеш және көлік жүргізуші Епекей атасымен жазғы демалыс уақытында Алматыдан сонау Тарбағатай тауы етегіндегі археологтар мекені Елеке сазы жайлауына сапар шегеді. Жол ұзақ, ұшы-қиыры жоқ кең дала бірде мұнартып, бірде сағым болып, далиып кеңінен көсіліп жатыр.

Қандай ұшқыр көлік болса да лезде жету мүмкін емес. Бұл жолсапарда Алматы, Жетісу, Абай облыстарын басып өтпекші. Мұндайда «жол қысқарсын» деп әңгіме айтудан басқа ермек жоқ. Әңгіме айтушы – атақты тарихшы-ғалым, этнограф, әмбе археолог Әбдеш Төлеубаев, көлік жүргізуші дегені болмаса, Епекей атасы да көкейге түйгені көп, шежірелі қарттың бірі. Екі атасы тарихты тереңнен толғап Беренді таңғалдыруда.

Қанат Қайымның бұл шығармасындағы баяндау тәсілі Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесіндегі үрдісті еске түсіреді. Бейімбеттің шығармасында екі адам салт атпен келе жатқанда, әңгімелеуші адам Шұға бейітінің маңайынан өтіп бара жатып арудың басынан өткен ғашықтық хикаясын, қос ғашықтың мұңды, қайғылы жағдайын майын тамыза әңгімелеп беруші еді ғой. Әрине, ол оқиғадан бері ғасырдан астам уақыт өтті. Заман басқа, таным-түсінік өзгеше. Ол кездегілер атқа мінсе, қазір темір тұлпарды тізгіндеген. Қанат Би-ағаның көркем әңгімелеу әдісін шебер пайдалана отырып, әр елді мекеннен өткен сайын сол елдің тарихын, өңірден шыққан батыр, билердің, атақты адамдарының өмірінен  мол мағлұмат береді. Атақты Қабанбай батыр, оның серіктері болған Шыңғожа, Би Боранбай, Қожагелді жайлы әңгімелері кім-кімге болса да қызықты. Шыңқожа батырдың ерлігін Абылай хан да ерекше бағалаған. Шыңқожа жоңғармен болған ауыр шайқаста қаза табады, Абылай хан батырдың мүрдесін таппайынша жауынгерлерге ол жерден қарыс қадам кетпеуін бұйырады. Бұл жағдай Шыңқожаның Абылай үшін қандай құрметке ие болғандығын көрсетсе керек.

Жолсапарда Әбдеш атасының бастауымен, Епекей атасының қостауымен Ақсуат өңірінен шыққан әулие Ырғызбай ата, Жәкула, Мүрсәлім болыс, Қисық Тезекұлы, Құлақай қу, Жәнтікей, Құнанбай қажының сыйласқан адамдары Кенжалы би, Тана мырзалар жайлы қызықты әңгімелердің тиегін ағытады. Тіпті ары қарай тарих қойнауына тереңдеп барып, көне дәуірдегі Шілікті, Елеке сазындағы сақ қорғандары мен обаларға да шолу жасап қайтады.

Романның тілі жатық, оқиғалары тартымды. Оқырман ел тарихынан, өңірдің белгілі, көрнекті би-шешендері мен даңқты батырлары өмірінен мол мағлұмат алып, өткен дәуір тылсымына үңіліп, ата-баба мол мұрасынан тағылым алғандай болады. Бойыңда туған жерге деген сүйіспеншілік сезім оянып, ата-баба дәстүріне деген құрметің арта түскендей сезінесің.

Шығарманы оқи отырып көкейге түйген бір ақиқат – ата мен немеренің өзара сұхбаттасу дәстүрінен ажырап кетуі. Автор осы үрдістің сақталуын құптап, ата дәстүрдің сақталуын қалайтыны байқалады. Расында да, ата-әже мектебі қазақ қоғамының тірегі емес пе?! Абайды ертегі, жыр айтып, рухани жағынан өсірген Зере әжесі емес пе? Мен де зерделі әжелер мен шежірелі қарттар көп болсын демекпін. Сонда Берен сияқты отансүйгіш, саналы жастар көбейе береді. Бұл шығарма оқырманға берері көп, тағылым алар, тәрбиелі істерге үндейтін құнды туынды екені даусыз.

Дәулетхан РАҚЫМЖАНОВ,
зейнеткер ұстаз