ПРЕЗИДЕНТ АРХИВІНЕ - 30 ЖЫЛ

Уақыты: 02.07.2024
Оқылды: 1352
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жетісу облысында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің күндері өтуде. Биыл еліміздің игілігі үшін сарқылмас бұлақ болған құжаттарды сақтаған Президенттік архивке 30 жыл толды.  Осыған орай Тіл сарайы ғимаратында «Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің 30 жылдығы» атты өңірлік семинар өтті.


Архив – адамзаттың дүниетанымы мен өсіп келе жатқан өскелең ұрпақтың ұлттық дәрежесінің қалыптасуына негізгі рөл атқарады. Ғасыр өтсе де қоғамдағы және тарихи кезеңдердегі мәліметтерді шаң тигізбей сақтайтын архив мекемелерінің маңызы зор. Ал ондағы қызметкерлер – тарихымыздың тамыры, құнды құжаттардың шын жанашырлары.

Шараға қатысушылар әуелі облысымыздың тарихи құжаттар көрмесімен танысты.  Басқосуды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов жүргізіп отырды. 

Жиын Қазақстан Республикасы Президенті Архиві директорының орынбасары Бақытхан Шайлазымовтың алғысөзімен бастау алды. 
– Архивтерде сақталған әрбір құжат тарих айнасы. Өңіріміздің өткен тарихын білмек болғанда архивке сүйенетініміз анық. Ал келешегімізді де архивтің құзыретіне тапсырамыз.  Сонымен қатар, ел мен жердің тарихын зерттеген жас ғалымдар мен өлкемізді тануға ниеттенген шетелдіктер де архивті пайдаланады. Қысқасы, қай тұрғысынан келсек те,  архивтің өміріміздегі орны ерекше. Тәуелсіз  еліміздің  алға  қарай  даму  сатысында қажетті  құнды  құжаттарымызды  көздің  қарашығындай  қорғау, сондай-ақ оны ел-жұртқа  таныту  және  халықтың  игілігіне айналдыру  архив  үшін  аса  маңызды,  әрі  жауапты  іс екенін естен шығармаған жөн,  – деді ол.

Архив қызметкерлері ел игілігіндегі құндылықтарды аса байыппен сақтап, асыл мұралардың болашақ ұрпаққа қаз-қалпында жеткізілуі және олардың ұтымды пайдаланылуы мен барынша толық зерттелуі үшін қызмет атқарып келеді және сол саланың рөлі мен беделін арттыруда. 

Жиында өңіріміздегі мамандар әртүрлі тақырыпта баяндама оқып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Соның ішінде архив құжаттарын сақтауда инновациялық технологияларды қолдану тақырыбы бойынша архивтік құжаттарды сақтауды қамтамасыз ету, есепке алу және цифрлау қызметінің аға сарапшысы Медет Дүйсенбайұлы, ҚР Президенті Архивінің жинақтау  көздері мекемелеріндегі құжаттардың ведомстволық сақтау жағдайын жетілдіру тақырыбында архив қорын қалыптастыру қызметінің бас сарапшысы Жәнібек Зейнелов, архив жұмыстарын ұйымдастыру бойынша құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру қызметінің басшысы Бөлеген Қасенов баяндама оқыды. 

Шара соңында қатысушылар бір-біріне сұрақ қойып, өз ойларын ортаға салды. 

Қорыта келе, архив елдің деректі мұрасы, өткен өмірдің тарихи құжаттарын сақтайтын мекеме. Архивистің  негізгі  міндеті  құжат айналымын  дұрыстап  ұйымдастырып,  ұлттық  қазынаны  сақтау. Тарих адам  және  қоғам  өмірімен  тығыз  байланыста  екендігін архив  қоймасындағы шаң  басқан  құжаттар шынайы  бейнелеп, сол замандағы атмосфераны сезінуге және қазіргі заманауи өзгерістерді көруге мүмкіндік  беретіні анық.

Айғаным АЙТМҰХАН