Жетісуда «Менің шежірем» атты облыстық байқау өтті

Уақыты: 29.07.2024
Оқылды: 1207
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорған қаласындағы Достық үйінде «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Ақ отауға - ақ бата» форумы аясында «Менің шежірем» атты облыстық байқау өтті.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, байқаудың басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық құндылықтарын сақтап, ата-бабадан қалған мәдени-мұраларды заман талабына сай жаңғыртып, кеңінен насихаттау.

 «Шежіре дегеніміз не?», «Таныстыру рәсімі», «Ата-бабадан келе жатқан дәстүрлер» сынды үш кезең бойынша өткен байқауға жалпы 13-18 жас аралығындағы үміткерлер қатысып бақ сынады.

Шара барысында сөз алған «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Руфина Усанова барлық қатысушыларға сәттілік тілеп, ізгі тілегін жеткізді.

– «Ұлт құндылықтарын ұлықтау ұлы парыз. Бұл байқаудың жастарды патриоттыққа тәрбиелеу бағытында атқаратын маңызы зор. Себебі, жасөспірімдер тарихты, шежірені білу арқылы ұлттық дәстүрлер мен қатынастарды нығайтуға жол алады. Сондай-ақ, олар ата-бабадан қалған мәдени-мұраны құрметтеп, оны заман талабына сай жаңғыртуға өз үлестерін қосады деп сенемін», – деді мекеме басшысы.

Сонымен бірнеше сағатқа жалғасып, тартымды да тартысты өткен байқаудың қорытындысы бойынша өзінің зеректігімен топ жарып әрбір сынан сүрінбей өткен Алакөл ауданының қатысушысы Айым Бұлғынбекқызы бас жүлдеге ие болып 100 мың теңгенің сертификатын жеңіп алса, Талдықорған қаласының сайыскері Асыл Кәкімжанқызы бірінші орынға лайық деп танылып 80 мың теңгелік сыйақымен марапатталды. Сондай-ақ, екінші орын жүдесін еншілеген Ақсу ауданынан келген Әдемі Бауыржанқызы 60 мың теңге, ал, 3 орынға табан тіреген Панфилов ауданының қос үміткері Нұрғали Төлеуханұлы және Нұрсұлу Төлеуханқызы 40 мың теңгеден қаражатты қанжығалады. Сонымен бірге 5 қатысушыға ынталандыру бойынша 20 мың теңгелік сертификат пен арнайы Алғысхаттар табысталды.

                                                               Айдын КӘЛІМХАН