Мәдениет үйі есік ашты

Уақыты: 27.06.2024
Оқылды: 1626
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ақсу ауданының Көшкентал ауылында  көптен есігі жабық тұрған Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Іргетасы 1958 жылы қаланған мәдени ошақта талай алқалы жиын өткен.

Алпысыншы жылдары Қапал ауданында мал басы мыңғырып өсіп,  астық қамбаға сыймай өңірдің даңқы дүркіреп,  одаққа танылған. Сол кезде Көшкентал ауылындағы аталмыш Мәдениет үйі аудан көлемінде Сабантой,  шопан тойлары өтетін, жылды қорытындылайтын орын еді.  Мұнда партия, комсомол ұйымдарының  басқосулары өтетін.  Соңғы бірнеше жыл бойы Мәдениет  үйінің тозығы жетіп, төбесінен су ағып,  едені тесіліп, жылу құбыры қирап, жарамсыз болып қалған. Ауыл халқы Мәдениет үйінің пайдалануға берілуін ұзақ күтті.

Мәдениет ошағының  ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Күләйхан Дәулетбекова ауыл тұрғындарын  құттықтап, мәдени шаралардың көптеп өтуіне тілектестігін білдірді.  «Мемлекет тарапынан әлеуметтік салаға үлкен көңіл бөлінуде. Өткен жылы Ақсу ауылдық Мәдениет үйі жөндеуден   өтіп пайдалануға берілсе, биыл Есеболатов, Матай, Арасан ауылдық Мәдениет үйлерінің құрылысы басталды. Сонымен қатар, осы ауылдық округтегі Көшкентал орта,  Көлтабан орталау мектебінің  құрылысы жүргізілуде. Көшкентал орта мектебі жыл соңына дейін  пайдалануға беріледі. Бұл өлке өнер тұнып тұрған орта, Ақын Сара – Біржан сал айтысы соның дәлелі. Алдағы уақытта осы киелі жерден дарынды, өнерлі, білімді жастардың көптеп шығатыны анық», – деді ол.

Келесі сөз кезегін алған облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерғазы Қошанбеков Ақын Сара мен  Біржансалдың айтысы өткен қасиетті топырақта мәдени ошақтың қайта ашылуын жақсылыққа балады. Құнарлы топырақтан әлі талай өнерпаздар шығатынына сенім білдірді. Аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы  Амантай Айтбайұлы осы Мәдениет үйінің ірге көтеруіне ұйытқы болған, өмірден өтіп кеткен аға буынға бас иді. Көшкентал ауылдық Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмысына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 310 млн.  909,0 мың теңге бөлінді.  Мемлекеттік  сатып алу шарты бойынша  «Молықбай Байсақұлы атындағы Ақсу аудандық Мәдениет үйі»  МКҚК мен «Азамат Құрылыс» ЖШС арасында 2023 жылғы 22 ақпанда келісімшарт  жасалынып,  құрылыс  жұмысы басталды.  Бүгінгі күні күрделі жөндеу толық аяқталып, жабдықтар сатып алынды,  әдемі ғимарат пайдалануға дайын. Ауылдағы Мәдениет үйінде 5 үйірме жұмыс істейді. Қолөнер үйірмесін жүргізетін Майгүл Сансызбайқызы өзі жасаған бұйымдарын көрсетті. Тоқыма, шілтер, кесте тігудің шебері екен.  «Жетісу жұлдыздары» облыстық байқауының жүлдегері Нұрбек Мұқатай, республикалық «Терме күйшісі» байқауының лауреаты Дина Ахмет  қонақтарға жеке өнер көрсетті. Мәдени ошақты бірнеше жылдан бері басқарып келе жатқан Сырым Жолдыханов  мемлекеттік шараларды аталмыш ғимараттың алдында өткізетін. Бұл, әрине, тығырықтан шығудың жолы еді. Ауа райы сан құбылғанда киіз үй, шатыр тіккен күндер де болған. Енді қызыл кірпіштен салынған,  екі қабатты Мәдениет үйі ауылдың 1000-нан аса тұрғынына қызмет етеді.

Мәдени ошақтың кітапханасы уақытша басқа жерге көшірілген.  Қорында 16400 кітабы бар кітапхана жарықта кең, залға қайтадан қоныс тепті. Сырым Ескелдіұлының айтуынша,  ғимаратта дабыл қаққыш, бейнебақылау камералары бар. Мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға арналып пандус орнатылған.     

Мәдениет үйі ашылған күні-ақ аудан, ауыл өнерпаздары көрермендерге әннен шашу шашты. Береке-бірлігі жарасқан өңірдегі жайдарман жаңалық көпшіліктің рухани  әлемін кеңейте түсетіні сөзсіз.

       Гүлжан ТҰРСЫН