«Тұран» сөзі «Тур»-дан шыққан ба?

Уақыты: 09.10.2024
Оқылды: 931
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақтың дәстүрлі танымына сіңген кейбір сөздердің мағынасы әлі күнге көмескі. Оларды ашу мақсатында ғалымдар талай болжамға барған. Бірі бері, бірі ары тартқан. Оқып отырып таңданасың. Мүлдем қызық болжам айтқандар, тәңіріге иланғандай соған өзі сенгендер бар. Тіпті, көлемді жазба қалдырып, індете зерттеп, әлгі болжалды дүниені кітабына түсіріп, баспасөз арқылы қалың оқырманға жолдағандар бар. «Жақсы сөз күлмекке...» дегендей, дәл осы тұста ойыма Бердібек Соқпақбаев және оның біршама сөзге қатысты әзілі оралып отыр. Классик жазушы әлемдегі біршама елдің атауы қазақтан шыққанын, мәселен «Чили» өзіміздің «шиелі», «Жапония» ділмар жұрттың «жапан, ұя» сөзінен алынғанын айтады. 

Күні кеше ғасыр тойы ЮНЕСКО көлемінде тойланған бірегей жазушы Б. Соқпақбаев одан әрі біршама елдің атауын айшықтайды. Бұл әзілге күлесің әрі тапқырлығына қайран қаласың. «Жапан, ұл» деген қазақтың қос сөзі Жапония елінің атауымен үндесіп-ақ тұр. Тіпті, сол ма дерсің. Сенгің келеді, қазақтың сөзінен шықса ғой деп тілейсің. Жазушы секілді бүгінде әлеуметтік желідегі елді назарын аударған шағын хабарларда кейбір шетелдік сөздер мен терминдерге әзілкештер (КВН) шолу жасап жүр. Бірі «үйтсей-бүйтсей» дегеннен мицубиси, «ренжіме повар» сөзінен  рендж ровер маркасы шыққан дейді. Сол секілді әлемнің небір танымал сөзіне шолу жасайды. Күлесің. Айызың қана, рахаттана күлесің.

Хош, қандайлық сөз, сөйлем, атау болсын қазақтың ұғымына жақын болса оны біздікі деп иемдене берудің қажеті шамалы. Бізде онсызда мағынасы қасаң, кейбірі болжам арқылы айшықталған сөз жетеді. Тарихшылар қас пен сақ сөзінен «қазақ» ұғымы шыққан деп жазған. Талас тудырған дүниені айшықтамай-ақ қоялық. Жай ғана иланайық, нанайық, сенейік. Бәлкім, рас шығар?! Ал «Тұран» сөзі ше?

Тұран сөзі «тур» сөзінен шыққан ба? Ойланатын сауал.

Рас, хазақ халқының ұғымында далаға, елге, жерге, атамекен атауына қатысты сан түрлі көркем балама, теңеу бар. Мәселен кеңдігін, дарқан, салқар, ұлан-ғайыр деп айшықтаса, жұртты Тұран даласы, атамекен, Алтын Орда ұлысы, түркі жұрты т.с.с атаумен атайды. Бәріде қазақ үшін қажетті, жып-жылы сөздер. Ешқайсысынан бастартудың керекгі жоқ.

Ал енді заманында құдыретті жырдың қайнарын ашқан, поэзияның алапат тасқынын тулатқан Мағжан Жұмабаев:

«...Тұранның тарихы бар отты желдей,
Заулаған қалың өрттей аспанға өрлей.
Тұранның жері менен суы да жат,

Теңіздей терең, ауыр ой бергендей», – деп жырлады. «Ертеде Түркістанды Тұран дескен, Тұранда ер түргім туып-өскен», – деген небір жалынды тармақ бар бұл жырда қасиетті қазақ даласы мен қаласы туралы ерекше айтылған.

