«Ақтайынан» сөзіне аз-кем түсінік

Уақыты: 26.09.2024
Оқылды: 1086
Бөлім: РУХАНИЯТ

Біз әрқашан оқырманға оймақтай ой салуға тырысамыз; жазу барысында жанымыздан сөз қосып, белгілі бір тақырып аясын ауқымды етіп, тереңдетіп көргенімізбен негізгі айтар дүниеден ауытқымауды ұстаным етеміз. Бабалар айтқан, ғалымдар мен этнографтар қозғаған мәселені біржақты ғана ұсынудың өзі оғаш, олқы түсуі мүмкін, сондықтан қос тарапты қамтуға тырысу керек. Бүгінгідей салт-дәстүрді заманға икемдей алмай жатқан немесе бабалардың сүрлеу-соқпағын ескішілдікке таңған тұста кешегілердің қарышты қадамын дұрыс не бұрыс деп айта алмай әлекпіз. Өйткені қоғамдағы кей адам оны қабылдағанымен  көпшілік салмақты ойдың сарасын да түсінуге, тереңдетіп ой таразысына салуға енжарлық танытады.

Әрине, салмақты сөздің сарасы бізден шықпауы мүмкін, бірақ Абай данышпан: «Мақалдап айтады екен сөз қосарлап» деп кешегі ескі билердің сөзін сынағанымен өзін басыбүтін теріске шығармаған. Ал бүгінгідей жаһандық кезеңде әр адам өз күнін күйттеп кеткенін ескерсек, сөздің парқы мен нарқының қаншалықты терең, таяз екенін салмақтаудан қалып бара жатқанымызды жасыруға еш себеп жоқ! Бұл, әрине, Ұлы Дала төсінде жұп және үлкен патриархалдық болып ғұмыр кешкен, отбасы институты өнеге мен өсиетке құрылған құндылыққа теріс әсерін тигізіп те жүр.

Рас, «отбасы» деген сөздің бүгінгі таңда қаншалықты мәнге ие екенін біржақты кесіп айта алмаймыз. Өйткені кісілігі мен кішілігі бойында бар көпшілік үшін осынау құндылық өмірдің басты бағы, қазынасы һәм байлығы болса, кейбір адамға керісінше. Керісінше деп қарастырған жандар үшін жұмыс, жұмыстағы сатылап өсу процесі, жағдай жасау, дүние таршылығынан шығу ең басты мақсаты болып, бала-шағалы, үйлі-күйлі болуды екінші, үшінші санатқа ысыра салады. Біз мұндай адамдарды күнделікті өмірде көріп жүрміз. Осы ретте дәуірлер соқпағы мен дәстүр сүрлеуінен біршама қиыс кеттік деп толыққанды айта аламыз. Жақсылық пен жамандық итжығысқа түскен дәл қазіргі уақытта отбасы институтын кешегілердің ізгілікті ізіне зер сала отырып қайта қалыптастырып, қасаң тартқан тұсын қайта жаң- ғыртуымыз қажет-ақ. 

Қазақ халқы үшін қастерлі болған «отбасы» ұғымы ғылыми тұрғыда да зерттелген, кітап болып жарыққа шыққан. Бұл жағынан алғанда отбасы туралы ғылыми еңбек жазып үлкен атақ алған ғалымдардың бары ойға оралады. Мәселен, ғалым Халел Арғынбаев Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, қазақтың отбасы құндылығы туралы үлкен еңбек жазған. Сол еңбекті бастар алдында әр ауылдағы, өлкедегі ақсақалдарға жолыққан, елдің, рудың көнеден үзілмеген үзік-үзік жосындарын зерттеген, хатқа түсірген. Соның нәтижесінде Кеңес заманында-ақ «Қазақ отбасы» деген кітабын жарыққа шығарды. 

Бүгінге дейін қазақ халқының отбасы құндылығы туралы көптеген еңбек жазылды. Күні кешегі «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен шыққан кітаптар да қазақтың өнегелік өмірінен сыр шертіп, дәстүрін дәріптесе, кейбірі қазіргі қазақтың уақытқа сай адам һәм ерлі-зайыпты болуына нұсқаулық секілді жазылған. Десе де кейбір дүниелер ұғымға жат болып көрінеді. Ал, даналар дәстүріне қарасаң, бір ізгілік нышаны көңілді көктем ететіндей әсер қалдырады. Бұл орайда Қасымхан Бегмановтың «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» кітабындағы Уәхит Шәлекеновтың сырлы сұхбатынан қазақтың бір тың жосынын оқып қалғанымызды, соны оқырманға айшықтауды жөн санағанымызды айта кеткен жөн.

