АЙТЫСТЫҢ АЙМАУЫТЫ

Уақыты: 27.06.2024
Оқылды: 1443
Бөлім: РУХАНИЯТ

Өткен ғасырларда қазақ әдебиет жақсы дамыды. «Әдебиет әлемді құтқарады» дегендей сөзден маржан терген талант иелері, хат, жазу танымаса да қарапайым өнер адамдары халық ауыз әдебиеті арқылы руханиятты өрісті етті. Сол үрдістің арқасында мағынасы ескірмеген рухани мұралар ғасырдан-ғасырға жалғасып, сақталды. Көнеден келген халық ауыз әдебиеті әр салада, түрлі жанрда дамыды.

Жоғарыда атап өткеніміздей, халық ауыз әдебиетін қалыптастырудағы үлкен сатылардың бірі – айтыс өнері. Айтыстың ерекшелігі – заман ағымына қарай түрленіп отырды. ХІХ-ХХ ғасырда бай мен кедейлікті шенеп, теңдікті толғаса, ХХІ ғасырдағы тәуелсіз елдің ақындары жалпы қоғамда болып жатқан жайттарды, әсіресе әділетсіздікті баса айтты. «Бас кеспек бар болса да тіл кеспек жоқ» дегендей тіл мәдениетінің тазалығын сақтап қалуда көптеген зиялыларымыз күресіп бақты.

Айтыс дегенде аса қадірлі ақын ағамыз Жүрсін Ерман ойға оралады. Тәуелсіздік алып, қолымыз аузымызға жеткен заманда ұмытылып бара жатқан көне өнеріміз айтысты қайта жандандырып, мектеп қалыптастырып, адуынды ақындардың басын қосқан да Жүрсін Ерман еді. Жер-жерді аралап сөз шеберлерін іздестіріп, бір шаңырақ астына жинады. Әсіресе шалғай облыс, аудан, ауылдан талант иелерін тауып, оларды жарыққа шығарды. Айтар болсақ, кешегі Манап Көкенов атамыз бастаған, Надежда Лушникова, Тәушен Әбуова, содан кейінгі Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, Шорабек Айдаров, Есенқұл Жақыпбеков, Айтақын Бұлғақов, Қонысбай Әбілов, Аманжол Әлтаев, Серік Қалиев, одан бері Дәулеткерей Кәпұлы, Бекарыс Шойбеков, Мэлс Қосымбаев, Айнұр Тұрсынбаева, Оразалы Досбосынов, Ринат Зайытов, Балғынбек Имаш, Сара Тоқтамысова  болып жалғасып кете беретін ақындар тізімі көз алдыңызға келеді.

Үлкен буынның айтысы қарапайым болды. Бір-біріне деген құрметі мен сыйласымдылығын әзіл-қалжыңымен жеткізіп, ізеттілік көрсететін жақсы өнер иелері еді. Әрқайсысының өзіндік үйлесімді әуені және айтысу әдісі түрліше болды. Есте қалған Шорабек атамыздың қоңыр дауысымен әуенді созып бастауы болса, Айтақынның аяғымен жер тепкілеп «халайлымдауы», Қонысбай ағамыздың «ай-ай-ай» деген тартымды дауыс ырғағына салуы.  Бәрі де тартымды еді. Жүрсін ағамыз тек ұйымдастырып ғана қоймай әрбір ақынның сөз саптауы мен ұйқасына, мәніне көп көңіл бөліп зерделеді. Себебі додаға түскен әрбір ақынның тағдырына өзі ғана жауаптыдай көрінетін. Олай дейтінім, марқұм Оразалының айтысын өзі мұқият тыңдап, жас болса сөздерінде терең мағына барын бағалаған ағамыз әділ қазылар алқасына қайта қарауды ұсынды.

О баста айтысты көріп тамашаламаған қазақ кемде-кем. Ата-апаларымыз, әке-аналарымыз айтыс басталған уақытта ішкен астарын қоя салып, бізді де отырғызып барлығымыз айтыс көретінбіз. Айтыс арқылы өз облысы, ауданы, ауыл мәселелері көтерілетін. Әзіл-қалжыңмен жетістігін, болмаса шешімін таппаған өзекті мәселелерін ортаға салатын.

Осы орайда ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеудегі Жүрсін ағамыздың еңбегі зор екенін айта кеткен жөн. Себебі айтыстың қайта жаңғыруына  бар күш-жігерін салып бақты. Үлкен бастаманы қолға алып, өзі ұйымдастырып, жүргізуші болып бел ортасында жүрді. Өз басым айтыс өнерінің абызы, арланы деп Жүрсін ағамды атар едім.  

Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсаринның «Жақсы сөз, жақсы ой жақсылықтарға жетелейді» дегенін негізге ала отырып адуынды ақын, айтыс өнерінің жанашырына мықты денсаулық тілеймін. Өнерсүйер халқына айтысын ұсынған ақтаңгердің дертіне жасаған ие шипа дарытып, өнерін өрісті етсін деген ізгі ойымды да айта кеткенді жөн санадым.

Гүлнәр Шегенова,
С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының әдіскері
Фото: madeniportal.kz