Дегенмен «Тұран» сөзі туралы әр түрлі түсінік бар. Бір ғалымдар бұл «Тур» сөзінен шыққан деп айтып-жазып келеді. Мәселен, «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» 4 томдығында Қасымхан Бегіманов асынау сөзге ерекше мән берген. Уахит Хамзаұлымен болған сұхбатында аталған дүниеге қатысты ғалым пікірін берген. Ал енді У.Шәлекеновтың «Тур» сөзі туралы берген түсінігіне тоқталайық: «Тур – бұл хайуанаттың аты екен, иә, ол сиырдың ежелгі тегі. Мұны біздің көптеген шығыстанушылар «Тұран» сөзімен шатастырып, әлі күнге шейін толық шешімін таппай келе жатыр. С.И. Ожоговтың «Словарь русского языка» атты белгілі сөздігі бар. Ожогов бұл сөзге «Дикий бык с большими рогами, водившийся до ХVII веков в лесах Европы» деп анықтама береді. Еуропада XVI-XVII ғасырға дейін тұқымы сақталған бұқаның атын «Тур» деп атаған. 2005 жылы жарық көрген орысша-қазақша сөздікте  жазыпты: «Тур – жабайы сиыр, мүйізді ірі қараның тегі».  Басқа да сөздіктерде Турдың мәні осылай қаталанып жазыла береді», – дей келе ғалым осынау атауға бола Тұран сөзі шықты деген қисынға келмейтінін ұғындырады.

Біз да осы орайда екі тарам ой айтқымыз келеді. Біріншіден, қазақ, не түркі жұрты сиырды соғыұрлым кие тұтпаған. «Қара жерді көк өгіз көтеріп тұрады, бір мүйізі талса екіншісіне ауыстырады. Сол мезетте жер сілкінеді, зілзала орнайды», – деген аңызы болмаса, сиыр малына қатысты соғұрлым сүбелі дүние кездестіре алмайсыз. Керісінше Сәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» романында сиыр мен оның еті туралы жақсы жазып өткен. «Сиыр етінде иіс болғандықтан қазақтың тектілері, хандары мен ақсүйектері бұл малдың етін жеңсік ас деп те қарамаған. Қадірлі мейманына қойдың не жылқының етін сойып берген», – деген сарында толғамға барады. Расында солай емес пе?

Екіншіден, У. Шәлекенов: «...Сондай да аң болған шығар, бірақ түріктің «Тұран» сөзімен шатастыруға болмайды, екеуі жеке мәндегі сөздер. Алматыда 1977 жылы шыққан Қазақ-Совет энцклопедиясының 2-томында, 186 бетінде жазылған: «Біздің заманымыздан бұрынғы ХVI ғасырында «Тұран» сөзі – Түріктер мекендейтін жер, елдің атауы». Бұл енді дұрыс пікір» – дегеніне біз де қосыламыз.

Айталық, Тұран жұртын Мағжан ақын ғана жырға қосты ма? Соған сеніп, кейбір аталып жүрген, жазылған дүниелерге қарап илана саламыз ба? Жоқ, әрине. «Тұран» сөзі географиялық мәнде болып, тарихи жерлерді қамтыған. Тіпті «Тұран ойпаты» деген географиялық атаулар барын алмағанда, әлемге әйгілі Иранның ғұлама ақыны Фирдаусидің «Шахнамасында» Иран мен Тұран елі ежелден көрші, бір-бірімен достық қарым-қатынаста болғаны баяндалған. Ал бұған не дейсіз, алдияр оқырман?!

Бір айта кететін дүние, шамамен біздің заманымызға дейінгі ХVI ғасырда осы күнгі түрік тілдес халықтар жайлаған Орталық Азия, Солтүстік Кавказ, Таратеңізге дейінгі жерлерді мекендеген этностардың жалпақ даласы «Тұран» деп аталған. Ал Қазақ-Совет энцклопедиясының 11-том, 186 бетінде «Тұран ойпаты» деген ұғым бар, түсіндірмесінде: «Тұран ойпаты Орталық Азияның солтүстік-батысы және Қазақстанның оңтүстік-батысындағы көпшілік бөлігі құмды және сазды, шөлді, жазық, ойпаң өңір» деп көрсетілген. Көрнекті шығыстанушы ғалым Бертельстің «Парсы-тәжік әдебиетінің тарихы» атты зерттеу кітабында да осын дүниелер айтылған. Ендеше, «Тұран» мен «Турдың» түбірі екі бөлек деп танитындар қатарында екенімізді ашық айтқымыз келеді. Оған қоса У. Хамзаұлының: «Тұран» этимологиялық түрік сөзінің түбірі Тұранда тұрушы, Тұранды мекендеуші деген сөзден шыққан болуы керек. Тұран деген сөз «тұрады», «тұрушы» сөзден де алынуы мүмкін» деген ойы хайуан атауынан қарағанда нанымды, сенімді секілді...

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Фото: https://www.youtube.com/watch?app=desktop&v=mwJsU77N9qc