Бұған дейін қазақ отбасында бел құда, бесік құда, қарсы құда деген секілді құдалықтың сан түрі барын айтып, біршамасына арнайы тоқталған едік. Алайда, Уахит Хамзаұлының сұхбатын оқып отырып, құдалықтың бір сипатына қалыс қалдырғанымызды (өзімізге де таңсық еді) айта кеткен жөн. Сөйтсек, байырғы қазақтарда «Ақтайынан құда түсу» деген сөз һәм құдалық түрі бар екен. 

Тарих ғылымдарының докторы, пофессор, соғыс және еңбек ардагері У. Шәлекенов біз атап өткен сұхбатта әлгі құдалық түрін былай деп айшықтайды: «Ақтайынан құда түсу деген бар. Бұл өте ертеде кездеседі. Десек те бұл ең керемет құда түсудің бірі. Екі азамат жас кезінде жорықта, саяхатта, жортуылда жүріп бір-бірімен дос болып, уәделеседі. Екеуміз кейін жар сүйген соң біреумізде ұл, бірімізде қыз туса, құда болайық дейді. Ақтайынан деген әлі үйленбеген осындай достардың уәдесі».

Ғалым адам айтқан осы сөз нанымды әрі қызық. Байырғы бабалар келбеті көзге елес беретіндей. «Кімнің кім екенін білгің келсе сапарға шық» дейтін бүгінде жиі естілетін мәтелді кешегілер, байырғы бабалар өмірде сан рет бастан кешкен ғой. Ел үшін етігімен су кешкен олар адамның асылын сондай тар жол, тайғақ кешу кезеңінде таныды, сол арқылы жастайынан бір-біріне серт берді. Түйсікке томпақ түгі жоқ. Ал осындай құдалықтың түрі бізде ғана емес, қарақалпақ елінде де бар екен. Уахит Хамзаұлы «Қазақ отбасы» еңбегін жаза бастаған кезеңде қырдағы, ойдағы қазақты түгендеймін, олардың жәдігерін жаңғыртып, білген, естіген дәстүрін айшықтаймын деп жүргенде қарақалпақ жұртынан осы құдалық түрін кездестіріпті. Тіпті, сол кезеңнің (өткен ғасырда) өзінде ақтайынан құдалығымен отбасы болған жанұяны кездестірген екен.

Қазақтың сан түрлі құдалығының бірі – «жастайынан» құда түсу. Бұл да «Ақтайынан» деп айшықтаған құдалықпен негіздес, өзектес. Бұған мысалды тарау-тарау тарихтан көптеп келтіруге болады. Мәселен, қазақ, қарақалпақ, моңғол халықтарында кездесетін бұл құдалық түрін айбарлы Шыңғыс хан да бастан өткерген, негізгі кейіпкері болған. Уахит Хамзаұлы: «Мен Шыңғыс хан туралы кітабымда жаздым, Темучин тоғыз жасқа келгенде әкесі Есугей өзінің жолдастарымен аңға шыққан. Аң аулап жүріп қоңырат руына келген. Сол рудың басшысы кездесіп қалып меймандарын ас ішуге шақырады. Ас ішуге келгенде анасының жанында жас қыз отырған. Анасы қызының қалай сусын құйғанын, бәрін бақылап отырады. Осы кезде Есугей үй иесіне: «Құдай айдап сіздің үйге келдік. Бізде өсіп отырған жас жігіт бар. Қасымда отыр. Мұның аты Темучин. Сіздерде жақсы қыз бар екен. Қазақ пен моңғолда сөз бар: «Аяғын көріп асын іш, шешесін көріп қызын ал» деген. Маған шешесі де, қызы да ұнады. Екеуміз құда болсақ қайтеді дейді», – деп жазған. Осынау ойын сабақтай келе Бөртенің Шыңғыс ханға жастайынан құда түсу жоралғысымен қосылғанын да жеткізеді.

Шындығында тарау-тарау тарихтың бәрінде ұлттың құндылығы көрініс тапқан. Біреу үшін тың тақырып, біреу үшін белгілі дүние болған бұларды біз қайталай қозғап, арнайы жазып отырмыз. Өйткені естімеген, білмеген оқырманға бұл да өзіндік олжа болар деп пайымдаймыз.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Фото: elarna.net